Accessibility links

Bek Air апатына 1 жыл: "Кінәліні таппаған", "жолақысын қайтармаған"


Апат орнындағы Bek Air әуе компаниясының ұшағы. 27 желтоқсан 2019 жыл.
Апат орнындағы Bek Air әуе компаниясының ұшағы. 27 желтоқсан 2019 жыл.

Алматы әуежайына жақын маңда жолаушылар ұшағы апатқа ұшырағалы бір жыл өтсе де, полиция 12 адамның өлімі мен ондаған адамның жаралануына әкеп соққан қайғылы оқиға бойынша тергеуді әлі жүргізіп жатыр. Бір жарым мыңға жуық адам алдын-ала сатып алған билеттерінің ақшасын қайтара алмай жүр. Компанияның бұл жолақысы бойынша берешегі 100 миллион теңгеден асады.

Fokker-100 ұшағы 27 желтоқсан күні таңертең құлады. Биліктің дерегінше, ұшақ ұшу кезінде биікке көтеріле алмай, ұшу алаңының сыртына шығып, бетон қоршауды бұзып өтіп, әуежай аумағының сыртындағы иесіз тұрған үйге барып соғылған. Ұшақта 98 адам, оның ішінде тоғыз бала және бес экипаж мүшесі болған.

"МЕМЛЕКЕТКЕ ӨКПЕЛІМІН. МҰНДАЙ ЕЛДЕ ТҰРҒЫМ КЕЛМЕЙДІ"

Алматы тұрғыны Надежда Карнаева сол рейсте күйеуімен бірге болған.

– Күйеуім ұшардың алдында "Апатқа ұшырамасақ болар еді, ұшақтың сыртына мұздануға қарсы сұйықтық сеппеді ғой" деп әзілдеді, – дейді қайғылы күнді еске алған Карнаева.

Ұшақ апатынан кейін Надежда алғашқылардың бірі болып жедел-жәрдем мен Алматы әуежайына хабарласқан.

Әуежайға хабарласып, "құтқарушылар мен жедел-жәрдем қайда?" деп сұрай бастадым. Олар ұшақ құлағанын білмейтін болып шықты.

– Байланыс үзіліп кете берді. Олар қайта хабарласады, біз естімейміз. Кейін әуежайға хабарласып, "құтқарушылар мен жедел-жәрдем қайда?" деп сұрай бастадым. Әуежайдағылар ұшақ құлағанын білмейтін болып шықты. Күйеуім басқа жолаушылармен бірге қираған ұшақтың астында қалған адамдарды шығара бастады. Қолымда кішкентай сәби болды. Жанымда сүйектері сынған басқа балалар жатты. Қараңғы әрі суық болды. Оларды айналама жатқыза бастадым. Бәрінің астан-кестені шығып жатты, – дейді ол.

Надежда қараңғыда "құтқарушы" жарықты көрген кезін әлі күнге ұмытпаған. Бұл әуежайдың қызметтік "Нива" көлігі болып шыққан.

– Ол бізді көрді де, артқа жүре бастады. Қолымдағы баламен бірге көліктің артынан жүгіріп, "тоқта" деп айқайладым. Көлікті қуып жетіп, артық сөзсіз жаралы балаларды салып жібердік. Бірінші жедел-жәрдем көлігі қырық минуттан кейін бір-ақ келді. Ол көлікте зембіл болмады, – дейді оқиға куәгері.

Надежда Карнаева мемлекеттен көңілі қалғанын, елден кеткісі келетінін айтады.

– Өте қатты стресс алдық. Жыл өтсе де, әуе компаниясынан ешқандай өтемақы алған жоқпыз. Тіпті кешірім сұрап, билетіміздің ақшасын да қайтармады. Кінәлілер бостандықта жүр. Осы адамгершілікке жата ма? Бұл жауапсыз әрі дұрыс емес әрекет. Бұрын патриот болсам, қазір елден кету туралы ойланып жүрмін. Мемлекетке қатты өкпелімін. Мұндай елде тұрғым келмейді, – дейді ол.

Ұшақ апаты болған жердегі құтқару жұмыстары. 27 желтоқсан 2019 жыл.
Ұшақ апаты болған жердегі құтқару жұмыстары. 27 желтоқсан 2019 жыл.

Ольга Девичинская мен күйеуі де апаттан ауыр жарақат алмай, оңай құтылған. Ерлі-зайыптылар жедел-жәрдем көлігі мен құтқарушылар келгенше апаттан зардап шеккен жолаушыларға көмектескен. Ольга не апат болған күні, не одан кейінгі бір жыл ішінде биліктен ешқандай қамқорлық көрмегеніне қынжылады.

Әуежайдан кетуге рұқсат бергенде, таксиге отырдық та, қайтып кеттік.

– Бізді апат орнында барлық қызмет өкілдері келгенше ұстап, ең соңында бір-ақ алып кетті. Әуежайға жеткенде, бізге ешкім назар аудармады. Не дәрігер, не психолог келмеді. Әуежайдан кетуге рұқсат бергенде, таксиге отырдық та, қайтып кеттік, – дейді Девичинская.

Ол күйеуі мен өзіне ешқандай өтемақы төленбегенін айтады.

– Ешкімнен бір тиын да алған жоқпыз. Тіпті билетіміздің ақшасын да қайтармады. Наурызда және қарашада президентке екі рет хат жаздым. Хаттың түскенін растайтын қағаз ғана келді. Президент пен сол ұшақта болған адамдар арасында қабырға тұрған сияқты. Біздің мәселеміз ешкімге керек болмай қалды. Әкімдік жарақат алғандар мен марқұмдардың туыстарына ғана өтемақы төленетінін айтты, – дейді ол.

Бұл істегі басқа жәбірленушілер сияқты Девичинская да полициядан қылмыстық істің белгісіз мерзімге дейін тоқтатылғаны туралы хабарлама алған.

– Пандемияға және әуе компаниясының Голландияға қатысы болуына байланысты полиция белгілі бір қорытындыларға қол жеткізе алмай отыр екен. Демек кінәлілер болмайды. Жұмасұлтановтың (Нұрлан Жұмасұлтанов –Bek Air компаниясының бұрынғы басшысы) екінші пилотты жерлеу рәсімінде өзін қалай ұстағанын көрдіңіз ғой? Жазадан жалтарып кететіндей көрінеді, – дейді Девичинская.

"БӘРІ ЖАҚСЫ, ТЕК БАУЫРЖАН ЖОҚ"

Талдықорғанда тұратын Маусым Қалиева апат кезінде күйеуінен айырылған. Бауыржан Қалиев 40 жаста болған. Апатқа дейін кәмелеттік жасқа толмаған үш бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты Алматыда тұрып жатқан.

Ерлі-зайыпты Маусым және Бауыржан Қалиевтар. Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды.
Ерлі-зайыпты Маусым және Бауыржан Қалиевтар. Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды.

– Полицияға арыз жаздық. Үнемі хабарласып, істің қалай жүріп жатқанын сұрап тұрамыз. Бізге “тергеу жүріп жатыр, сотты күтіңіздер” дейді. Сондықтан әзірге ешқандай кемшілігін айта алмаймыз. Сот әділ шешім шығаратын шығар, – дейді Маусым Қалиева.

Өзінің айтуынша, жергілікті әкімдік отбасына төрт миллион теңге төлеген. Қоғамдық қорлар мен жеке кәсіпкерлер де көмектескен. Сақтандыру төлемінің арқасында отбасы пәтердің ипотекасын жауып, Талдықорғанға көшіп кеткен.

– Өзіме тиесілі дүниенің бәрін алдым. Осы үшін бәріне алғыс білдіремін. Бізде бәрі жақсы, тек Бауыржан жоқ, – дейді марқұмның жесірі.

Маусым Қалиеваның сөзінше, әуе компаниясы тарапынан ешқандай көмек көрсетілмеген. Bek Air компаниясының өкілдері Қалиевтар отбасына әлі күнге көңіл де айтпаған.

БІР ЖЫЛ ӨТСЕ ДЕ, ЕШКІМГЕ АЙЫП ТАҒЫЛМАҒАН

"Юстус" заңды кеңесшілер палатасының төрағасы Жанетта Бегахметова ұшақ апатынан зардап шеккен, әуе компаниясынан өтемақы мен кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отырған 16 жәбірленушінің мүддесін қорғап жүр.

– Кінәлілер қайткен күнде де жазасын алуы керек. Адамдар жақынын жоғалтты, физикалық және моральдық тұрғыдан жапа шекті. Бір жыл өтсе де, ешкімге айып тағылмауының себебін айтуға әлі ерте. Қылмыстық тергеу әлі аяқталған жоқ. Полиция ұшақ апатына шынымен қатысы бар адамдарды табады деп ойлаймын. Кінәсіздік презумпциясы бар. Қазір әуе компаниясынан өтемақы талап етуге әлі ерте, – дейді Жанетта Бегахметова.

Bek Air ұшағының құлаған жері. 27 желтоқсан 2019 жыл.
Bek Air ұшағының құлаған жері. 27 желтоқсан 2019 жыл.

АЯҚТАЛМАҒАН ТЕРГЕУ

Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің Азаттыққа жіберген жауабында "Ұшақ апаты бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі жалғасып жатыр. Қазір шетелден осыған дейін жіберілген құқықтық көмек көрсету туралы өтініштерге жауап күтіліп отыр. Тергеуге қатысты басқа ақпаратты жариялауға болмайды" делінген.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жанындағы ұшақ апатын зерттеу жөніндегі комиссия да апаттың себебін анықтау мақсатында зерттеу жүргізіп жатыр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметінің хабарламасында "Бүкіләлемдік пандемия мен карантин шараларына байланысты комиссияға қазірге дейін ұшақ бортындағы құрылғыларға жазылған дерек негізінде дайындалған қорытынды есеп пен авиациялық техниканың басқа зерттеулері келген жоқ" делінген.

Комиссия болған оқиғаның сыртқы факторлардың әсері (метеожағдай: жел бағытының өзгеруі, құйын, ұшаққа мұз қатуы) және адами фактор деген екі нұсқасын қарастырып жатыр.

Ведомство зерттеуге мемлекетаралық авиациялық комитет, Нидерландыдағы авиациялық оқиғаларды зерттеу жөніндегі бюро және Fokker компаниясының өкілдері қатысып жатқанын мәлімдеді.

2020 жылы қаңтарда қайғылы оқиғадан кейін екі аптаға жетпей, Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр басқарған үкіметтік комиссия "апаттың негізгі нұсқасына сәйкес, ұшаққа мұз қатқан" деп мәлімдеді.

Ұшақ апатынан кейін белгісіз уақытқа дейін қызметі тоқтаған Bek Air әуе компаниясының басшылығы қайғылы оқиғадан кейін үш күннен соң ұшақтың құлауына Fokker-дің алдында ұшқан ұзақ магистральді ауыр ұшақтан қалған "ауа ағыны" себеп болуы мүмкін екенін айтқан.

БИЛЕТТІҢ АҚШАСЫН КІМ ЖӘНЕ ҚАШАН ҚАЙТАРАДЫ?

Апатқа дейін Bek Air компаниясынан билет сатып алған жүздеген қазақстандық әлі күнге ақшасын қайтара алмай жүр. Олар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде бірігіп, президентке хат жазған.

Сауда және интеграция министрлігі тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің баспасөз қызметі "ведомство әуе компаниясынан 101,5 миллион теңгеге билет сатып алған 1 646 жолаушының мүддесін сотта үш рет қорғады" деп хабарлады.

– Сот 96,3 миллион теңгеге берілген алғашқы үш шағымды қанағаттандырды. Қазір төртінші шағым қаралып жатыр, – деді комитеттің баспасөз қызметінің өкілі Мадина Ахметова. Ол ары қарай сот шешімін алған азаматтар жеке сот орындаушыларға барып, әуе компаниясынан ақша өндіріп алуы керек деп түсіндірді.

Нұр-Сұлтан тұрғыны Балгүл Омарова 2019 жылдың қыркүйегінде 58 мың теңгеге өзіне және ұлына Алматыдан Нұр-Сұлтанға және кері бағытта Bek Аir компаниясынан билет алған.

Нұр-Сұлтан тұрғыны Балгүл Омарова. "Настоящее Время" видеосынан жасалған скрин.
Нұр-Сұлтан тұрғыны Балгүл Омарова. "Настоящее Время" видеосынан жасалған скрин.

– Барлық сотта жеңіске жеткенімізге қарамастан, ақшамызды қайтара алмай жүрміз. Үкімді сот орындаушыларына тапсырдық. Бірақ әуе компаниясы тарапынан ешқандай ақпарат та, әрекет те жоқ. Ары қарай не істейтінімізді білмейміз, – дейді ол.

20 желтоқсанда бастамашыл топ Facebook-те президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтініш айтып, хат жариялады.

Хатта "Біз ақша қайтару процесінің осынша ұзаққа созылғанына келіспейміз. Қазақстандықтардың ақшасын сақтандыру төлемі есебінен қайтарып, адамдарды күтуге мәжбүрлемей, сот істерін кейін шешуге болады деп есептейміз" делінген.

Бірақ апатқа ұшыраған ұшақты сақтандыруға алған Amanat сақтандыру компаниясы жарақат алған азаматтар мен қаза тапқандардың туыстарына өтемақы төлеп, жолаушылар алдындағы міндетін орындағанын айтады.

Компанияның баспасөз қызметінің дерегінше, сақтандыру төлемдерінің жалпы сомасы 129 миллион 361 мың теңгені құраған. Қаза тапқан жеті азаматтың отбасына бес мың АЕК, 2-топ мүгедегі атанған үш жолаушыға 3 500 АЕК көлемінде өтемақы төленген. 42 адамның медициналық шығыны өтелген. Жақынын жоғалтқан 11 отбасыға жерлеу рәсіміне 100 АЕК берілген.

Компания адамдардың билет ақшасын сақтандыру есебінен қайтару туралы өтінішіне "Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" заң бойынша, билет құнын қайтару сақтандыру төлемі берілетін жағдайға кірмейді деп жауап берді.

Bek Air компаниясының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов (ортада). 30 желтоқсан 2019 жыл.
Bek Air компаниясының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов (ортада). 30 желтоқсан 2019 жыл.

АҚАУ БЕЛГІЛЕРІ

Ресми дерек бойынша, Bek Air әуе компаниясының басқарма төрағасы Нұрлан Жұмасұлтанов 2018-2019 жылдары Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің авиациялық апаттарды зерттеу басқармасын басқарған.

Жұмасұлтанов қол астындағы қызметкер 2017 жылы болған екі жағдайды зерттеу кезінде жемқорлық жасады деп күдікке ілінгені үшін жұмыстан босатылған.

2019 жылғы апатқа дейін әуе компаниясында ұшақтардың техникалық ақауы байқалған.

2016 жылы наурызда Bek Air компаниясының Қызылордадан ұшқан Fokker-100UP-F1012 ұшағы төтенше жағдайда алдыңғы дөңгелегі ашылмаған күйде Астана әуежайына қонған. Ұшақта 122 адам болған, бірақ ешкім жапа шекпеген. Дөңгелектің ашылмау себебі өндірістік ақау деп түсіндірілген.

2018 жылы желтоқсанда Bek Air ұшағы Астана әуежайынан ұшқан бойда техникалық ақауға байланысты қайта қонған.

Дәл осы жылы ақпанда компанияның дерегінше, Bek Air ұшағы "салондағы герметизацияның жоғалуына байланысты" Таразға қонуға мәжбүр болған.

Қазақстан үкіметі осы жағдайлардан кейін әуе компаниясының қызметі тексерілгенін айтып, салалық органдарға "Bek Air компаниясындағы ұшу қауіпсіздігінің деңгейін арттыру бойынша шаралар жоспарын дайындауды тапсырған".

Bek Air басшылығынан пікір алу мүмкін болмады. Компания сайты бұғатталған, желіде көрсетілген телефон бойынша қоңырауға ешкім жауап бермейді, Нұрлан Жұмасұлтановтың телефоны өшірулі.

Бұл – Қазақстанда тәуелсіздік жылдары болған үшінші әуе апаты. Қайғылы оқиғалардан кейін ел билігі жалпыұлттық қаралы күн жариялаған. 2012 жылы Ұлттық қауіпсіздік қызметі шекара қызметінің АН-72 әскери-тасымалдау ұшағы Шымкентке жақын жерде апатқа ұшырап, 27 адам көз жұмған. 2013 жылы Көкшетау-Алматы арасында ұшқан SCAT әуе компаниясының жолаушылар ұшағы Алматы облысындағы Қызылту ауылына жақын жерге құлап, 21 адам қаза тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG