Accessibility links

"Шекарасыз тілшілер" ұйымы Түркіменстанды қамалған журналисті босатуға шақырды


Маска таққан адамдар қоғамдық көлікте. Ашғабад, Түркіменстан.
Маска таққан адамдар қоғамдық көлікте. Ашғабад, Түркіменстан.

Журналистер құқығын қорғайтын халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымы тәуелсіз Turkmen.news басылымының тілшісі Нұргелді Халықовты босатуға шақырды.

Халықов жазда Түркіменстанға коронавирус ахуалын тексеру үшін барған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы миссиясының суретін таратқаны үшін төрт жылға сотталған. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлады.

Шілде айында Халықов Instagram желісінен ДДСҰ өкілдерінің суретін көріп, оны Turkmen.news редакциясына жіберген. Осыдан кейін авторы суретті өшіріп тастап, журналист полицияға шақыртылған. Содан бері журналистпен байланыс болмаған. Қазан айында оның алаяқтық айыбымен төрт жылға сотталғаны хабарланды.

"Нұргелді Халықовтың үкімі биліктің тәуелсіз баспасөз өкілдерінің ауызын жабу үшін қолдан жасаған айыптарының қисынсыздығын көрсетеді" делінген "Шекарасыз тілшілер" мәлімдемесінде. Түркіменстан осы ұйымның сөз еркіндігі рейтингінде 180 елдің ішінде 179-орында.

Түркіменстан билігі елде коронавирус жұқтырған бірде-бір адам жоқ дейді. Осыған қарамастан елде бірқатар қатаң шектеулер енгізілген. Бұл шектеулер коронавируспен күрес аясында енгізіліп жатқан карантин шектеулеріне ұқсайды. ДДСҰ миссиясы Ашғабадқа елде коронавирус індеті жоқ болса да, індет өршіп отырған елдердегі шараларды қабылдауды ұсынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG