Accessibility links

Covid пен пневмония: 910 науқас анықталды, 11 адам қайтыс болды


23 желтоқсанда Қазақстанда 754 адамға коронавирус жұққаны тестпен расталған. 156 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Бір күнде Covid пен пневмониядан 11 адам қайтыс болған.

Ресми мәлімет бойынша, наурыз айынан бері 149 462 адамның коронавирус тесті оң нәтиже көрсеткен, 2 218-і қайтыс болған. 9-ы өткен тәулікте көз жұмған. Сәрсенбі күні ең көп науқас Нұр-Сұлтан (118) мен Алматы қаласында (90) тіркелген. Алматы қаласында науқастардың көбеюіне байланысты 23 желтоқсанда қала "жасылдан" "сары аймаққа" өтті.

Коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандарды денсаулық сақтау министрлігі 1 тамыздан бері есепке алып келеді. Оған дейін қанша адамның коронавирус пневмониясымен ауырғаны белгісіз. Ол жайлы мәлімет жарияланбады. 1 тамыздан бері 44 951 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған, 483-і қайтыс болған. Өткен тәулікте 2 адам өлімі тіркелді.

Қазір коронавирус пен коронавирус пневмониясынан 24 126 адам емделіп жатыр. 12 181 адамның Covid тесті оң нәтиже көрсеткен. 231 науқастың жағдайы ауыр. Дәрігерлер 47 адамның жағдайын өте ауыр деп бағалайды. 42 науқас жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 78,6 млн адам болды. Шамамен 44,2 млн адам жазылған, 1 млн 730 мың науқас қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG