Accessibility links

Жаңаөзенде әкімдік белсенділерге алаңға баруға рұқсат етпеді, қалада қауіпсіздік шаралары күшейді


Жаңаөзен оқиғасы құрбандарының туыстары құран оқып, жақындарын еске алып жатыр. Жаңаөзен қаласы, 16 желтоқсан 2020 жыл.
Жаңаөзен оқиғасы құрбандарының туыстары құран оқып, жақындарын еске алып жатыр. Жаңаөзен қаласы, 16 желтоқсан 2020 жыл.

16 желтоқсанда Жаңаөзен тұрғындары оқиға құрбандарын еске алып, дастарқан жайды. Жаңаөзен қаласының орталық алаңын арнайы жасақ қоршап, полиция бақылауы күшейді.

Осыған дейін белсенділер қала әкімдігіне 16 желтоқсанда орталық алаңға жиналып, құрбандарға құран бағыштайтынын ескертіп, хат тапсырған. Бірақ әкімдік рұқсат бермеген. Бейбіт шеру өткізу туралы заңын алға тартқан билік өкілдері жауап хатта өтініштің ертерек берілуі қажеттігін айтып, Жаңаөзенде эпидемиологиялық ахуал да нашарлағанын жазған.

Жаңаөзен оқиғасын еске алған топтың бірі - 2011 жылы 16 желтоқсанда мұнайшылар ереуіліне қарсы полиция оқ атқан кезде құрбан болған 16 азаматтың бірі Радик Юсуповтың үйіне жиналды.Радик Юсуповтың әкесі жақында Дағыстандағы туыстарына барып, ұлына құран бағыштағысы келген. Бірақ шекарадан өте алмай, қайтып келген. Оның үйіне марқұмның туыстарынан бөлек, әріптестері, белсенділер, қала тұрғындары жиналды.

- Жылаймыз. Сыртымыз бүтін болғанмен ішіміз түтін. Кейде айқайлап дауыстап, өлең-жырға қосып, жылап аламын. Құлынымды сағынамын. Мәңгілік өзім өлгенше сағынамын. "Сағынамын" деген сөзді тақырып етіп, қайдан шыққанын білмеймін, өлеңнің өзі келіп сайрап, Мақсатты еске түсіріп, үйде мауқымды басып аламын. Бүкіл халық болып еске алғанына шүкір деп, "әй, мен риза болайын, қалғаны аман болсын, үйтпейінші" деп өзімді көтермелеймін, - деді "тергеу абақтысындағы азаптау" жайлы мәлімдеп, ауыр науқастан екі жыл бұрын қайтыс болған мұнайшы Мақсат Досмағамбетовтің шешесі Оңайгүл Досмағамбетова.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Жаңаөзенде полиция бақылауы күшейген. Орталық алаңды арнайы жасақ қатаң бақылауға алған. Алаң маңында автобустар, полиция көліктері тұр.

Осыған дейін қалада кемінде екі белсендінің 7 күнге қамауға алынғаны хабарланған еді. Прокуратура өкілдері олардың "әлеуметтік желіде митингіге шақырғаны үшін" әкімшілік жазаға тартылғанын айтқан. Екі күн бұрын жергілікті белсенділер әкімдікке келіп, оларды қамау туралы шешіммен келіспейтінін жеткізген.

2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, "Жаңаөзен оқиғасы" кезінде 17 адам көз жұмған. Бірақ қала тұрғындары мен құқық қорғаушылар, құрбандар саны бұдан көп деп санайды.​

Бірнеше жыл бұрын ереуілшілерге заңсыз оқ атқаны үшін полицияның бес офицері бес жылдан жеті жылға дейін түрме жазасына кесілген. Ал ереуілге қатысты "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" айыбы тағылған 37 адамның 13-і үш пен жеті жыл аралығында сотталған. 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған.

Жаңаөзен қырғынына байланысты қозғалған қылмыстық істер бойынша сотталғандардың барлығы кейін бостандыққа шықты. Кейбір қоғамдық белсенділер мен Жаңаөзен оқиғасының куәгерлері бейбіт халыққа оқ атуға бұйрық бергендер жауапқа тартылмады деп санайды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG