Accessibility links

Белсенділер билікке сайлауды шегеруді талап еткен үндеу тапсырды


Президент әкімшілігі ғимаратының алдына жиналып тұрған белсенділер. Нұр-Сұлтан, 30 желтоқсан 2020 жыл.
Президент әкімшілігі ғимаратының алдына жиналып тұрған белсенділер. Нұр-Сұлтан, 30 желтоқсан 2020 жыл.

Сайлауға санаулы күн қалғанда тіркелмеген "Ел мен жер" қоғамдық қозғалысы, "Халық билігі" бірлестігі мен бірнеше белсенді, қоғам қайраткерінен құрылған коалиция Қазақстан президентіне, мәжіліс пен конституциялық кеңеске үндеу тапсырды. Олар сайлауды кері шегеруді, сайлау туралы заңнамаға өзгеріс енгізуді сұрады.

Үндеуде "Сайлау туралы", "Саяси партиялар туралы", "Бейбіт жиналыстар" туралы заңдардың адам құқығын шектейтін баптарына өзгеріс енгізу мен сайлауды кейінге қалдыру талабы жазылған.

- Адамның сайлау және сайлану құқығы, сөз бостандығы, ой-еркіндігі, партия мен қоғамдық бірлестік құруға, жиналуға құқығы бар ғой, соны сақтауды талап етіп отырмыз, - деді үндеуді алып барған азаматтық белсенді Жанат Нұркішев.

Үндеуді баспанасыз қалған үлескерлер де қолдаған. 15 жұмыс күні ішінде қаралатын бұл талап адресатқа жеткенше кезекті депутаттар сайлауының өтіп кететінін хат авторлары да түсініп тұр. Бірақ кеш болса да талқылай ма деп үміттенеді.

- Егер халықтың ішінен шыққан адамдар сайлауға қатысып, депутатқа сайланса олар осы халықтың мәселесін шешеді деп ойлаймын, - Зура Әбдуғапарова есімді нұрсұлтандық үлескер.

Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы 10 қаңтарда өтеді. Оған "Нұр Отан", "Ақжол", "Адал", "Ауыл" және "Қазақстан халық партиясы" қатысады. Сарапшылар 2021 жылы 10 қаңтарға жоспарланған сайлауға билікке жақын партиялар ғана жіберілді деп санайды.

Қазақстанда осыған дейін де бірқатар ұйымдар мен белсенділер сайлау, бейбіт жиын туралы заңнаманы өзгертуді талап етіп, сайлауды кейінге қалдыруды сұраған. 22 желтоқсанда Алматыда өткен баспасөз жиыны кезінде "Халық билігі" қозғалыс мүшелері "сайлау мен саяси партиялар туралы заңнама тек билікті сақтап қалу міндетін алған, халық мүддесіне қайшы мұндай заңнамамен өткізілген сайлаудың өзі заңсыз болады" деген еді.

ЕҚЫҰ бастаған халықаралық ұйымдар Қазақстанда өткен сайлаулардың ешқайсысын "демократиялық талаптарға сай" деп мойындамаған. Былтыр өткен президент сайлауында да ЕҚЫҰ "бюллетеньді топтап салу", "байқаушыға қысым жасау" сияқты заңсыз әрекеттер көп болды деп бағалаған. 2019 жылы президент сайлауы кезінде жұрт жаппай наразылық акциясына шығып, сайлауға қарсылық білдірген. Құқық қорғаушылар сайлау кезінде биліктің бейбіт митингіге шыққан азаматтарды жосықсыз қудалап, жазалағанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG