Accessibility links

Шымкентте партия құрғысы келетін белсенділер биліктен сайлауды кейінге шегеруді талап етті


Белсенділер партия құру туралы хабарламаны тапсыру үшін әділет департаментіне келіп тұр. Шымкент, 4 желтоқсан 2020 жыл.

4 желтоқсан күні Шымкетте партия құрғысы келетін оннан аса белсенді 10 қаңтарға жоспарланған мәжіліс пен мәслихат сайлауына кейінге шегеруді талап етті.

Шымкент қалалық әділет департаментіне жиналған оннан аса белсенді әуелі "Халық таңдауы" жалпыұлттық партиясын құратындары туралы шешімін жариялады. Бастамашыл топтың жетекшісі Қалмахан Омар партия құру туралы жиынның хаттамасын, 14 адам қол қойған саяси партия құру жөнінде хабарламаны әділет департаменті арқылы әділет министрлігіне тапсыруға келгенін айтты.

Белсенділер биліктен партияларын тіркеуді, мәжіліс және мәслихат сайлауына қатысуға мүмкіндік беруді сұрады.

- Партиялардың бәрі тіркелмейінше парламент сайлауын кейінге қалдыруды талап етемін, - деді Қалмахан Омар.

Жиналған белсенділердің бірі Әбдірахман Қасымбеков "Конституцияның 33-бабы 2-тармағына сай әр азамат сайлануға және сайлауға құқығы бар. Бірақ "Сайлау туралы" заңмен азаматтардың бұл құқығы шектеліп, мәжіліс пен мәслихатқа тек партия атынан қатысуға рұқсат етілген" деп наразылық танытты.

Әділет департаменті белсенділердің партияны құру туралы хабарламасын қабылдамады. Департаменттегілер хабарламаны қалалық халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жіберілетінін айтты. Осыдан соң белсенділер халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, бар құжатты орталық маманына берді.

10 қаңтардағы мәжіліс және мәслихат сайлауына биліктегі "Нұр Отан", "Ақжол", "Адал", "Ауыл" және "Қазақстан халық партиясы" қатыспақ. Қазақстан заңына сай, депутат болғысы келетін адам партия арқылы ғана сайлауға түсе алады. Жеке кандидат ретінде тіркелуге мүмкіндік жоқ.

Сарапшылар 2021 жылы 10 қаңтарға жоспарланған сайлауға билікке жақын партиялар ғана жіберілді деп санайды.

Елде былтырдан бері билікке сын айтып, саяси реформа талап етіп жүрген бірнеше бастамашыл топ пен саяси ұйымдар партия болып тіркеліп, парламент сайлауына қатысуды жоспарлаған. Бірақ олар түрлі себеппен сайлауға дейін тіркеле алмады. Екі айдай қалған сайлауға дейін қандай да бір ұйым жаңа партия болып тіркелуі екіталай. Қазақстан заңына сай, қандай да бір ұйым саяси партия болып тіркелу үшін 20 мың мүшесі болуы шарт, мыңдаған адам қатысқан құрылтай өткізіп, әр аймақта филиал ашып, әділет министрлігіне құжат тапсыруы тиіс.

Cайлауға дейін партия тіркегісі келген белсенділер "билік өзіне қарсы шығатын саяси күштерді сайлауға жібермеді, ресми тіркеуден өткізбеді", "10 қаңтарда өтірік әрі өлі сайлау болады" деп санайды.

Сайлау жарияланған соң елде кейбір белсенділер түрлі наразылық шараларда жұртты сайлауға бойкот жариялауға шақырып жүр.

Қазіргі парламенттегі негізгі орынды бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" билік партиясы иеленіп отыр. Назарбаев осы партияның жетекшісі ретінде билікке ықпалын сақтап қалды. Қалған орындар билікке жақын "Ақ жол" және "Қазақстан коммунистік халық партиясына" (10 қаңтардағы сайлауға "Қазақстан халық партиясы" деп қатыспақ) тиесілі.

ЕҚЫҰ бастаған халықаралық ұйымдар Қазақстанда өткен сайлаулардың барлығын "демократиялық талаптарға сай" деп мойындамаған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG