11 желтоқсан күні таңертең Нұр-Сұлтан қаласындағы "Нұр Отан" ғимаратында партияның жастарға арналған "Жас отан" съезі басталды. Оған бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев та қатысады деп хабарланған еді.
Жұма күні таңертең "Нұр Отан" ғимаратының алдында мемлекеттік күзет қызметкерлері, полиция, арнайы жасақ өкілдері жүрді. Мемлекеттік күзет өкілдері ғимарат маңын түсірейін деп жатқан Азаттық тілшілеріне "камераға түсірсеңіздер әкімшілік жазаға тартамыз" деп, ғимарат маңынан жүргізбеді. Әрі-бері өтіп жатқан адамдарға да бұл жақты "айналып өту қажеттігін" айтты. "Нұр Отан" ғимаратының үстінде екі адам бинокльмен маңайды бақылап тұрды.
"Нұр Отан" партиясының баспасөз қызметі жиынға ақпарат құралдарын не себепті кіргізбегенін түсіндірмеді. Жиыннан тікелей трансляция болмайтынын, түстен кейін видео тарататынын айтты. Бірінші президент кеңсесінің баспасөз қызметі де жауап бермеді.
"Нұр Отан" - Қазақстанды 30 жылға жуық басқарып, 2019 жылы наурызда отставкаға кетсе де Қауіпсіздік кеңесі төрағасы ретінде саяси ықпалын сақтап қалған бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын партия.
"Нұр Отан" қазіргі мәжілістегі (парламенттің төменгі палатасы) 107 мандаттың 84-ін алып отыр. 2021 жылы 10 қаңтарда өтетін мәжіліс сайлауына 126 кандидат ұсынған.
ПІКІРЛЕР