Азаттық сіз оқитын жалғыз басылым емес екенін және жарияланған журналистік жұмыстардың бәрін қамту мүмкін бола бермейтінін білеміз. Тілшілеріміз осы аптада да қоғамдағы маңызды оқиғаларды елеусіз қалдырмай, мақала мен видеорепортаждар әзірледі, тамыры терең жайылған әлеуметтік мәселелерді қозғады. Демалыс күні сайтымыздағы аптаның үздік жеті хикаясын назарларыңызға тағы бір мәрте ұсынамыз.
Назарбаев әулетінің шетелдегі зәулім сарайлары
Азаттық радиосы жаңа зерттеу жүргізіп, Назарбаев жақындарының, соның ішінде оның екі қызының, жиендерінің және інісінің шетелдегі мүліктері жайлы жан-жақтан ақпарат жинап шықты. Зерттеуде Назарбаев туыстарының шетелдегі мүлкінің бір бөлігі қамтылған. Дегенмен бұл зерттеуден Назарбаев маңындағы адамдардың шетелдегі қымбат мүліктерінің құны, орналасқан жері жайлы деректерді таба аласыз.
Зерттеуден үзінді:
«Женева көлінің мөлдір суы, табиғаты әсем жағалау. Швейцарияның шығыс бөлігіндегі Аньер коммунасы - дипломаттар, банкирлер және қалталы швейцариялықтар тұратын көрікті жер. Мұндағы үйлердің көбі – шифермен жабылған я мансардалы қарапайым ғимараттар. Кейбірінде ежелгі грек не Рим заманындағыдай коринфтік үлгідегі колонналар бар. Тағы бір үйдің көк шалғынында Жура тауына көз тастап отыруға болатын жаппа тұр. Көл бойындағы үйлердің кейбірінің жанында қаңтарылған моторлы я ескекті қайық байқалады. Бұл үйлердің көбі қауіпсіздік үшін биік дуалмен қоршалған әрі камера орнатылған.
Қалашықтағы қарапайым үйлердің арасында бір вилла ерекшеленіп, көзге бірден түседі. № 399 Route D'Hermance мекенжайында орналасқан үш қабатты зәулім үйдің аумағы 3200 шаршы метр. Вилланың 25 метрлік бассейні, спа, қонақ күтетін орны және терассасы бар.
Бұл – аймақтағы ең қымбат үй. Швейцариядағы құжаттарға сай, бұл вилланың иесі – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева. Динара мен оның күйеуі Тимур Құлыбаев бұл вилланы 2009 жылы 75 миллион долларға сатып алған. Динара және Тимур Құлыбаевтар Қазақстандағы ең бай адамдардың қатарында.
Динара мен Тимурдан бөлек Назарбаевтың басқа да жақындарының Батыста қымбат үйлері бар».
Зерттеуді мына жерден таба аласыз.
"Мұғалім қолымен жасалатын былық". Сайлауды бұрмалауға ұстаздар қатыса ма?
Білім министріне хат жазып, "ұстаздарды сайлауға араластырмауды" сұраған белсенді мұғалімдер "билік біздің қолымызбен от көсеп отыр" дейді. Сайлауға түскен билікшіл партия өкілдері мұны жоққа шығарады. Ал сарапшы "мұғалімдердің азаматтық санасы оянып келе жатыр" деп санайды.
Мақаладан үзінді:
Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының тұрғыны Айнаш Болатова (өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) 2012 жылы өткен парламент сайлауында сайлау комиссиясының мүшесі болған. Оның айтуынша, билік партиясы "Нұр Отанға" 100 пайыз дауыс алып беру үшін жұмыс істеген комиссия мүшелері өзге бюллетендерді жарамсыз етіп тастаған.
– Ол кезде жасымыз отызға да толмаған жас маман едік. Мектептен үш мұғалімді комиссия мүшесі етіп қойды. Бізден бөлек, [комиссия құрамында] ауруханадан және поштадан адамдар болды. Есімде қалғаны – сайлауға жеті партия қатысты. Бірақ біз тек бір партияға – "Нұр Отанға" ғана жұмыс істедік. Дауыс санайтын кезде аудан әкімі мен оқу бөлімінің бастығы қадағалап тұрды. Басқа партияға дауыс бергендердің бюллетендерін жарамсыз етіп, екінші партияның тұсына белгі соғып отырдық. Ішімізде бір жасы үлкен апай болып еді. Сол кісі қарсы шығып "Мынау не сұмдық? Сонда басқа партияға ешкім дауыс бермеді дегенге ел сене ме?" деп еді, аудан әкімі "бұл – жоғарының тапсырмасы" деді, – дейді 2012 жылы өткен парламент сайлауында комиссия мүшесі болған Айнаш Болатова.
Мақаланың толық нұсқасын оқу үшін сілтемені басыңыз.
Шыңжаң, "батыс аудиториясының бойкүйездігі" мен Қазақстан-Қытай қатынасының болашағы. Тристан Кендердайнмен сұхбат
Тристан Кендердайн – Future Risk талдау компаниясының зерттеу жөніндегі директоры, Қытайдың геоиндустриалды саясатының Орталық Азия мен Таяу Шығысқа әсерін зерттеп жүрген саяси экономика маманы. Ол Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстанның Шыңжаңнан келген этникалық қазақтарға босқын мәртебесін беру себебі, Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының болашағы және қос елдің этникалық саясатындағы айырмашылықтар туралы айтып берді.
Сұхбаттан үзінді:
Тристан Кендердайн: Үкімет Қазақстан этникалық қазақтардың үйіне айналып, олардың әрқайсысының қайта оралуға мүмкіндігі болуы керек деп айтады. Жыл сайын тарихи отанына оралған отбасыларға квота бөледі. Бірақ Шыңжаңнан қашып, шекараны жаяу кесіп өткен этникалық қазақтарға келгенде олардың құқықтық мәртебесі туған жерге "оралу" деп қарастырылмайды.
Сұхбатты оқи отырыңыз.
"Совет билігі оларды тарихтан өшіруге тырысты". Карлаг тұтқындарының өмірін зерттеушімен сұхбат
90 жыл бұрын, 1930 жылғы желтоқсанда Қарағандыдан 45 километр жердегі Долинка ауылында ГУЛАГ жүйесіндегі ең ірі тұтқындар лагері құрылды. Азаттық Қарағандының тумасы, қазір Мәскеуде тұратын филология ғылымдарының кандидаты, Қарлаг тұтқындары жайлы деректер мен олардың қамауда отырып жазған шығармаларын жинап жүрген Оксана Воробьевамен сұхбаттасты.
Сұхбаттан үзінді:
Оксана Воробьева: Қарлаг туралы бала күнімнен білемін. Қарағандының тұтқындар лагерьлерінің қайғылы тарихына назар аударуыма балалық қызығушылығым себеп болды. Қарағандыда мен тұрған ауданда бұрын немістер көп болатын. Көкейімде "Мұнда немістер неге көп?" деген сұрақ пайда болды. "Германия бізге жақын емес қой" деп ойладым. Кейін "Олар бұл жаққа қашан және қалай келген?" деген сұрақтар мазалай бастады.
Осылайша совет билігі Ұлы Отан соғысы (екінші дүниежүзілік соғыс - ред.) кезінде немістерді қауіп көріп, Қазақстанға, Қарағандыға депортациялағанын білдім. Қарағандыға Совет одағының түкпір-түкпірінен қаншама азамат жер аударылған. Қазір өзім тұрған аудан, аула, подъезді еске алсам, ойыма бірден неміс, поляк, еврей, литван мен латыштардың есімдері оралады.
Сұхбатты оқу үшін мына бетке өтіңіз.
Құда – төраға, құдағи – кандидат. Тәуелсіз ұйымдар неге экзитполдан шеттетілді?
Қазақстанның орталық сайлау комиссиясы мәжіліс сайлауынан бір ай бұрын экзитпол жүргізетін ұйымдар тізімін жариялаған. Кейін биліктен тәуелсізбіз деген ұйымдар тізімге ешқандай негізсіз енбей қалғанын мәлімдеді. Экзитполдың сайлаудың әділ өтуіне қандай қатысы бар? Билік оған неге араласады?
"Таза ауаға зармыз". Тұрғындар Семей цемент зауытынан ығыр болғанын айтады
Семейдегі цемент зауытынан тараған өткір иіс бетке таққан масканың сыртынан қалың шарф орасаң да өтіп кетеді. Ресми мәліметте кәсіпорыннан ауаға тарайтын зиянды заттар шекті мөлшерден аспайды деп көрсетілген. Бірақ зауыт маңындағы тұрғындар терезені ашса, үйінің ішін цемент шаң-тозаң басып қалатынын айтады.
Мақаладан үзінді:
– Жазда еденді күнде жуамыз. Өйткені еденнің бетін цемент басып қалады. Терезені ашу мүмкін емес. Зауыттың жанынан өтсең тіпті сұмдық. Қар жауған күні кешке қарасаң, жердің бетін сұр түсті шаң-тозаң басып қалады. "Зауытта ауаға бөлінетін қалдықтарды тазартатын құрылғылар орнатылған" дейді. Ал мен ешқандай құрылғы жоқ деп ойлаймын. Жазда қатты байқалады. Өсімдік жапырағына қақ тұрады. Қазір бүкіл мұржалар жұмыс істеп тұрған сияқты. Бұрын мұндай болмайтын. Соған қарағанда, зиянды қалдық мөлшері көбейген сияқты. Бір жарым жылдан бері көрген күніміз осы, бұрын мұндай қатты қақ болмайтын, – дейді Цементшілер кентінде 30 жылдан бері тұратын Марина Вулданова.
Мақалаға өтіңіз.
Мүгедек жандар көмекші мен инватакси қызметіне мұқтаж
Қызылорда қаласының мүмкіндігі шектеулі азаматтары жүріп-тұру қиындағанын айтады. Сөздерінше, мемлекеттен берілетін жеке көмекшілердің уақыты шектеулі, ал инватаксидің алып баратын жері санаулы.
ПІКІРЛЕР