Accessibility links

Беларусьте Лукашенко режиміне наразылық акциясы өтті, 140-тан аса адам ұсталды


Минск, 20 желтоқсан 2020 жыл.
Минск, 20 желтоқсан 2020 жыл.

20 желтоқсанда Беларусьтің бірнеше қаласында президент Лукашенко режиміне наразылық акциясы өтті. "Весна" құқық қорғау тобының мәліметінше, 140-тан астам адам ұсталған. Минск, Брест, Борисов, Гомель, Гродно, Витебск, Новополоцк, Солигорск қаларында акцияға шыққандарды милиция алып кеткен. 20 желтоқсанда наразылықтың басталғанына 134 күн болды.

Минскіде кейінгі кезде наразылар қаланың түрлі ауданына жиналатын болған. Олардың ойынша, бұл амал милицияның наразыларды топтап ұстауын қиындатады. Tut.by порталының жазуынша, жексенбі күні таңертең қаланың түрлі аудандарында милиция мен әскери көліктер жүрген. Құқық қорғау орган өкілдері оппозицияның туын ұстаған адамдарды ұстаған. Милиция кедергісіне қарамастан Минскінің бірнеше ауданында наразылар топтасып, шеру жасап жүрген.

20 желтоқсанда 42 тәулік қамауда болған 2008 жылғы сұлулық байқауының жеңімпазы Ольга Хижинкова бостандыққа шықты. Ол 8-11 қараша күнгі наразылық шараларына қатысқаны үшін әкімшілік қамауға алынған.

  • 9 тамызда өткен президент сайлауында Александр Лукашенко алтыншы мәрте президенттікке сайланды деп жарияланғалы бері елде наразылық толастамай тұр. Сайлау кезінде дауыстардың жаппай бұрмаланғанын айтқан оппозиция нәтижені мойындамайтынын мәлімдеген. Оппозиция жақтастары сонымен бірге биліктің шерулерді күшпен басып, белсенділерді қудалауын да айыптаған. Наразыларды күшпен тарату кезінде кемінде 5 адам қаза болған, 6 адамнан әлі күнге дейін хабар жоқ. Құқық қорғаушылар мәліметінше, шамамен 30 мың белорус қудаланып, қоқан-лоқы көрген.
  • Еуроодақ пен АҚШ Беларусьтегі президент сайлауының нәтижесін мойындамады. Еуропарламент бейбіт шеруді күшпен басуды және демонстрант Роман Бондаренконың өлімін айыптайтын резолюция қабылдады. Бірқатар шенеуніктерге санкция салынды.
  • Ресей Беларусьтегі сайлау нәтижесін мойындаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG