Accessibility links

"Ең осал әрі кедей топ". Қазақстан мүгедектер құқығы туралы Конвенция бойынша міндеттемесін орындап отыр ма?


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

2015 жылы Қазақстан БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі Конвенциясын ратификациялап, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қатысты көп міндеттемені мойнына алды. Содан бері елде не өзгерді?

"ҮЙДЕ ОТЫРЫҢДАР!"

Оралдағы "Арба" қоғамдық бірлестігінің негізін қалаған 42 жастағы Гүлмира Батпақұлованың мүгедек азаматтардың мәселесімен айналысып жүргеніне 14 жыл болды. Гүлмираның өзі 20 жыл бұрын жол апатына түсіп, омыртқасы сынғаннан кейін мүгедек болып қалған, қазір арбамен қозғалады. Ол өміріндегі өзгеріске психологиялық және физикалық жағынан бейімделуге көп уақыт жұмсағанын, тек жақындарынан ғана қолдау көргенін айтады.

Гүлмира 11 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қоғамдық бірлестігін мемлекет пен қоғамның қолдауынсыз, өзімен пікірі ортақ адамдармен бірлесіп ашқан.

Оралдағы "Арба" қоғамдық бірлестігін құрған Гүлмира Батпақұлова.
Оралдағы "Арба" қоғамдық бірлестігін құрған Гүлмира Батпақұлова.

– Ол кезде облыстық мүгедектер қоғамы болғанымен белсенді жұмыс істемейтін. Олардың еш көмегі тимейтін… Қалада біз жиналатын бір де бір орын, бірыңғай орталық болған жоқ. Біз деп отырғаным – мүгедектігі бар, әсіресе, тірек-қимыл аппаратының қызметі бұзылған адамдар, – дейді ол.

Оралда мүгедек арбасымен қозғалатын адамдарға көмектесумен айналысатын "Арба" қоғамдық ұйымы жұмысын бастағаннан кейін алты жылдан соң Қазақстан БҰҰ-ның мүгедектер құқығы туралы Конвенциясын ратификациялады. Осылай мемлекет мүгедек адамдардың өмір сүру деңгейі жеткілікті болуын қамтамасыз ету, оларды әлеуметтік және құқықтық қорғау және тағы басқа көп міндеттемені мойнына алған.

Құжатта "Конвенцияның мақсаты – мүгедектерге адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын толық пайдалануға жағдай жасау, оларды қолдау, қорғау және ар-ожданын құрметтеуді қамтамасыз ету" деп көрсетілген.

Батпақұлова кейінгі бес жылда мүгедектер жағдайына байланысты айтарлықтай өзгеріс көрмегенін айтады. Белсендінің сөзінше, Конвенция ратификациясына дейін болған кедергілер әлі де кездеседі.

Корпоратив немесе банкет өткізіп қайтесіздер? Меймандарды ыңғайсыз жағдайда қалдырасыңдар.

– Дискриминация, қоғамдық ортаның қолжетімсіздігі, құқық бұзу әлі де көкейкесті мәселелер қатарында. Жергілікті атқарушы органдардың өзі бізге "Сендерге қоғамдық көліктің не керегі бар? Үйде отырыңдар" деп айтады. Кәсіпкерлер де дәл осылай ойлайды. Бізге "Корпоратив немесе банкет өткізіп қайтесіздер? Меймандарды ыңғайсыз жағдайда қалдырасыңдар" дейді.

"ӘЛІ КҮНГЕ ӨЗ ҚҰҚЫҒЫМЫЗДЫ ҚОРҒАЙ АЛМАЙ ЖҮРМІЗ"

Жыл сайын 3 желтоқсан халықаралық мүгедектер күні ретінде атап өтіледі. Биыл осы күннің қарсаңында Қазақстан үкіметінде өткен жиында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі өз ведомствосының мүгедек жандардың мәселесін қалай шешіп отырғаны туралы есеп беріп, 2025 жылға дейін 64 шарадан тұратын ұлттық жоспарды жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді.

Министр Біржан Нұрымбетов мүгедектерге көмектесуді үкіметтің маңызды міндеттерінің бірі деп атап, елде мүгедектерге берілетін әлеуметтік төлемдер 12 пайызға артқанын, бір жылдың ішінде 13 мың адам жұмысқа орналасқанын хабарлады.

Нұрымбетов 2025 жылға қарай Қазақстанда мүгедек жандарды оңалту орталықтарымен қамту 100 пайызға жететінін (қазір ол 47 пайыз ғана), еңбекпен қамту жеті пайызға өсетінін, ал 2021 жылға қарай барлық өңірде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту орталықтары ашылатынын айтты.

Қазақстанның мүгедектер құқығы туралы Конвенция талаптарының сақталуын бақылаумен айналысатын орган – БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі комитетіне үш жыл бұрын берген есебі де дәл осындай оптимистік мазмұнда жазылған.

2020 жылы қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар тобы БҰҰ комитетіне осы есеп жөнінде Қазақстан үкіметіне қоятын сұрақтары мен пікірлері жазылған баяндама дайындаған. Құжатта ратификациядан кейін болған оң өзгерістер бір параққа ғана сыйып, баяндаманың қалған 17 бетінде сын-пікірлер мен сұрақтар болды.

Алматыда зағиптар арнаулы жолдың сапасына разы емес

Алматыда зағиптар арнаулы жолдың сапасына разы емес
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:29 0:00

Алматыдағы Қайрат Иманәлиев атындағы мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары жөніндегі комиссияның негізін қалаушы Вениамин Алаев – осы баяндаманы дайындаған топ мүшелерінің бірі. Ол Қазақстанда Конвенцияны жүзеге асыру бойынша сахна сыртында бірқатар жұмыс жүріп жатқанын айтады.

– Ратификациядан бері Конвенцияға сай болуы үшін ондаған заң мен заң актілеріне өзгеріс енгізілген… Бюрократиялық кедергілерді жойып, жекелеген оңалту бағдарламасына қажет тауарлар мен қызметтерді алу процесін жылдамдатуға арналған әлеуметтік қызметтер порталы; мүгедектігі бар адамдарға арналған, жұмыс берушілерге кімге қандай қызмет сәйкес келетінін көруге мүмкіндік беретін мамандықтар атласы жасалған. Үкімет жанындағы мүгедек адамдардың өмір сапасын жақсарту жөніндегі үйлестіру кеңесі реформадан өткен, – дейді Алаев.

Бала күнінен мүгедек арбасында отыратын 41 жастағы Вениамин Алаев (оған тоғыз айлығында балалардың церебралды сал ауруы диагнозы қойылған) 11 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығын қорғаумен айналысады. Ауыр диагнозына қарамастан, ол жалпы орта мектепте оқып, университетті үздік бітірген. MBA дәрежесін алып, АҚШ-та мүгедек адамдардың құқығы жөніндегі комиссияда тәжірибе жинақтаған. Ол мұндай жетістікке өзін "күрескер" етіп тәрбиелеген анасының арқасында жеткенін айтады. Бірақ Қазақстанда ол сияқты адамдар аз.

Біз әлі күнге өз құқығымызды қорғай алмай жүрміз. Мүгедек адамға дискриминация жасалғанын дәлелдеу қиын.

– Елімізде мүгедек адамдардың өмір сапасы өзгерген жоқ. Олар әлі де ең осал әрі нағыз кедей топ болып қалып отыр. Көбінің жоғары білімі жоқ, сондықтан олар бәсекелі ортадан жұмыс таба алмайды. Біз әлі күнге өз құқығымызды қорғай алмай жүрміз. Мүгедек адамға дискриминация жасалғанын дәлелдеу қиын. Өйткені елде мүгедектігіне байланысты дискриминацияның қандай болатыны анық жазылған заң жоқ, – дейді ол.

"ЖҰРТ ОЯНА БАСТАДЫ"

Министр Нұрымбетовтың дерегінше, қазір Қазақстанда 705 мыңнан астам мүгедек адам бар. Былтырғы жылмен салыстырғанда, бұл олардың саны төрт пайызға көбейген. 94 мыңы – балалар, 181 мыңы – зейнеткерлер. Мүгедектігі бар азаматтардың 23 пайызы, немесе еңбекке қабілетті 430 мың адамның 100 мыңы ғана жұмыспен қамтылған.

Қоғам белсенділері Конвенция ратификацияланғаннан кейін мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығын қорғау саласында белсенділік артқанын айтады.

Вениамин Алаевтың сөзінше, мүгедектігі бар адамдар арасынан шыққан, "мемлекет заң шығарып қана қоймай, оның орындалуын да қамтамасыз етуі керек" деп күресіп жүрген құқық қорғаушылар да көбейе түскен.

– Құқық қорғаушылар біздің оңалту, білім алу және жұмысқа тұру, елдің қоғамдық және саяси өміріне, сайлауға қатысу сияқты құқықтарымызды қорғаумен айналысады. Өкінішке қарай, конвенцияға қарамастан, жұмыс азаятын емес, – дейді Алаев.

Бұл пікірге "Арба" қоғамдық бірлестігін құрған Гүлмира Батпақұлова да қосылады.

– Осыған дейін бірен-саран адам ғана болатын, қазір белсенділік танытып, өз тағдырына, өмір сапасына көңіл бөле бастаған мүгедек адам көп. Олардың құқықтық сауаты артып келеді. Конвенцияға қол қойғаннан кейін жұрт ояна бастаған сияқты, – дейді Гүлмира Батпақұлова.

"ДЦП-ға мойымаған". "Қабілеті ерекше блогердің" өмір жайлы сыры

"ДЦП-ға мойымаған". "Қабілеті ерекше блогердің" өмір жайлы сыры
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:16 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG