Accessibility links

"Таза ауаға зармыз". Тұрғындар Семей цемент зауытынан ығыр болғанын айтады


Семей қаласындағы цемент зауыты мен ол орналасқан кент. Шығыс Қазақстан облысы, 18 желтоқсан 2020 жыл.

Семейдегі цемент зауытынан тараған өткір иіс бетке таққан масканың сыртынан қалың шарф орасаң да өтіп кетеді. Ресми мәліметте кәсіпорыннан ауаға тарайтын зиянды заттар шекті мөлшерден аспайды деп көрсетілген. Бірақ зауыт маңындағы тұрғындар терезені ашса, үйінің ішін цемент шаң-тозаң басып қалатынын айтады.

Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының шетіндегі цемент зауыты орналасқан аумақ қазір Цементшілер кенті (Цемпоселок) деп аталады. Совет заманында жеке сектордағы үйлердің қасынан салынған зауыттың айналасы жылдар өте келе үлкен елдімекенге айналған.

2010 жылы кент тұрғындарының бірі зауыттың экологиялық заңнаманы бұзғанын айтып, облыстық табиғатты қорғау прокуратурасына ресми шағым түсірген. Билік өкілдері шағым бойынша тексеру жүргізіп, ауадағы шаң мөлшері рұқсат етілген шекті мөлшерден артық екенін анықтағаннан кейін зауытқа 2,3 миллион теңге айыппұл салынған. Содан бері қоршаған ортаны қорғау шаралары қолға алынып, өндіріс жабдықтары модернизациядан өткізілді дейді зауыт өкілдері. Бірақ жергілікті халық экологиялық ахуал сол күйі жақсарған жоқ деп шағынады.

"КҮНДІЗ ЖАУҒАН ҚАР КЕШКЕ ДЕЙІН СҰР ТҮСКЕ ЕНЕДІ"

– Жазда еденді күнде жуамыз. Өйткені еденнің бетін цемент басып қалады. Терезені ашу мүмкін емес. Зауыттың жанынан өтсең тіпті сұмдық. Қар жауған күні кешке қарасаң, жердің бетін сұр түсті шаң-тозаң басып қалады. "Зауытта ауаға бөлінетін қалдықтарды тазартатын құрылғылар орнатылған" дейді. Ал мен ешқандай құрылғы жоқ деп ойлаймын. Жазда қатты байқалады. Өсімдік жапырағына қақ тұрады. Қазір бүкіл мұржалар жұмыс істеп тұрған сияқты. Бұрын мұндай болмайтын. Соған қарағанда, зиянды қалдық мөлшері көбейген сияқты. Бір жарым жылдан бері көрген күніміз осы, бұрын мұндай қатты қақ болмайтын, – дейді Цементшілер кентінде 30 жылдан бері тұратын Марина Вулданова.

Осы кезге дейін не Марина, не көршілері зауытқа немесе бақылаушы органдарға шағымданбаған. Марина арыз-шағымын кімге жеткізу керегін білмейтінін айтып, артынша "Тәйірі, одан пайда бар ма?" деп сенімсіздік білдіреді.

Цементшілер кентінде тұрып жатқанына алты жыл болған Айжан Төлебаева балаларының денсаулығына алаңдайды. Бірақ қандай шара қолдануға болатынын білмейді. Қазір Айжанның отбасы қаланың басқа ауданына көшуді ойланып жүр.

Семей қаласының тұрғыны Айжан Төлебаева.
Семей қаласының тұрғыны Айжан Төлебаева.

– Жел бізге қарай соққан кезде цемент шаң-тозаң қарша борайды. Жайған кірді түнге қалдырмай жинап аламын. Әйтпесе таңға дейін жуылмағандай, қап-қара болып қалады. Карантин кезінде зауыттың жұмысы тоқтап, қалдық бөлінбей қалып еді. Қазір қайта бастады, – дейді зауыт мұржасынан шыққан түтінді қолымен нұсқап көрсеткен Айжан.

Азаттық тілшісі сөйлескен өзге тұрғындар да Марина мен Айжанның сөзіне қосылып, цемент шаң-тозаң еденге, өсімдіктерге, киімге қонып, жағымсыз иіс қолқаны қауып, өкпеге өтеді деп шағымданды.

Цемент зауытының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жетекші инженері Әсет Бекбосынов кәсіпорыннан мөлшерден тыс зиянды қалдық шықпайды деп мәлімдеді.

– Кейбіреу арыз-шағым айтады, телефон шалады. Соңғы рет былтыр хабарласты. Үнемі мониторинг жүргізіп отырамыз. Біздегі жабдықпен мөлшерден артық қалдық шығару мүмкін емес. Аккредитациядан өткен зертханамыз бар. Ондағы қызметкерлер тоқсан сайын есеп жүргізіп, қалдықтың белгіленген шекті мөлшерден аспауын қадағалайды. Кейінгі кезде экология департаменті бұл мәселе бойынша тексерген жоқ. Жыл сайынғы жоспарлы тексеру өткен. Жақында шаңды ауаға жібермей ұстап қалатын құрылғының тиімділігін тексердік, барлық көрсеткіштері нормаға сай. Бұрынғы қызметкерлер жеке себептермен шағым айтуы мүмкін. Ондай жағдай болған. Бірақ шағым айтқан кент тұрғындары өз сөзін дәлелдей алған жоқ. Тек құр сөз ғана, – дейді инженер.

Семейдегі Цементшілер кенті. Шығыс Қазақстан облысы.
Семейдегі Цементшілер кенті. Шығыс Қазақстан облысы.

Әсет Бекбосынов 2025 жылға дейін зауыттағы электрсүзгінің барлығын ауыстыру жоспарланып отырғанын да айтты.

ШАҢ МҰРЖАҒА ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

2019 жылғы ресми дерекке сәйкес, цемент зауытынан ауа бөлінетін зиянды заттар мөлшері шекті нормадан аспаған. Зауыт қоршаған ортаға әсері бойынша "едәуір зиян келтіретін нысандар" деп аталатын бірінші санатқа кіреді. Электронды лицензиялау сайтындағы ақпаратта зауытта цемент төгу кезінде 70-20-пайыз кремний диоксидінен (цемент шаңы) тұратын шаң-тозаң бөлінеді деп көрсетілген.

Экологиялық реттеу және бақылау комитеті "қалдық пайдалы әсер коэффициенті 95 пайызға тең сүзгіде алдын ала тазартылғаннан кейін ғана бөлінеді" деп жазады.

Осы ақпараттың төменгі жағында басқа кезеңдердің бірінде шаң-тозаңның тазартылмаған күйі ауа бөлінетіні айтылған, онда "тазартылмаған қалдық диаметрі 0,3 метр, биіктігі 15 метр мұржадан сыртқа шығады" деп жазылған. Бірақ жергілікті халық цемент зауытынан бөлінген қалдықтардың құрамында не барын және оның адам денсаулығына қалай әсер ететінін білмейді. Өйткені мұндай ақпарат ашық жарияланбайды.

2017 жылы Сорос Қазақстан қоры бағдарламасының түлегі Әрсен Құдабаев "Семей қаласындағы Цементшілер кенті тұрғындарының атмосфераға бөлінетін зиянды заттар туралы ақпаратқа қол жеткізу құқығы" деген тақырыпта зерттеу жүргізген. Экологиялық кодекске сәйкес, зауыттар ауаны ластағаны үшін төлейтін ақшаның бір бөлігі азаматтарға ақпарат жеткізу жұмыстарына жұмсалуы тиіс. Зерттеу нәтижесінде Шығыс Қазақстан облыстық экология департаментінің халыққа ақпарат жеткізу туралы заң талабын орындамағаны анықталған.

Электронды лицензиялау сайтындағы ақпаратта зауытта цемент төгу кезінде 70-20-пайыз кремний диоксидінен (цемент шаңы) тұратын шаң-тозаң бөлінеді деп көрсетілген.
Электронды лицензиялау сайтындағы ақпаратта зауытта цемент төгу кезінде 70-20-пайыз кремний диоксидінен (цемент шаңы) тұратын шаң-тозаң бөлінеді деп көрсетілген.

– Зиянды қалдықтар мен олардың адам денсаулығына әсері туралы ақпарат таба алмадым. Экологиялық кодексте халыққа кәсіпорынның экологиялық қызметі мен адам денсаулығына қаупі туралы ақпарат берілуі керек деп жазылған, – дейді Әрсен Құдабаев.

2020 жылғы 1 шілдеден бастап экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бірыңғай экологиялық интернет-ресурсы ұсынған ақпаратқа сай, экологиялық ахуал туралы ақпарат алу жеңілдеді: енді электронды үкімет порталы арқылы қажет деректі бір күнде алуға болады. Деректердің электронды базасы 2020 жылы іске қосылады деп жоспарланған (бұл туралы арнаулы хаттама ратификацияланған), бірақ әзірге бұл жобадан хабар жоқ.

ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕ ҚАЛҒАН ЕРЕЖЕ

Зауыттар ауаны ластағаны үшін көп ақша төлейді. Әр облыс пен республикалық маңызы бар қалада ауаға зиянды заттар бөлгені үшін төленетін ақы мөлшерін жергілікті мәслихат бекітеді. Әдетте мәслихат бірдей соманы белгілейді. Тек Қазақстандағы ең лас аймақтардың бірі саналатын Қарағанды облысында ғана төлем мөлшері басқадай бекітілген. Бір қызығы, Қарағанды зауыттары зиянды қалдықтар үшін басқа облыстарға қарағанда азырақ төлейді.

Кәсіпорындарға [жағдайды жақсартатын] қайсыбір шара қолданғаннан гөрі айыппұл төлеген оңайырақ.

Мысалы, 2019 жылы Семей цемент зауыты атмосфераға бөлінген қалдықтар үшін 155,7 миллион теңге, ал Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы 71 миллион теңге төлеген.

– Кәсіпорындарға [жағдайды жақсартатын] қайсыбір шара қолданғаннан гөрі айыппұл төлеген оңайырақ, – дейді Әрсен Құдабаев.

Бірнеше жылдың ішінде Семей цемент зауытының иесі бірнеше рет ауысқан. 2018 жылы зауыт акциясын Қазақстандағы ірі компаниялардың бірі "Saikan" ЖШС сатып алған. Сол жылы Теміртау электр-металлургия комбинаты да осы компанияның иелігіне өткен.

Жаңа экологиялық заң қабылданса қазіргі жағдай өзгеруі мүмкін. Кәсіпкер (50 ірі кәсіпорынның тізімі жасалған) осы заманғы тазартқыш құрылғы орнататын болса, қоршаған ортаны ластағаны үшін төлейтін төлемдерден босатылады. Құрылғы орнату туралы талап орындалмаса, төлем мөлшері әр үш жыл сайын екі есе ұлғая бермек. Одан бөлек, бұрын бюджетке зауыттардан түскен ақша оңды-солды жұмсалып келсе, енді жаңа кодекске сәйкес, бұл қаржы экологиялық мәселелерді шешуге жұмсалады.

Цемент зауытының іргесіндегі сұр түсті қар. 18 желтоқсан 2020 жыл.
Цемент зауытының іргесіндегі сұр түсті қар. 18 желтоқсан 2020 жыл.

Әйткенмен жаңа экологиялық кодексте көп нәрсе анық көрсетілмеген. Кей экологтар заңды жетілдіру қажет деп есептейді. Өскемендік эколог әрі құқық қорғаушы Роман Честных жүйелі шаралар қабылдамаса, айтарлықтай өзгеріс болмайды деп есептейді.

– Біз [экология, геология және табиғи ресурстар министрінің Шығыс Қазақстан облысының қоғам өкілдерімен кездесуінде] түбегейлі өзгеріс жасайтын шаралар ұсындық. Газбен қамту, көгалдандыру әдісін өзгерту, қала құрылысын жоспарлаудың ойластырылған жүйесін енгізу, жеке секторды орталық желілерге қосу сияқты ұсыныстар айтылды, – дейді Шығыс Қазақстан облысының экологиялық мәселелерін шешуге арналған жол картасын талқылау жиынына қатысқан Честных.

Қазір егер жаңа экологиялық кодекс қабылданса, кәсіпорындардың қоршаған ортаға келтірген зияны үшін төлейтін ақшасы қалай жұмсалатынын талқылау жалғасып жатыр.

– Табиғи ресурстар басқармасы қазір ақшаны қайда жұмсап отыр? Қаржы жасыл желек отырғызу сияқты жалпы мақсаттағы шараларға бөлінеді, оны қадағалап жатқан жоқ. Бірнәрсе істеп, "ауаның зиянды заттардың шекті концентрациясының 1/10 тең мөлшерде тазарғанын" анықтайды. Біреу мұндай міндет қойып отыр ма? Жоқ, – дейді Роман Честных

Ол "бұрын құрылыс нысандары аз кезде қала ішінде ауа еркін алмасып, зиянды қалдықтар тез тарап кететін" дейді. Қазір Өскеменнің әр тұрғыны желсіз күнді сипаттайтын "жағымсыз метеожағдай" деген сөзбен жақсы таныс. Ондай күні адам химиялық күйік алып қалуы да мүмкін.

Жеке сектордағы үйлер не болса соны, тіпті резеңке дөңгелекті отқа жағады. Сапасыз көмірдің күлі қара түтіннің түзілуіне әсер етеді.

– Біздің жағдайда жеке секторды орталық желілерге қосу тиімді болады. Жеке сектордағы үйлер не болса соны, тіпті резеңке дөңгелекті отқа жағады. Олар жағатын сапасыз көмірдің күлі қара түтіннің түзілуіне әсер етеді. Көгалдандыру әдісін өзгерту керек. Көгалдандыру жұмыстары бір жылдан кейін жасыл желек тамыр алып кеткен кезде ғана жүргізілуі керек деген ереже бір жарым жылдан бері бар. Жасыл желек жерсінбесе ештеңе отырғызылған жоқ деген сөз. Осындай ережелер болғанымен, олар тек қағаз жүзінде ғана қалып қойған, – дейді эколог.

Эколог зауыттарға көп шара қолдану мүмкін емесін, басты мәселе олардың қаладағы құрылыс нысандарына жақын орналасуында болып отырғанын айтады.

– Бұл жүйе бәрімізді кепілде ұстап отыр. Жағдайды өзгерте алмаймыз, өйткені бәріміз кепілдеміз. Мәселені "Кәсіпорындар жабылсын" деп өзімізге зиян келтіру жолымен шешуге болады. Бірақ бізде елеске айналған қалалар бар. Кәсіпорындарды жауып тастасақ, адамдар қайда жұмыс істейді? – дейді ол.

Экологтың айтуынша, жаңа кодексте экологиялық заңды бірнеше рет бұзған кәсіпорынды жабу туралы бөлім бар.

Бұл жүйе бәрімізді кепілде ұстап отыр.

– Бола ма, болмай ма? Бұл жерде қаншама жемқорлық қаупі болуы мүмкін екенін елестетіп көріңізші, дейді Роман Честных.

Осыған дейін қоршаған ортаны қорғау саласында пара беру фактілері тіркелген. 2020 жылы Семей цемент зауытының зиянды заттардың нормативі жобасы бойынша экологиялық сараптама қорытындысын "Лаборатория-Атмосфера" ЖШС дайындаған. Аталған компанияның директоры қоршаған орта мен су ресурстары министрлігінің комитет төрағасына пара беруде делдал болғаны үшін сотталған. Директор арқылы пара берген Үлбі металлургия зауыты қоршаған ортаға зиянды заттар шығаруға экологиялық рұқсат алғысы келген.

Құқықтық статистика комитетінің дерегінше, 2019 жылы ауаға бөлінетін қалдық көлемін шекті мөлшерден асырғаны үшін 420 кәсіпорын жауапқа тартылған. Оларға салынған айыппұлдың жалпы көлемі – 4,8 миллиард теңге. Қызмет міндетін дұрыс атқармағаны үшін мемлекеттік органдардың 37 қызметкері әкімшілік жауапқа тартылған.

  • 16x9 Image

    Хадиша АҚАЕВА

    Хадиша Ақаева - Азаттықтың Шығыс Қазақстан облысындағы тілшісі. Шәкәрім атындағы университетті журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Армения және Грузиядағы басылымдарда тәжірибеден өткен. Азаттықпен 2019 жылдан бері серіктес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG