Accessibility links

"Біртанов ісі" бойынша "тергеуге кедергі келтірген" қызметкерлердің әрекетіне байланысты іс тіркелді


Елжан Биртанов.
Елжан Биртанов.

Қазақстан қаржы министрлігіне қарасты қаржы бақылау комитеті денсаулық сақтау министрлігі қызметкерлері мен өзге де тұлғаларға қатысты "тергеуге кедергі жасау фактісі бойынша" сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады.

"Аталған тұлғалар қылмыстық процестің қатысушысы болмаса да, денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылары үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеудің барысы мен нәтижесі туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат жинап, тапсырып, жариялап, осылайша тергеуге кедергі келтірген" делінген комитет таратқан хабарламада.

Іске байланысты басқа ақпарат айтылмайды. Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың адвокаты Азаттыққа қаржы бақылау комитетінің хабарламасын "түсінуге тырысып жатқанын" айтты.

Азаттық денсаулық сақтау министрлігіне де хабарласып көрді. Ведомствоның баспасөз қызметі "заңгерлерден жауап күтіп отырғанын" айтып, кейінірек жауап беруге уәде берді.

3 қарашада бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың "ірі көлемде қаржы жымқыру" күдігі бойынша ұсталғаны хабарланған. Құпия дереккөзге сүйенген бірқатар жергілікті БАҚ Біртановтың цифрландыруға бөлінген 526 миллион теңге көлемінде (1,2 миллион доллар) қаражатты "иемденді" деп айыпталғанын жазды.

Кейінірек денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят Азаттыққа "тергеу органдарының министрлік қызметкерлерінен жауап ала бастағанын", ведомствоға "қосымша салмақ түсіп жатқанын" айтқан.

Біртанов ұсталғаннан кейін әлеуметтік желіде оны қолдау акциялары өтті. Қолданушылар биліктен оны босатуды сұраған.

49 жастағы Елжан Біртанов 2017 жылдың қаңтарынан биылғы маусым айының соңына дейін денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Ол коронавируспен ауырғандар саны күрт көбейіп, ауруханаларда орын жетпей қалған тұста отставкаға кеткен. Өзі де Covid-пен ауырған ол "емделуге кеткенін" хабарлаған. Оның орнына Алексей Цой қызметке келді, ал Біртанов ел көзіне түспей кетті.

Біртанов командасында министрдің орынбасары болып жұмыс істеген Олжас Әбішев тамыздың басында қамалды. Қыркүйекте бұрынғы вице-министрге ақпараттық жүйелер құру үшін бөлінген 500 млн теңгедей қаражатты жымқырды деген айып тағылғаны белгілі болды.

Қазақстан – ТМД-да коронавирустан ең көп зардап шеккен елдердің бірі. Сарапшылардың көбі бұған жемқорлық, денсаулық сақтау саласындағы ашықтықтың жоқтығы сияқты жайттар себеп болды деген тұжырым жасаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG