Accessibility links

Ақтөбеде "ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталған Молдинге үкім оқылды


Белсенді Әлібек Молдин.
Белсенді Әлібек Молдин.

21 желтоқсан күні Ақтөбе соты "ҚДТ ісіне араласты" деп айыпталған белсенді Әлібек Молдиннің бас бостандығын бір жылға шектеді. Сот үкіміне сай, Молдин 2021 жылдың 21 желтоқсанына дейін пробация қызметінің бақылауында болады. Әлеуметтік желі, мессенжерлерге пікірін жазып, жазба жариялай алмайды.

Тергеу орындары 37 жастағы Әлібек Молдинді "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" (Қылмыстық кодекстің 405-бап 2-бөлігі) деп айыптаған еді. Дүйсенбі күні сот үкімін оқыған судья Теміржан Алданов айыпталушыны "Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ), "Көше партиясы" қозғалыстарының жетекшісі" деп атады.

Алдановтың сөзінше, Әлібек Молдин әлеуметтік желіде ҚДТ идеяларын насихаттап, "Көше партиясы" атауын "Алаң" деп өзгертуге шақырған. Сот барысында оның желідегі жазбаларына психологиялық-филологиялық сараптама жасалған. Сарапшылар тергеу келтірген күдікті растаған.

Белсенді Молдин 2020 жылдың 10 қарашасынан бері үйқамақта отыр. 21 желтоқсаннан бастап бұлтартпас шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатпен ауыстырылады. Сот үкімі күшіне енсе, Молдин пробация қызметіне ескертпей, мекенжайын ауыстыра алмайды, қала аумағынан шыға алмайды.

Әлібек Молдин жарыссөз кезінде өзіне тағылған айыппен келіспейтінін жеткізді.

"Мен кінәлі емеспін. Назарбаевтың диктаторлық жүйесі мені заңсыз соттап отыр. 2016 жылдан бері азаматтық белсендімін. Осы аралықта өзіме, әке-шеше, бауырларыма талай рет ескерту жасалды. Саяси көзқарасымды өзгерту үшін жергілікті биліктің істемегені жоқ. Үстімнен бірнеше әкімшілік, қылмыстық іс қозғатты. Айыппұл салды, жұмыстан шығарды. Қазақстанда белсенді азаматтық позициясы үшін қылмыстық қудалауға ұшыраған мен сияқты 150 адам бар" деді Молдин жарыссөз кезінде.

Адвокат Әділ Түлкібаевтың айтуынша, Молдиннің тыйым салынған ұйым мүшесі екеніне ешқандай дәлел жоқ. "Айыпталушы ант қабылдамаған, ұйым жетекшілерінен нақты тапсырма алып, оны жүзеге асырмаған" деді адвокат.

Сот үкімімен келіспеген Әлібек Молдин апелляциялық алқаға шағымданатынын айтты.

Азаматтық белсенді Әлібек Молдин - жұмыссыз, бұрын сотталмаған, отбасы бар, үш баланың әкесі. Ол Ақтөбеде өтетін билікке қарсы наразылық жиындарына қатысып, бірнеше рет қамалып шыққан.

Биыл мамыр айында бас прокуратураның шағымы бойынша Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық соты "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп таныған. Прокуратура "Көше партиясы" елде "экстремистік" деп танылып, қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысы бар деп санайды. Ал белсенділер бұл ұйымның ҚДТ-ға қатысы жоғын айтады.

Бұл екі ұйымды Қазақстан соты "экстремистік" деп танығанмен Еуропарламент 2019 жылғы қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп сипаттаған. Қазан айында Еуропарламенттің 16 мүшесі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, "Көше партиясын" да "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.​

ҚДТ мен "Көше партиясын" экстремистік деп таныған сот шешімі жарияланған жоқ. Екі қозғалыстың жақтастары Қазақстанда жиі қуғындалады.

Қазақстандық құқық қорғаушылардың мәліметінше, қазіргі кезде елде сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалысына қатысы бар деп күдікке ілінген немесе айыпталған 110-нан астам адам бар. Құқық қорғаушылар 10 қаңтарға белгіленген парламент сайлауы қарсаңында қудаланған белсенділер көбейгенін атап өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG