Accessibility links

"Әкім мәслихатқа кімді ұсынатынын өзі біледі". "Нұр Отан" партиясынан сайлауға түсудің ерекшелігі


Мәслихатқа кандидатты неге әкім ұсынады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:32 0:00

Мәслихатқа кандидатты неге әкім ұсынады?

Жергілікті мәслихат сайлауына "Нұр Отан" партиясынан түсетін кандидаттардың 30 пайызын партия филиалын басқаратын жергілікті әкім айқындайды. Сынаушылар мұны атқарушы биліктің өкілді органды қалыптастыруға араласуы деп атаса, билеуші партия өкілдері бұл ереже заңға қайшы емес деп есептейді.

"ҚАЙДАН ШЫҒА КЕЛГЕН КАНДИДАТТАР?"

"Мынау тоғыздың Шымкент қаласы үшін не еңбегі сіңді? "Бәрін ашық өткіземіз, бәрінің бағдарламасымен танысасыздар" деп айтқан еді Байбек! ["Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек – ред.] Бұлардың бағдарламасымен қайдан таныссақ болады? Әлде тыныш қана әкімнің құлағына сыбырлап шыққан ба қала үшін не істейтінін? Халық білсін де бұлардың алдын ала берген уәдесін! Әкімнің квотасы деген дүние жойылмай мен бұл сайлауға сенбеймін! Депутат әкімдердің емес, халықтың даусымен сайлануы керек!"

Бұл – Қазақстан президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесі Айгүл Орынбектің Facebook-тегі парақшасына жазғаны. Көпшілікке белсенділігімен танымал Орынбек биліктегі "Нұр Отан" партиясының Шымкенттегі филиалы жетекшісінің (бұл қызметті қала әкімі атқарады) тоғыз адамды жергілікті мәслихат депутаттығына кандидат етіп партиялық тізіммен квота бойынша ұсынғанын сынайды. Тоғыз адамның суреті қоса жарияланған жазба қолданушылар арасында қызу пікірталас тудырды. Бір бөлігі жұрт арасында "әкім квотасы" деген атауға ие болған тізімді сынаса, енді біреулер бұл – саяси партияның өз ішінде шешілетін қалыпты нәрсе деп санайды.

Алдағы жылы 10 қаңтарда Қазақстанда парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар сайлауы өтпек. Бұл жолғы сайлаудың ерекшелігі – мәслихат депутаттары ел тарихында алғаш рет тек қана партиялық тізім бойынша сайланады. Елде ресми тіркелген алты саяси партияның үшеуі – "Ақ жол", "Ауыл" және "Адал" (бұрынғы "Бірлік") съездерін өткізіп, партиядан сайлауға түсетіндердің тізімін бекітті. Өзге партиялар да 30 қарашаға дейін кандидаттар тізімін қабылдап, Орталық сайлау комиссиясына ұсынуы тиіс.

Түркістан облысында белсенділігімен танылған Айгүл Орынбек осы жолғы сайлау процесінің барысын, әсіресе өзі тұратын Шымкент қаласында "Нұр Отан" партиясы өткізген праймеризді (партияның ішкі іріктеуі) жіті қадағалап жүргенін айтады.

– "Нұр Отан" праймеризді ірі саяси науқанға айналдырып, шулатып өткізді. Бірақ одан кейін [кандидаттарды] үнсіз іріктеп жатқанға ұқсайды. Әлеуметтік желіде партия парақшаларын қарап отырмын, бастапқы қарқын жоқ. Ал мына тоғыз адам праймеризге қатыспаған. Аяқ астынан жарқ ете қалды. Әкім ұсынса, демек әкімге тікелей бағынышты болады деген сөз. Қаланың маңызды мәселесі қаралған кезде "мәслихат депутаттары қолдады" дей салу үшін керек, – дейді Айгүл Орынбек.

Ол әрбір кандидат халықпен кездесіп, бәсекелестерімен саяси сайысқа түсуі қажет деп біледі. Орынбек қандай да бір партияның жергілікті жердегі филиалын әкім басқармауы керек деп санайды. Өйткені жергілікті партия ұйымын әкім басқарған соң депутаттар оған қарсы шыға алмайды деп түсіндіреді ол. Мұндай пікірге қосылатын өзге де желі қолданушылар әдетте партияның жергілікті филиалын қоса басқаратын әкімнің мәслихат депутаттығына кандидаттарды квотамен айқындауын атқарушы биліктің өкілді органды қалыптастыруға тікелей араласып, ықпал етуі деп атайды.

"Нұр Отан" партиясы Қазақстанда биліктің барлық тармағына, соның ішінде аймақтардағы билік органдарына үстемдік жүргізіп отыр. Партияны елдің бұрынғы президенті әрі Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билікке әлі ықпал ететін Нұрсұлтан Назарбаев басқарады. "Нұр Отанның" жергілікті филиалдарының басым көпшілігіне аудан, облыс әкімдері жетекшілік етеді.

"Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің айтуынша, 17 тамыз – 17 қараша аралығында өткен тұңғыш праймеризге 10 мың үміткер қатысқан. Праймериз өткізу туралы ережеде аудандық, қалалық және облыстық мәслихаттардың депутаттығына "Нұр Отаннан" ұсынылатын кандидаттардың 30 пайызын партияның жергілікті филиалының басшысы айқындайды деп көрсетілген.

"ПРАЙМЕРИЗДЕН ӨТІП, РЕЗЕРВТЕ ҚАЛУ"

"Нұр Отанның" жергілікті филиалы төрағасының, яғни әдетте атқарушы билікті басқаратын әкімнің мәслихат депутаттығына кандидаттарды квотамен ұсынатынына Түркістан облысының Арыс қаласындағы "Атамекен" кәсіпкерлік палатасының директоры Махамбет Төлебеков те, Арыс ауданындағы "Жастар" орталығының жетекшісі Мөлдір Сарыпбекова да таңырқайды.

Президент бірнеше сенаторды өзі тағайындайды ғой, бұл да сол сияқты, түсініксіз нәрсе.

– Мысалы, Арыс қаласының әкімі "Нұр Отаннан" қала мәслихатының депутаттығына төрт адам ұсынады. Олар праймеризге қатыспайды. Оларды партия бюросының қорытындысымен конференцияға ұсынады, сонда бекіте салады. Барлық жерде солай. Президент бірнеше сенаторды өзі тағайындайды ғой, бұл да сол сияқты, түсініксіз нәрсе, – дейді Махамбет Төлебеков.

"Нұр Отан" партиясында 16 жылдан бері жүрген Махамбет Төлебековтің өзі де праймеризге қатысып, жинаған дауысы жетіп тұрса да, Арыс қалалық мәслихатына үміткерлер тізіміне ілікпей, резервте қалған.

– Праймеризді бір күнге ұзартқанда бәсекелестеріміздің кейбірі бір түнде 300-400 дауыс алғанын көрдік. Сонда халық түнімен дауыс бергені ме? Меніңше, қолдан жасап отыр. Үшінші орында тұрғанмын, таңертең 16-орынға түсіп қалыппын. Ал тізімге 26 адамды бекітеді, мені оған кіргізбеді, – дейді ол.

Мөлдір Сарыпбекова жасы 35-ке дейінгі азаматтар арасында көп дауыс жинағанымен, "Нұр Отанның" аудандық конференциясының шешімінен кейін қала мәслихатына депутаттыққа түсетін кандидаттар тізіміне ілінбей қалған.

– Мені облыстық мәслихат тізіміне қосып жіберді. Ол жерде әрине, мүмкіндігім жоқ екенін білемін, – дейді ол.

Түркістан облысы Шардара қаласында "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында жұмыс істейтін Шынболат Тілеуімбетов те праймеризден жастар арасында бірінші орынға көтерілгенімен, резервке сырғып кеткендердің бірі.

– 35-ке дейінгі жастар арасында бірінші орында тұрдым. Бірақ менен аз дауыс алған екі жігітті партия тізіміне қосып, мені резервке шығарды. Праймериз кезінде проблемаларды ашық айтқаным билікке ұнамай қалған шығар, – дейді ол.

Шымкент қаласы бойынша аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев "Нұр Отанның" партиялық тізімі де, "әкімдер квотасы" партияның ішкі мәселесі екенін айтады.

– Біз тек дайын тізімді қабылдаймыз. Тізімді праймеризбен жасай ма, праймеризсіз жасай ма, өздері біледі. Мысалы, "Ауыл" партиясы ешқандай праймеризсіз тізім өткізді, – дейді ол.

"ӘКІМ КІМДІ ҰСЫНАТЫНЫН ӨЗІ БІЛЕДІ"

"Нұр Отан" партиясының Шымкент қаласы бойынша филиалы төрағасының орынбасары, қала мәслихатының депутаты Бегайдар Төлегенов билік партиясынан сайлауға түсетін кандидаттардың 30 пайызын ұсыну құқығы филиал басшысына "Нұр Отанның" ішкі ережесіне сай берілгенін айтады.

– Әкім кімді ұсынатынын өзі біледі. Олар праймеризге қатыспаса да болады, – дейді ол.

Төлегеновтің сөзінше, "әкім квотасынан" бөлек тізімге енетін үміткерлердің жинаған дауысы бірінші кезекте ескеріледі. Өйткені "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек "рейтингті бұзғандар жазаланады" деп ескерткен. Екіншіден, "Нұр Отан" партиясына сіңірген еңбегіне де қарайды деп түсіндіреді ол.

Дауыс беру басталуға санаулы минут қалғанда сайлау учаскесінде отырған бақылаушы. Алматы, 2012 жылғы 15 қаңтар. Көрнекі сурет.
Дауыс беру басталуға санаулы минут қалғанда сайлау учаскесінде отырған бақылаушы. Алматы, 2012 жылғы 15 қаңтар. Көрнекі сурет.

"Нұр Отан" партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев кімнің депутат болатыны 2020 жылы 10 қаңтарда сайлау өткеннен кейін ғана белгілі болады дейді.

– Шынболат Тілеуімбетов те, Мөлдір Сарыпбекова да жалпы тізімде тұр, одан ешкімді шығарған жоқ. Сондықтан олардың депутат болуға мүмкіндігі бар. Праймеризден жоғары балл жинағандардың барлығы да резервте болып саналады. Депутаттыққа ілінбесе де, кейін түрлі себеппен босаған орындарға солар барады. Резервтегі адамды партия басқа да қызметтерге ұсынады, – дейді ол.

Тәжібаев праймериздегі дауыс беру кезінде кей үміткерлер бір түнде көп дауыс алған дегенге күмәнмен қарайды. Оның сөзінше, әр адам жеке ЖСН мен телефон нөмірі бойынша ғана дауыс бере алады. Ал бір түнде жүздеген адамның ЖСН дерегін жинап, телефонымен дауыс бергізу мүмкін емес дейді ол.

Ал Шардара қаласынан праймеризге қатысқан Шынболат Тілеуімбетов праймеризден кейінгі партияның жергілікті конференциялар шешімімен тізім жасалған соң, резервтегілер үміттенбесе де болады деп есептейді. Ол үйіне аудан әкімінің орынбасары хабарласып, мектепте жұмыс істейтін анасына "ұлының осы жолы қоя тұрғаны жөн болатынын" құлаққағыс қылғанын айтады. Азаттық тілшісі бұған байланысты Шардара ауданы әкімінің орынбасарынан пікір алуға талпынып көрді, бірақ шенеунік телефонын көтермеді.

"ПАРТИЯ ӨЗІ ҰСЫНҒАНДЫ ӨЗІ КЕТІРЕ АЛАДЫ"

"Әкім квотасы" жайлы Түркістан облысының өзге аудандарынан да сұрастырып көрдік. "Нұр Отан" партиясының Қазығұрт аудандық бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары Есімхан Исақұловтың айтуынша, билік партиясынан мәслихат депутаттығына кандидатттардың 30 пайызын жергілікті партия ұйымының жетекшісі, яғни әкім ұсынады. Бұған қоса тағы 30 пайызы – әйелдер, 20 пайызы – 35-ке дейінгі жастар болуы тиіс.

– "Әкім квотасындағылар" кездесу, дебаттарға қатыспайды. Біз ауданда конференция өткізіп, жалпы тізім жасадық. Мысалы, аудандық мәслихаттағы 17 депутаттық орынға 34 адам ұсынылды. Соның бесеуін әкім ұсынды. Республика бойынша да солай, – дейді ол.

Есімхан Исақұловтың сөзінше, бұл жолы жергілікті мәслихат депутаттары бір рет сайланып, төрт жылға дейін қалай болса, солай жүре алмайды. Егер "Нұр Отан" партиясынан сайланған депутат мәслихат сессиясына қатыспаса, басқа да кемшіліктер жіберсе, партия бюросының шешімімен депутаттық мандатынан айрылып, орнына резервтегі басқа адамды қосады.

Қазақстанның бұрынғы президенті, биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев (төрде) партия басшысының бірінші орынбасары етіп тағайындаған Бауыржан Байбекті (сол жақта тұрған) ұйым мүшелеріне таныстырып отыр. Нұр-Сұлтан, 29 маусым 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті, биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев (төрде) партия басшысының бірінші орынбасары етіп тағайындаған Бауыржан Байбекті (сол жақта тұрған) ұйым мүшелеріне таныстырып отыр. Нұр-Сұлтан, 29 маусым 2019 жыл.

Қазақстанда жергілікті (аудандық, облыстық) әкімдіктердің түгелге жуығын "Нұр Отан" партиясының мүшесі басқарады. Мәслихат депутаттарының да басым көпшілігі – осы партияның мүшелері. Заң бойынша, әкімдер жергілікті мәслихаттардың шешімімен санасуы тиіс.

"Нұр Отан" партиясының өкілдері жергілікті атқарушы билік тармағының басшысы саналатын әкімнің жергілікті өкілді орган – мәслихат депутаттығына кандидаттардың бір бөлігін арнайы квотамен ұсынуы "Сайлау туралы" заңға қайшы келмейді деп есептейді. Олар "Сайлау туралы" заңның "Мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну" деп аталатын 103-бабына сүйенеді. Бұл бапта "Партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы саяси партияларға тиесілі" деп көрсетілген. Осы баптың 5-тармағына сәйкес, "Адамдарды партиялық тізімге орналастыру тәртібі саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғары басшы органының шешімімен айқындалады".

Заңға кейінгі енгізілген өзгеріс бойынша, жергілікті мәслихат депутаттары тек қана партия тізімі бойынша сайланады. Бұрын өзін өзі ұсыну жолымен де сайланып келген.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG