10 желтоқсанда Әзербайжанда Таулы Қарабақтағы жеңіске арналған әскери парад өтті. Өткен айдың басында Армения мен Әзербайжан Таулы Қарабақтағы соғысты тоқтататын келісім жасасып, Ереван Таулы Қарабақтағы жеті ауданды қайтарған.
Бакудің Азаттық алаңында өткен әскери парадқа президент Ильхам Әлиев пен Әзербайжанда сапарлап жүрген Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қатысты. Ердоған Таулы Қарабақ соғысы кезінде Әзербайжанды қолдаған. Салтанатты іс-шара Отан соғысындағы жеңіс күніне арналған парад деп аталды.
Соғысты тоқтатқан келісім қарашаның 9-ынан 10-ына қараған түні күшіне енген. Әзербайжан бұл келісімді ірі жеңіс деп бағалады. Арменияда келісімнен кейін жаппай наразылық тұтанып, оппозиция жақтастары Пашинянның отставкаға кетуін талап етті.
Сарапшылардың айтуынша, Әзербайжан жеңісі Ердоғанға маңызды геосаяси мүмкіндік, себебі бұл Түркияның Кавказда ықпалды ойыншы ретінде рөлін нығайтуға жағдай жасайды.
Парадқа 3 мыңнан астам әскери қызметкер, 150 -дей әскери техника қатысқан. Арасында соғыста қарсыластан тәркіленген қару-жарақ түрлері де бар. Парад кезінде Баку айлағында әскери кемелер маневр көрсеткен. Іс-шараға түрік әскері де қатысқан.
Тараптар келісімге келгеннен кейін Түркия мен Ресей Әзербайжанда мониторинг орталығын құру туралы меморандумға қол қойды.
Ресей шенеуніктері Анкара мониторинг орталығының жұмысына ғана араласады, Таулы Қарабақта түрік бітімгер сарбаздары болмайды деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР