Accessibility links

Коронавирус барын жоққа шығаратын Түркіменстан Ресейден Covid вакцинасын сатып алады


Маска таққан әйелдер. Көрнекі сурет.
Маска таққан әйелдер. Көрнекі сурет.

Коронавирус барын ресми мойындамаған Түркіменстан Ресейден Covid-ке қарсы вакцина сатып алады. Бұл ақпаратты Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлады.

"Біздің вакцина, әсіресе "Спутник V" вакцинасының түркімендерге пайдасы болады деп үміттенеміз" деді Ресейдің Түркіменстандағы елшісі Александр Блохин.

Дипломат Мәскеу Ашғабатқа 50 мыңнан астам тест-жүйесін сыйға тартты деп хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, Түркіменстан бұған қоса Ресейден құны шамамен 8 миллион доллар болатын медициналық жабдықтар сатып алған.

18 желтоқсан күнгі ТМД басшыларының видеожиынында Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов ресейлік әріптесі Владимир Путинді коронавирус инфекциясымен күреске күш салғаны үшін алғыс айтты.

Билікшіл "Түркіменпортал" басылымы Бердімұхамедовтің 2020 жыл коронавирус індетімен күреске жұмсалды, індет ТМД елдерінің денсаулық сақтау жүйесіне ірі сынақ болды деп айтқанын келтіреді.

Бердімұхамедов сонымен бірге сондай күрделі шақта ТМД елдері медицина, санитария, кеден және өзге де салаларда жылдам күш біріктіріп, жаңа қауіп-қатерге төтеп бере алды деген.

Азаттықтың Түркімен қызметі Ашғабаттағы ауруханаларда коронавирус белгілері бар пациенттердің көбейгенін жазады. Елде коронавирус бары ресми мойындалмаса да, кейбір медицина қызметкерлері коронавирус тестінен өту қызметін ұсына бастаған. Мары облысының билігі мектептерде масқа тағуды бақылауды күшейткен. Ереже бұзған мұғалімдерге айыппұл салынған.

– Жағдайы сәл тәуірлеген науқастар ауруханадан шығарылып жатыр. Оларға үйде емделуді тапсырған, себебі олардың орнына басқа науқас жатқызылады, – деді Ашғабаттағы емдеу мекемелерінің бірінде жұмыс істейтін қызметкер.

Түркімен билігі коронавирус тіркелгенін растамаса да, тұрғындардың қоғамдық орындарда маска тағып жүруін үнемі бақылайды. Кей жағдайда "бұл қауіпті тыныс ауруының жылдам тарауынан сақтайды" деп түсіндірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG