Accessibility links

Сағатына 358 теңге. Мүгедектер жеке көмекшісіне ақының дұрыс төленбейтінін айтады


Мүгедек арбасында отырған жанға көмекетіп жүрген адам. Көрнекі сурет.
Мүгедек арбасында отырған жанға көмекетіп жүрген адам. Көрнекі сурет.

Қазақстанда жүріп-тұруы шектелген бірінші топ мүгедегіне мемлекет есебінен жеке көмекші қызметі қарастырылған. Атырау облысында осындай көмекке мұқтаж 843 мүгедек бар. Олардың кейбірі жеке көмекшісіне бірнеше ай бой қызмет ақысы жартылай төленіп, кейін мүлдем тоқтап қалғанын айтады. Жалақыға жауапты мекеме мәселе құжаттың дұрыс толтырылмауында дейді.

Көзіне зақым келіп, бірінші топтағы мүгедек атанған 60 жастағы Жұмабай Әбуғалиев – жеке көмекшіге зәру жандардың бірі. 2000 жылы аяқ астынан тісі ауырып, оны жұлдырған соң көру қабілетінен айрылған.

– Тісімнің түбі іріңдеп кеткен екен. Дәрігерлер инфекцияның көзге кетіп қалғанын айтты. Жұлдырған соң екі көзім көрмей қалды. Бір күнде көр соқыр болу оңай емес, – дейді Әбуғалиев. – Кейін үш балам мен әйелім қайтыс болды. Қазір 15 жастағы қызыммен Атырауда тұрамын. Шындығында, бар ауыртпалық соның мойнында.

Атырау тұрғыны Жұмабай Әбуғалиев. Отбасы архивіндегі сурет.
Атырау тұрғыны Жұмабай Әбуғалиев. Отбасы архивіндегі сурет.

Жұмабай Әбуғалиев сияқты өздігінен жүре алмайтын бірінші топтағы мүгедек адамға мемлекет жеке көмекші қызметін ұсынады. Бұл қызметті мұқтаж адамның туыстары да атқара алады.

Кейде түске дейін де, түстен кейін де көмекші қызметіне жүгінуге тура келеді.

– Бастапқыда әйелім еді. Ол қайтыс болған соң келінімді, кейін ағамды жеке көмекшім етіп рәсімдедім. Адам болған соң жүріп-тұрасың. Баратын жерің болады. Кейде түске дейін де, түстен кейін де көмекші қызметіне жүгінуге тура келеді, – дейді ол.

Жұмабай Әбуғалиев сәуірден бері көмекшінің айлығы төленбей отырғанын айтады. Бұған осы қызметті ұсынатын "Қазақ зағиптар қоғамы" бірлестігінің "Мақат" корпоративтік қорын кінәлайды.

– 2018 жылы "Мақат" қоры тендерге қатысып, ұтып алды. Содан бері көмекші ақшасын осы қор төлейді. Бірақ ондағылар мүгедектерге үнемі қысым көрсетеді. Сағатты жөн-жосықсыз қысқартып, ақшаны азайтады. Заң бойынша күніне 8 сағаттан артық төленбейді. Табельге сағатты толық жазсақ, "бұларың өтірік" деп сағатты кемітеді. Қор ойына келгенін істеп отыр. Сондықтан қор қызметінен бас тартып, мемлекеттік мекемемен тікелей шартқа отырғым келеді, – дейді бірінші топтағы мүгедек.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы №26 бұйрығында "жұмыспен қамту бөлімі жеке көмекшінің қызметіне ақыны сағат бойынша төлейтіні, оның жұмысы тәулігіне сегіз сағаттан аспауы тиіс" екені жазылған. Мүгедектер мен көмекшілер көп жағдайда жұмыс істеген сағаттың еңбекақы алған кезде "қысқарып" қалатынына, кейде өздерін "жалған дерек бересің" деп жазғыратынына шағынады.

Бірінші топтағы мүгедек Жарас Қалдыбаев. Мақат кенті, Атырау облысы. Отбасы архивіндегі сурет.
Бірінші топтағы мүгедек Жарас Қалдыбаев. Мақат кенті, Атырау облысы. Отбасы архивіндегі сурет.

Атырау облысы Мақат кентінің тұрғыны, өздігінен жүріп-тұра алмайтын Жарас Қалдыбаев та жеке көмекшінің айлығы толық есептелмегенін айтады.

– Екі жыл бұрын омыртқам сынып, арбаға таңылдым. Жергілікті әкімдік жеке көмекші алуды ұсынды. Былтыр "құжаттарды алып кетіңіздер" деген соң 17 жастағы қызымды жібергем. Сол жерде оны көмекші етіп рәсімдеген екен. Келісімшартқа күніне үш сағаттан, айына 60 сағат деп бекітіп беріпті. Содан кейін бірнеше ай кейде 10 мың, кейде 13 мың теңгеден айлық түсіп тұрды. Кейін басқа адамдардың 20-30 мың алатынын біліп, хабарласқанымда "әркімдікі әрқилы" деген жауап алдым, – дейді Қалдыбаев.

Ол ай сайын табель өткізген кезде жеке көмекшінің айлығы белгісіз себептермен қысқарып қалатынын айтады.

– Тәртіп бойынша күнделікті сегіз сағаттан аспауы тиіс. Сонда бір айда 30 күн болса – 240, 31 күн болса 248 сағат шығады. Білуімше, бір сағатқа 358 теңге 25 тиын төленеді. Соны 248 сағатқа көбейтсеңіз, айына шамамен 89 мыңдай шығуы керек. Бірақ табельді толтырғанда сағатты кемітіп, кейде төрт, кейде бес сағат деп жаздырады. Сонда айлық екі есе қысқарады, – дейді мүмкіндігі шектеулі азамат.

"БАР КІНӘМ ТИЕСІЛІ 8 САҒАТТЫ ЖАЗҒАНЫМ"

53 жастағы Жарас Қалдыбаевтың қазіргі көмекшісі – әйелі. Төрт балалы ана Гүлмира Нұрқасылова балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып істеген. Карантин кезінде жұмысы тоқтап, қазір күйеуіне қарайласып, үйде отыр.

– Жеке көмекші болғаныма 10 ай болды. Басында айына 60 сағат бекіткен. Кейін арызданған соң 100 сағатқа әрең жеткізді. Соңғы рет жалақым 30 мың теңгенің айналасында болды. Бірақ үш айдан бері тағы тоқтады. Күйеуім төсек тартып жатыр. Үнемі жанындамын. Меніңше, сегіз сағат деп шектеуге болмайды. Уақыт бітті деп қарамай қоймайсың ғой, – дейді әйел.

Жарас Қалдыбаевтың әйелі Гүлмира Нұрқасылова өздігінен жүріп-тұра алмайтын жұбайының жеке көмекшісі болып қызмет атқарады. Мақат кенті, Атырау облысы. Отбасы архивіндегі сурет.
Жарас Қалдыбаевтың әйелі Гүлмира Нұрқасылова өздігінен жүріп-тұра алмайтын жұбайының жеке көмекшісі болып қызмет атқарады. Мақат кенті, Атырау облысы. Отбасы архивіндегі сурет.

Гүлмира Нұрқасылованың сөзінше, дау-дамай табель тапсырғанда басталады.

– Табельді әр айдың отызына дейін тапсырам. Сонда қор қызметкері "артық сағат жаздың" деп шүйлігеді. Құжатты бетіме лақтырған кездер болды. "Үйіңе прокуратура, полиция жіберем" деп қорқытады. Сондағы бар кінәм – тиесілі 8 сағатты жазғаным, – дейді ол.

Нұрқасылова он екі мүшесі сау күйеуінің бір күнде төсек тартып қалуы отбасына ауыр тигенін айтады.

Мәселені айтып, әкімдікке талай бардым. Олар үй ескі, пандус орнатуға мүмкіндік жоқ деп қайтарады. Далаға шығу мұң.

– Басында үйрену түгіл қабылдау қиын еді. Аяқ астынан мүгедек болып қалғанда не істерімді білмедім. Психологиялық тұрғыдан ауыр екен. Әсіресе астын ауыстырып, әжетін өтеген кезде күйеуіммен бірге қиналдым. Оңай емес. Төсекте жатқан қалпында жуындырам. Тамағын да солай ішеді. Жайымызды келіп көрмесе, ешкім түсінбейді, – деп күрсінді әйел.

Қалдыбаевтар отбасы Мақат кентіндегі ескі үйдің бірінші қабатында тұрады. Нұрқасылованың айтуынша, мүгедек адамға еш жағдай жасалмаған.

– Пандус жоқ. Мәселені айтып, әкімдікке талай бардым. Олар үй ескі, пандус орнатуға мүмкіндік жоқ деп қайтарады. Далаға шығу мұң. Кейде көршілерді көмекке шақырам. Бірақ қашанғы жалынам?! Одан күдерімді үздім. Ең болмаса, тиесілі ақшамды уақтылы берсе деймін. Артық ештеңе сұрамаймын.

"АҚШАНЫ ЖЫЛ САЙЫН СОТТАСЫП ЖҮРІП, ӘРЕҢ АЛАМ"

Атырау қаласындағы "Мөлдір көз" зағиптар қоғамдық бірлестігі төрағасы Жолдас Гумаров "құқығым тапталды" деп налиды. Сегіз жыл бұрын көру қабілетінен айрылған ол үкіметке қол қусырғысы келмей, өз күшімен бірлестік ашып, мүгедектерге көмек көрсетіп келеді. 2015 жылы тағам әзірлейтін цех ашқан. Қазір 15 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Көмекшім – әйелім. Ол мені анда-мұнда апарады. Бірақ айлығын алатын кезде, үнемі айғай-шу шығады.

– Тұшпара, мәнті, котлет сияқты тағам жасаймыз. Оны қаладағы 22 дүкенге тапсырып, сатамыз. Әшейін қозғалмай отыратын шаруа емес. Етің бар, басқа да керек-жарағың бар. Базарға бару керек, арасында бірлестік жұмыстары бар. Көмекшім – әйелім. Ол мені анда-мұнда апарады. Бірақ айлығын алатын кезде, үнемі айғай-шу шығады, – дейді бірінші топтағы мүгедек.

Жолдас Гумаров Атырау облысында жеке көмекшісі айлығын ала алмай отырған алпысқа жуық мүмкіндігі шектеулі жан барын айтады. Мәселені жергілікті әкімдік те, "Нұр Отан" партиясы мен құқық қорғау органдары да біледі дейді.

Мүгедек арбасында отырған адамға жәрдемдесіп жатқан азаматтар. Көрнекі сурет.
Мүгедек арбасында отырған адамға жәрдемдесіп жатқан азаматтар. Көрнекі сурет.

– Үкіметке өкпеміз жоқ, мәселе жергілікті билік пен корпоративтік қорда. Бұлар заңды орындамайды. Мүгедек құқығын таптап, ойына келгенін істеп отыр. Осы жайт 2012 жылдан бері жалғасып келеді. Тиесілі ақшаны тек соттасып жүріп, әрең алам. Үнемі солай. Әбден шаршадым, – дейді Жолдас Гумаров.

Көмекшісі әрі әйелі Сәуле Әбдірахманованың айтуынша, соңғы рет айлығы ақпанда түскен.

Ақпанда 86 мың теңге түсті. Сегіз сағатпен есептегенде 89 мың теңге шығуы керек еді. Бірақ үш мыңды ұстап қалған. Жеті ай болды [айлық] жоқ. Сұрасақ "келісімшарт дұрыс жасалмаған", "оның көшірмесі жоқ" деген мың бір сылтау айтады. Шамалап есептесем, қарыз жарты миллионнан асып кетіпті, – дейді әйел.

Мүгедектігі бар азаматтардың наразылығын тудырған "Мақат" қорының төрағасы Тыныштық Есжанова өңірдегі жеті жүзден астам мүгедекке қызмет көрсететінін, әр тиын есептеліп, тексерілетінін айтты.

Мақат ауданында 15 млн теңгеге, Жылыой ауданында 53 млн теңгеге, Махамбет ауданында 14 млн теңгеге, Құрманғазы ауданында 25 млн теңгеге, ал Атырау қаласында 148 млн теңгеге қызмет көрсетеміз. Сонда барлығы 256 млн теңгеге жуықтайды. Қаржының бес пайызы қордың жұмысына жұмсалады: мамандар айлығы, кеңсе жалдау, коммуналдық қызмет және тағы басқа. Тиесілі ақшаны төлемейді деп шағым айтатындар бар. Бірақ бізде бәрі есептелген. Ақшаны ешкімге асырып немесе кемітіп бере алмаймыз, – дейді "Мақат" қорының төрағасы.

"ЖАБЫҚ НЫСАНДАРҒА БАРДЫҚ ДЕП ЕСЕП БЕРГЕН"

Қор төрағасы елде коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай жарияланып, карантин режимі енгізілген кезде дау-дамай үдей түскенін растады. Сөзінше, шектеу күшейгенде мүгедектер көмекші қызметіне көп жүгінбеген. Әйтсе де сағатты артық жазған.

– Үш-төрт ай үйде отырдық қой. Осыған қарамай мүмкіндігі шектеулі жандар табель толтырғанда Қазақтелеком секілді "жабық нысандарға бардым" деп көрсеткен. Мекеме 17 тамызға дейін жабық болды. Барлық қызмет электронды әдіспен көрсетілді. Бірақ бұл кісілер "бардық" деп жазады. Сонда қалай? Ақша менің қалтамнан емес, бюджеттен төленеді. Сондықтан әр тиыны сұралады. Ертең "Неге жабық нысанға барды деп төлеп отырсыз?" десе не деймін? – дейді қор басшысы.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Тыныштық Есжанова №26 бұйрықта "жеке көмекші – мүгедекпен бірге оның тұратын жерінен баратын пунктіне дейін және қайтарда: жұмысқа, оқу орнына, жергілікті атқару органына, әлеуметтік объектілерге, медициналық мекемеге және басқа да жерлерге барғанда ілесіп жүретін маман" делінгенін, сондықтан сағатты есептегенде тек осы аралыққа кеткен уақыт алынатынын айтады.

– Кейде былай болады. Емхана мүгедектің үйінен 10 минуттық жерде тұр. Бірақ табельге баруға төрт сағат, қайтуға төрт сағат жазады. Әлбетте қор қызметкері оны қабылдамайды. Жолда демалып, асықпай барсын делік. Бірақ оған төрт сағат кетпейді ғой? Ары кетсе, жарты сағат немесе қырық минут. Шынын айтсам, артық сағат жазылса, қорға тиімдірек. Өйткені есептелген ақшаның бес пайызы бізге төленеді. Демек сағат саны көбірек болса, қор табысы да жоғары болады.

Жеке көмекші кімге беріледі?

Қазақстан Республикасының "Мүгедектерді әлеуметтік қорғау" туралы 2005 жылғы 13 сәуірдегі №39 заңында "жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер үшін" жеке көмекшінің қарастырылған. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің (2017 жылы қаңтарда Денсаулық сақтау министрлігі және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі болып екіге бөлініп, уәкілеттік соңғысында қалды) 2015 жылғы 22 қаңтардағы №26 бұйрығының 1-қосымшасына сай, бірінші топтағы мүгедекке 17 медициналық жағдайда жеке көмекші тағайындалады. Олардың қатарына мыналар жатады:

  • қос жанары мүлде көрмейтін жанға;
  • вестибулярлық мишықтың елеулі түрде бұзылуы, паркинсонизммен ауыратын адамға,
  • мүгедектің ампутациядан кейін екі қолы немесе екі аяғы протездеуге жарамай, өздігінен жүріп-тұруға шамасы болмаған жағдайда.

Қордың сөзін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де қуаттап отыр. Министрліктің Азаттыққа берген ақпаратына сәйкес, 2017-2018 жылдары Бас прокуратура кей жеке көмекшінің қызмет көрсетілді деген уақытта шетелде болғанын анықтаған. Осыдан кейін мемлекеттік органдарға ақының дұрыс төленуін қадағалау туралы ескерту жасалған.

"Мақат" қоры жетекшісі мүгедектер арасында күніне тиесілі сегіз сағатты алатындар бар дейді. Сөзінше, олар – жұмыс істейтін, спортпен шұғылданатын, шығармашылықпен айналысатын азаматтар.

– Бұл кісілердің күн тәртібін білеміз. Кәсіппен айналысқандықтан, күнде жұмысқа барып-қайтады. Спортшылар күнара, кейде күн сайын жаттығады. Арасында жарысқа кетеді. Ал өнер адамдары репетицияға барады, басқа ауданға не қалаға барып, шығармашылық кешке қатысуы мүмкін. Ол кісілердің жанында үнемі көмекшілері еріп жүреді. Сондықтан ақшасы толық төленеді. Ал айлық алмадық дегендер бізбен шарт жасаспағандар, – дейді Есжанова.

Павлодардағы "Сострадание" мүгедектер қоғамының жетекшісі Елена Юрченко бар гәп жеке көмекшілер қызметіне үкімет бекіткен ақының мөлшерінде дейді. Сөзінше, қымбатшылық қысқан қазіргі уақытта бір сағатқа 358 теңге төлеу мазаққа тең.

– Мұны кім ойлап тапқанын білмеймін. 358 теңге. Қисынға келмейді ғой? Тиесілі сегіз сағатты жазғанның өзінде күніне үш мың теңгеге жетер-жетпес ақша шығады. Сол себепті адамдар жалақысын толық алуға тырысады. Бәлкім біреулер мұны оңай жұмыс дер. Шындығында, мүгедекпен жұмыс істеу психологиялық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да өте ауыр, – дейді Елена Юрченко.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сөзінше, 358 теңге деген ақы "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" заңға сәйкес бекітілген. Министрліктің айтуынша, жеке көмекшінің айлығы 2015 жылы 31 желтоқсанда қабылданған осы заңның 1-қосымшасындағы B3 буынының 4-сатысына сай анықталады. Министрлік аталмыш ақыны республика бойынша бірдей төленетінін айтады.

Елена Юрченко жеке көмекшілер ақысын кем дегенде екі ең төменгі еңбекақы мөлшеріне жеткізіп, бекітіп беру керек деп есептейді.

– Білуімше, жоғары жақтағылар көмекші қызметіне ең төменгі жалақы мөлшерін бекітуді талқылап жатыр. Яғни бір айға 42 500 теңге деп. Масқара ғой. Егер шешім қабылданса, мүгедектер туысын көмекші етуден бас тартады. Басқа амал жоқ. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдемдесетін маманды мемлекет тапсын. Мәселен Павлодарда жеке көмекшіге зәру 800 мүгедек бар. Оларға кемінде сонша көмекші керек. Кім 42500 теңге айлықпен мүгедектігі бар адамды ары-бері тасуға келіседі? Мәселе сонда, – дейді Елена Юрченко.

"Қазақстан мүгедектер одағы" қоғамдық ұйымының төрағасы Әли Аманбаев мәселе жеке көмекшінің мәртебесі мен оның нақты көрсететін қызметін анықтап алмағандықтан туындады деп есептейді.

– Көмекші түсінігін дұрыс айқындап, бекітпеген. Біздегі жеке көмекшілер белгілі бір жерге апарып-әкелетін адам ғана. Яғни заңда мүгедек адаммен ілесіп жүретін кісі деп көрсетілген. Бірақ, шын мәнінде, мүмкіндігі шектеулі жандарға еріп жүретін емес, кәдімгі көмек көрсетіп, жәрдемдесетін кісі керек. Күтім. Мысалы тамағын беріп, жуындырып, үйде қол ұшын беретін әрі жұмысқа апаратын адам. Ол үшін жеке көмекші статусын анықтап, не істейтінін нақты бекіту керек. Сонда ғана мәселе шешіледі деп ойлаймын, – дейді ол.

Әли Аманбаев елдегі жеке көмекшілерге төленетін ақы да мардымсыз, атқаратын қызметке сай келмейтінін айтады.

– Қазақстан жеке көмекші қызметін енгізерде Финляндияның тәжірибесіне сүйенген. Сол елде бірнеше рет болдым. Ол жақта өздігінен жүре алмайтын мүгедекке қызмет көрсететін адамның айлығы орта есеппен 700-1000 еуро. Ал бізде ше? Ары кетсе, 70 мың, әйтпесе оған да жетпейді. Осы мәселені де реттеп алған жөн, – дейді мүгедектер одағы төрағасы.

Қазақстанда 705,5 мың адамның мүгедектігі болса, соның 20 677-сі Атырау облысында тұрады. Оның ішінде 1842 адам – бірінші топтағы мүгедек. Әкімдік дерегінше, 843 адамға жеке көмекші қызмет көрсетеді. Оған бюджеттен 588 млн теңге бөлінген. Өткен сегіз айда 278 млн теңге игерілген.

Ресми дерекке сай, қазір Қазақстанда 65 мың бірінші топтағы мүгедек бар. Оның 23 мыңына жеке көмекші тағайындалған. Былтыр көмекші саны 22 мың болған, олардың қызметіне 8,3 миллиард теңге төленген. Биыл бұл қызметке бюджеттен 10 миллиард теңге қарастырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG