Accessibility links

"Халық таңдауы" партиясын құрғысы келген белсенділер биліктен жауап алмағанына шағымданды


Белсенділер партия құру туралы хабарламаны тапсыру үшін әділет департаментіне келіп тұр. Шымкент, 4 желтоқсан 2020 жыл.
Белсенділер партия құру туралы хабарламаны тапсыру үшін әділет департаментіне келіп тұр. Шымкент, 4 желтоқсан 2020 жыл.

22 желтоқсанда Шымкент қаласының әділет департаменті алдына жиналған 20 шақты белсенді "Халық таңдауы" жалпыұлттық партиясын құру туралы хабарламаға мемлекеттік органнан жауап келмей жатқанын айтып, наразылық білдірді. Екі апта бұрын белсенділер тәуелсіз партия құратынын мәлімдеген еді.

"Біз ұйымды тіркеуді сұрамаймыз, талап етеміз. Барлығын заң аясында істедік" деді белсенділер. Жиналғандар арасында Шымкенттен бөлек Атырау, Көкшетау, Орал, Тараз қаласынан келгендер болды. Олар қолдарына Қазақстан жалауы мен "Халық таңдауы" жалпыұлттық партиясы деген жазуы бар плакаттар ұстап тұрды. "Партияларды тіркеуді талап етеміз!", "Елдің таңдауы – біздің таңдауымыз!" деп те айқайлады.

Содан кейін арнайы дайындап келген үндеуін оқыды. Онда Қазақстанда саяси күштер жоқ болғандықтан президент және парламент сайлауларының әділ өтпейтіні, бірнеше партияның тіркеуден өте алмай жатқаны, халық күйзелген шақта сайлау өткізу қисынсыз екені жазылған. Белсенділер үндеу "Қазақстан халқы, билігі, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропарламентке арналғанын" айтты. Үндеу авторлары 10 қаңтарға белгіленген парламент сайлауын да кейінге шегеруді талап еткен.

"Қазақстан демократиялық, зайырлы мемлекет екені рас болса, сайлаудың халықаралық нормалары қатаң сақталуы тиіс. "Халық таңдауы" жалпыұлттық партиясын құруға ниетті бастамашыл топ 10 қаңтарда өтетін сайлауды кейінге қалдыруды талап етеміз" делінген үндеуде.

- 10 қаңтарға белгіленген сайлау әділетсіз, өтірік сайлау. Президент сайлауы да бұрмаланып, заңсыз өтті. Конституцияда көрсеткендей мемлекет болатын болсақ, сайлауды жаз айларына шегеруді талап етеміз. Халықты алдаудың қажеті жоқ. Сайлауды шегеруге миллион адамның қолы керек болса, жинаймыз, - дейді Атыраудан келген белсенді Сағынғали Қаписов.

Әділет департаментінің қабылдау бөлмесінде отырғандар белсенділерден партияны құру туралы хабарлама келгенін растады. "Өтініштеріңіз қаралып жатыр. Мұндай өтініштерге 15-30 күн аралығында министрлік жауап береді" деді қызметкер.

Шымкенттік белсенділер "Халық таңдауы" жалпыұлттық партия құратынын алғаш рет 4 желтоқсанда хабарлаған. Екі күннен кейін халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы партия құру туралы жиынның хаттамасын, 14 адам қол қойған саяси партия құру жөніндегі хабарламаны әділет министрлігіне жіберген. Олар биліктен партия құруға өтініш берген ұйымдарды тіркеп, мәжіліс және мәслихат сайлауына қатысуға мүмкіндік беруді сұраған.

Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы 10 қаңтарда өтеді. Оған "Нұр Отан", "Ақжол", "Адал", "Ауыл" және "Қазақстан халық партиясы" қатысады. Сарапшылар 2021 жылы 10 қаңтарға жоспарланған сайлауға билікке жақын партиялар ғана жіберілді деп санайды.

Елде былтырдан бері билікке сын айтып, саяси реформа талап етіп жүрген бірнеше бастамашыл топ пен саяси ұйымдар партия болып тіркеліп, парламент сайлауына қатысуды жоспарлаған. Бірақ олар түрлі себеппен сайлауға дейін тіркеле алмады.

Қазақстан заңына сай, қандай да бір ұйым саяси партия болып тіркелу үшін 20 мың мүшесі болуы шарт, мыңдаған адам қатысқан құрылтай өткізіп, әр аймақта филиал ашып, әділет министрлігіне құжат тапсыруы тиіс.

Биыл ақпан айында құрылтай съезін өткізуге талпынған "Демпартия" өкілдері шара қарсаңында биліктің қысымды үдеткенін мәлімдеп, құрылтай өткізуден бас тартқан болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG