Accessibility links

Аягөз интернатындағы балалар өліміне байланысты айыпталғандарға үкім шықты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласындағы интернатта тұратын мүмкіндігі шектеулі балалардың қазасына айыпты саналған үш адамға үкім шықты. Ақпаратты ҚазТАГ агенттігі хабарлады. Аягөз аудандық соты тараптардың (прокурор, айыпталушылар және балалар орталығы) сот алдындағы процессуалды келісімін ескере отырып, үкім шығарған.

Аягөз аудандық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернаттың екі медицина қызметкерінің бостандығын 2 жылға шектеп, бір жыл медициналық қызметпен айналысуға тыйым салған. Осы орталықтың тағы бір қызметкеріне 3,5 жыл шартты жаза берілген. Процеске қатысушылардың аты-жөндері айтылмайды.

Аягөздегі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған интернатта биыл 2-29 сәуір аралығында 2006, 2008, 2009 жылғы үш ұл мен 2012 жылғы бір қыз қайтыс болған еді. Ішкі істер министрлігі 18 мамырда Қылмыстық кодекстің 317-бабы ("Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы") бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлаған. Бастапқыда балалар "қызылшадан қайтыс болды" деген болжам айтылған еді.

Мамырдың 20-сына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат балалар "туабітті аурулары асқынып" көз жұмды деген. Шенеунік қайтыс болған балалардың қатты жүдеуін де олардың сырқатымен байланыстырған.

Ал интернат қызметкерлері "істі ың-шыңсыз жабуға" талпыныс жасалғанына, тиісті органдардың мәселеден хабардар бола тұра "шара қолданбағанына" шағымданған.

Қайтыс болған төрт баланың денесіне 26 қарашада эксгумация жасалғаннан кейін кемінде үшеуінен жарақат табылғаны хабарланды.

Былтыр ақпарат құралдарында интернат балаларының "жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағаны" жайлы видео тараған. Оған байланысты қозғалған қылмыстық іс "дәлел жетпеуіне" байланысты тоқтатылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG