Accessibility links

Нұр-Сұлтан әкімдігі алдында мүгедек баласы бар ата-аналар қол арбамен акция өткізді


Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі алдындағы ата-аналар акциясы. 16 желтоқсан 2020 жыл.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі алдындағы ата-аналар акциясы. 16 желтоқсан 2020 жыл.

16 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі алдына он шақты ата-ана жиналып, қол арбамен акция өткізді. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналар биліктің назарын өздерінің баспана мәселесіне осылайша аудартқысы келетінін айтты.

"Біз әкімнен пәтер сұраған жоқпыз, бізді жеке қабылдауын сұрадық. Лауазымды тұлға ретінде осы мәселені шешу үшін қандай да бір шара қолдануын сұрағанбыз. Бірақ жауап жоқ. Бір қызығы, біз барсақ қабылдамайды. Ал осындай шараларға шыға бастасақ, бітті, "әңгімеге" шақыра бастайды. Бұл биліктің оны нұқыған кезде ғана қозғала бастайтынын дәлелдейді. Егер итермесең, билік жылы креслосынан қозғалмайды. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың қандай жағдайда тұрып жатқанын білмейді" деді ата-аналарға құқықтық қолдау көрсетіп жүрген азаматтық белсенді Болатбек Біләлов.

Нұр-Сұлтандағы ата-аналар наразылығы. 16 желтоқсан 2020 жыл.
Нұр-Сұлтандағы ата-аналар наразылығы. 16 желтоқсан 2020 жыл.

Наразылардың айтуынша, "Тұрғын үй қатынастары" туралы заңның 13-бабында 1 және 2-топтағы мүгедектердің тұрғын үйді тегін алу құқығы бар екені көрсетілген. Бірақ бұл заң іс жүзінде орындалмайды. Шара кезінде белсенді Болатбек Біләлов "мүгедектерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі жүйелі түрде қарастырылғанын талап етеміз, әрбір шенеунік өзінің өкілетіне сай міндетін атқарсын, әкім бізді қабылдасын" деді.

Наразылардың алдына әкімдіктен ешкім шыққан жоқ. Бірақ билікке жақын деп сипатталатын "Қазақстанның азаматтық альянс" ұйымының өкілі Гамал Түзелбаев келіп, белсенді Болатбек Біләловтің сөзін бөліп, әкімдік жанынан үйлестіру кеңесі құрылғанын, ата-аналарға сол жерде ұсыныстарын айта алатынын жеткізді. Бірақ ашулы ата-аналар оны тыңдамай, акцияларын жалғастыра берді. Олар қол арбамен әкімдік алдынан өтті.

Мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналар алғаш рет акция өткізіп отырған жоқ. 25 қарашада полиция әйелдер наразылығын қолдап, осында келмек болған астаналық белсенді Болатбек Біләловті үйінен ұстап әкетіп, кейіннен босатқан еді. Наразылардың айтуынша, олар бұған дейін әкімдікке де, парламентке де, президент әкімшілігіне де хат тапсырған. Бірақ одан нәтиже жоқ.

2015 жылы Қазақстан БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі Конвенциясын ратификациялап, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қатысты көп міндеттемені мойнына алған. Бірақ кейбір мамандар осы уақыт аралығында мүгедектер жағдайына байланысты айтарлықтай өзгеріс көрмегенін айтады.

Желтоқсан айының басында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі өз ведомствосының мүгедек жандардың мәселесін қалай шешіп отырғаны туралы есеп беріп, 2025 жылға дейін 64 шарадан тұратын ұлттық жоспарды жүзеге асырып жатқанын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG