Accessibility links

Трамп індет кезінде америкалықтарды қаржылай қолдауды қарастыратын заң жобасына қол қойды


Дональд Трамп.
Дональд Трамп.

АҚШ президенті Дональд Трамп коронавирусқа байланысты америкалықтарға қаржылай көмек беруді қарастыратын заң жобасына қол қойды. Осыған дейін президент халыққа бір реттік жәрдемақыдан гөрі көбірек көмек бергісі келетінін айтып, құжатқа қол қоюдан бас тартып келген. Заң шығарушылар соның салдарынан үкімет жұмысы тоқтап қала ма ("шатдаун") деп те қауіптенген. 14 миллион азамат жұмыссыздық бойынша төленетін жәрдемақыдан қағылуы мүмкін екені айтылған.

Трамп заң жобасына 27 желтоқсанда кешке қол қойды. Құны 900 миллиард доллар болатын құжаттар пакетін бұған дейін Конгрестегі республикашылдар мен демократтар бір айға жуық уақыт талқылап, мақұлдаған.

Жұмыссыздық бойынша жәрдемақыдан бөлек, заң жобасы табысы белгілі бір мөлшерден аспайтын адамдарға 600 доллар көлемінде бір реттік төлем төлеуді көздейді.

Қаржылай көмек туралы жоба федералдық үкімет жұмысын қамтамасыз ету үшін 1,4 триллион доллар бөлуді қарастыратын ірі заң жобасына бекітілген.

Осыған дейін Трамп қорғаныс саласына 740 миллиард доллар бөлуді қарастыратын заң жобасына вето қойған. Ақ үй жетекшісі құжатта ұлттық қауіпсіздік саласына қажет маңызды шаралар қарастырылмаған деп айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG