Accessibility links

"Мұғалім қолымен жасалатын былық". Сайлауды бұрмалауға ұстаздар қатыса ма?


Кезектен тыс президент сайлауы кезіндегі сайлау учаскесі. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Білім министріне хат жазып, "ұстаздарды сайлауға араластырмауды" сұраған белсенді мұғалімдер "билік біздің қолымызбен от көсеп отыр" дейді. Сайлауға түскен билікшіл партия өкілдері мұны жоққа шығарады. Ал сарапшы "мұғалімдердің азаматтық санасы оянып келе жатыр" деп санайды.

Алматы облысы Қарасай ауданы Жаңатұрмыс мектебінің мұғалімі, белсенді Айман Сағидулла Facebook-тегі жеке парақшасы арқылы Қазақстан білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке жазған ашық хатында "сайлауды мектепке жақындатпау" жөнінде бірнеше талап қойды.

Ашық хат авторы мұғалімдер мен мектеп директорларын сайлау комиссиясы құрамына кіргізуге тыйым салуды, сайлау учаскесін мектеп ғимаратынан ашуға рұқсат бермеуді ұсынады. Белсенді "Бұл – сайлаудың арам ісіне мұғалімдерді араластырып, ұстаздың беделін түсіруге жол бермеудің негізгі жолы" деп санайды.

Айман Сағидулла.
Айман Сағидулла.

Мектеп мұғалімдерін 2021 жылғы 10 қаңтарда болатын парламент сайлауына араластырмауды айтып жүрген тек Айман Сағидулла емес. Бұған дейін Света Алпамысова есімді Facebook қолданушы "Қазақстан педагогтары қауымдастығы" атынан деген видеоүндеу жариялап, мұғалімдерді сайлау комиссиясының мүшесі болудан бас тартуға" үндеген. Видеоүндеуде "Сайлау комиссиясына мүше болудан бас тартыңыз. Себебі, сіздің қолыңызбен сайлау нәтижесін бұрмалауға әрекет жасалуы мүмкін Өз ісіңізге адал болыңыз! Болмашы ақшаға қызығамын деп Қазақстан педагогтарының атақ-абыройына нұқсан келтірмеңіз!" делінеді.

Сайлау заңы жөнінде пікірін билікке ашық айтып жүрген шымкенттік мұғалім Өмір Шыныбекұлының сөзінше, ұстаздарды сайлау ісіне араластырмау мәселесін биыл қаңтар айында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен кездесуде көтерген. Бірақ министр бұдан еш нәтиже шығармады дейді ол.

Өмір Шыныбекұлы.
Өмір Шыныбекұлы.

– Сайлауда бір мұғалім дауыс ұрласа, білім министрінен бастап осы отырған бәріміз былғанамыз. Сайлауда дауыс ұрлау – "Педагог мәртебесі туралы" заңдағы "педагог әдебі" аясында қаралатын жай әдепсіздік емес, қылмыс. Сондықтан заңға қосымша қабылданатын нормалар мен заң актілерінде осы мәселе көрініс табуы тиіс деп айтқан едім, – дейді Өмір Шыныбекұлы.

"Сайлау учаскесін мектеп ғимаратында орналастырмау, педагог қызметкерлерді комиссия құрамына қоспау туралы белсенді мұғалімдердің талабы ескерілді ме?" деген сауалмен Азаттық тілшісі білім және ғылым министрлігіне хабарласты. Министрліктің баспасөз қызметі "бұл мәселені жергілікті әкімдіктерден сұраңыздар" деген қысқа жауаппен шектелді.

"БЮЛЛЕТЕНДІ ЖАРАМСЫЗ ЕТІП ТАСТАУ"

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының тұрғыны Айнаш Болатова (өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) 2012 жылы өткен парламент сайлауында сайлау комиссиясының мүшесі болған. Оның айтуынша, билік партиясы "Нұр Отанға" 100 пайыз дауыс алып беру үшін жұмыс істеген комиссия мүшелері өзге бюллетендерді жарамсыз етіп тастаған.

– Ол кезде жасымыз отызға да толмаған жас маман едік. Мектептен үш мұғалімді комиссия мүшесі етіп қойды. Бізден бөлек, [комиссия құрамында] ауруханадан және поштадан адамдар болды. Есімде қалғаны – сайлауға жеті партия қатысты. Бірақ біз тек бір партияға – "Нұр Отанға" ғана жұмыс істедік. Дауыс санайтын кезде аудан әкімі мен оқу бөлімінің бастығы қадағалап тұрды. Басқа партияға дауыс бергендердің бюллетендерін жарамсыз етіп, екінші партияның тұсына белгі соғып отырдық. Ішімізде бір жасы үлкен апай болып еді. Сол кісі қарсы шығып "Мынау не сұмдық? Сонда басқа партияға ешкім дауыс бермеді дегенге ел сене ме?" деп еді, аудан әкімі "бұл – жоғарының тапсырмасы" деді, – дейді Айнаш.

Парламент сайлауына дауыс беру аяқталған соң сайлау учаскесінде бюллетень санап жатқан сайлау комиссиясы мүшелері. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан), 20 наурыз 2016 жыл.
Парламент сайлауына дауыс беру аяқталған соң сайлау учаскесінде бюллетень санап жатқан сайлау комиссиясы мүшелері. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан), 20 наурыз 2016 жыл.

Ол алдын ала толтырылған 50-60 дайын бюллетенді де көргенін айтады.

1999 жылдан бері парламент және президент сайлауларында тұрақты түрде комиссия мүшесі болып келе жатқан тағы бір мұғалім, Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданының тұрғыны Жанат Есентай (өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) да алдыңғы мұғалімнің айтқанын қайталады.

Оның сөзінше, сайлау комиссиясының құрамында әр партияның өкілдері болуы шарт, бірақ жергілікті әкімдік өз қолайына жағатын адамдарды таңдап алады.

– Дауыс санайтын кезде жанымызда міндетті түрде артық бірнеше қалам болады. Басқа партияға немесе кандидатқа берілген дауыстар көп болып бара жатса, ақырын ғана екінші адамның тұсына белгі қойып кете береміз. Комиссия отырысының алдында болатын жиналыста "Нұр Отанға" немесе [биліктегі] президентке осындай дауыс жинауымыз керек деп ескертеді, – дейді Жанат.

Оның айтуынша, "кез келген мұғалім комиссия мүшесі болғысы келеді, өйткені ол үшін қосымша айлық төлейді".

– Бірақ мұғалімдердің барлығын бірдей ол жерге жолата бермейді. Комиссия мүшесі болу үшін сенімге кірген адам болу керек, – дейді Жанат Есентай.

"МЕКТЕП МҰҒАЛІМ МЕНШІГІ ЕМЕС"

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала әкімінің аппарат жетекшісі Марс Жұмалиев әкімдік сайлау ісіне ешқашан араласпайды деп сендіреді.

– Комиссия мүшелерін аудандық мәслихат сайлайды, содан кейін комиссия мүшелері өздері жиналыс ашып, төрағасын, орынбасарын және хатшысын тағайындайды, сайлау ісіне әкімдік ешқандай ықпал ете алмайды. Биылғы комиссия мүшелері 2019 жылы қаңтарда сайланған. Өткенде кездестік, мен де сол комиссия құрамындамын, – дейді Жұмалиев.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өткен күні сайлау учаскесіндегі жәшікке топталып тасталған бюллетень. Шымкент, 9 маусым 2019 жыл.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өткен күні сайлау учаскесіндегі жәшікке топталып тасталған бюллетень. Шымкент, 9 маусым 2019 жыл.

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы әкімінің аппарат жетекшісі Қарлығаш Рысбекқызы да сайлау комиссиясының жұмысына әкімшіліктің араласа алмайтынын айтады.

– Әкімдік жұмысы – сайлау комиссиясын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету. Біз үй-үйді аралап, дауыс беріңіздер деп үгіт жүргізген кезде ғана араласамыз. "Әкімдік сайлауға араласады" деген – жалған ақпарат, – дейді әкімдік өкілі.

Оның айтуынша, сайлау комиссиясы құрамына кіруге мұғалімдердің өздері құлықты.

– Биыл сайлаудан мұғалімдерді шеттетіңдер деп айтылған. Бірақ мұғалімдердің өздері "комиссия мүшесі болып қаламыз" деді. Себебін өзіңіз түсінесіз ғой. Ол – ақша [төленетін жұмыс]. Олар 150-200 мың теңгедей жалақы алады. Біз тек кеткен мүшелердің орнын жаңарттық, – деді Қарлығаш Рысбекқызы Азаттыққа берген жауабында.

Комиссия мүшелерінің құрамы "Сайлау туралы" заңның 10-бабына сай жаcақталады. Оған сәйкес, аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерін саяси партиялардың ұсынысы бойынша тиісті облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттар сайлайды. Сайлау комиссиясының өкілеті – бес жыл.

Байсерке ауылындағы мектепте орналасқан №361 сайлау учаскесі. Іле ауданы, Алматы облысы, 20 желтоқсан 2020 жыл.
Байсерке ауылындағы мектепте орналасқан №361 сайлау учаскесі. Іле ауданы, Алматы облысы, 20 желтоқсан 2020 жыл.

"Мұғалімдердің сайлау учаскесінің мектепте орналасуына, комиссия төрағасының мектеп директоры болуына қарсылығы орынсыз" дейді парламент сайлауына түсіп жатқан "Ауыл" партиясының жетекшісі Әли Бектаев. Оның айтуынша, ауылдардың барлығында мәдениет үйі немесе сайлау учаскесін орналастыратын үлкен ғимарат жоқ. Екіншіден, мектеп мемлекеттік мекеме болғандықтан, онда сайлау учаскесінің орналасуы заңды дейді ол.

– Аумақтық сайлау комиссияларын Орталық сайлау комиссиясы бекітеді. Олардың жергілікті жерге қатысы жоқ. Ал аумақтық сайлау комиссиясында әр партияның өкілдері бар. Мысалы, біздің өкілдеріміз Қазақстанның барлық өңіріндегі учаскелік комиссияларға мүше. Тіпті бір аумақтық комиссияның төрағасы – "Ауыл" партиясының мүшесі. Сонымен бірге комиссия мүшелері әр партиядан, әр қоғамдық бірлестіктен отырғандықтан, дауыс ұрлауға жол бермейді, – дейді Бектаев.

"АЛМАТЫДАҒЫ 600-ДЕЙ САЙЛАУ УЧАСКЕСІНІҢ 36-СЫНДА ҒАНА МҮШЕМІЗ БАР"

Сайлауға қатысудан бас тартқан, өздерін "оппозициялық ұйымбыз" деп атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Алматы филиалының жетекшісі Тазабек Сәмбетбай мұғалімдердің үндеуін қолдайды. Оның пікірінше, мектепте орналасқан кез келген сайлау учаскесіндегі мүшелердің басым бөлігі – мектеп қызметкерлері.

– Қазірдің өзінде аумақтық, учаскелік сайлау комиссиясында әділетсіз құрам қалыптасқан. Себебі, біздің партия сайлаудың заңды талаптарына қарамастан, өз өкілдерін комиссия мүшелігіне өткізе алмай жүр. Мысалы, Алматы қаласында 600-ге жуық сайлау учаскесі болса, соның 36-сына ғана біздің мүшелеріміз сайланған. Мұның өзі сайлау комиссиясының құрамы қаншалық әділетсіз екенін көрсетеді, – дейді сайлауға қатысудан бас тартқан партия өкілі.

Маржан Аспандиарова (сол жақта) сотта құқығын қорғап отырған мұғаліммен бірге. Шымкент, 18 шілде 2017 жыл.
Маржан Аспандиарова (сол жақта) сотта құқығын қорғап отырған мұғаліммен бірге. Шымкент, 18 шілде 2017 жыл.

Саяси белсенді, құқық қорғаушы Маржан Аспандиарова "Қазақстанның еңбек кодексінде, білім туралы және педагог мәртебесі туралы заңдарында ұстаздар бала оқыту мен тәрбиелеуден басқа іспен араласпауы керек деп көрсетілген, сондықтан мұғалімдердің бұл талабы өте орынды" деп санайды.

– Қазақстанда бірде-бір рет сайлау заңды өткен жоқ. Сол сайлаулар кезіндегі заңсыздық (тіпті қылмыс деп айтсақ та болады) мұғалімдердің қолымен жасалды. Өйткені учаскелік комиссиялар мектепте орналасқан. Оның төрағасы – мектеп директоры, ал мүшелері – мұғалімдер мен басқа да бюджеттік мекеме қызметкерлері. Әрине, бюджеттік мекеме өкілдері болғандықтан олар бастығына тәуелді. Бастықтар комиссияның құрамына өздеріне ыңғайлы, айтқандарын мүлтіксіз орындайтын адамдарды тағайындайды. Содан кейін сайлау алдында да, сайлау күні де хаттаманы бұрмалап, жеңісті билік партиясына немесе солардың өкіліне алып береді, – дейді құқық қорғаушы.

Аспандиарованың айтуынша, көп мұғалім өз құқығын да, сайлау туралы заңды да білмейді әрі саясаттан бейхабар.

– Әйтеуір мектеп директоры немесе орынбасары қалай айтса, солай орындап береді. Сондықтан педагогтар белсенді мұғалімдер көтерген бастаманы қолдап, сайлау комиссиясының мүшесі болудан, дауыс ұрлаудан бас тартса, олардың азаматтық санасының оянғанының бір дәлелі болар еді, – дейді Маржан Аспандиарова.

ПАРТИЯСЫНЫҢ АТЫН БІЛМЕЙТІН "ӨКІЛДЕР"

Қазақстанда былтыр мерзімінен бұрын өткен президент сайлауы кезінде сайлау комиссияларындағы мұғалім және басқа да бюджет қызметкерлерінің сайлауды бұрмалауға қатысқаны туралы бақылаушылар көп айтқан. Мұның алдындағы сайлауларда Азаттық тілшілері мұғалімдердің заң бұзған сәтін видеоға түсіріп алған. 2012 жылғы қаңтардағы парламент сайлауында Алматы облысы Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылындағы №374 сайлау учаскесінде бюллетеньді жәшікке топтап салып жатқан осындай бір оқиғаны сол жерде отырған комиссия төрайымы, мектеп директоры "көрмей қалғанын" айтқан еді.

Жаңатұрмыстағы заң бұзу. Алматы облысы, 15 қаңтар 2012 ж.

Жаңатұрмыстағы заң бұзу
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:59 0:00

Ал 2015 жылғы президент сайлауында Алматы облысы Қарасай ауданы Долан ауылындағы сайлау комиссиясының мүшелері өздерінің қай партия атынан келіп отырғанын білмей, жоқ партиялардың атын айтып шатасқан.

Сайлау комиссиясындағы "партия мүшелері", Алматы облысы, 26 сәуір 2015 ж.

Сайлау комиссиясындағы «партия мүшелері»
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:53 0:00

Басқа бір сайлау учаскесінде комиссия мүшесі өзін "Жусан партиясының өкілімін" деп таныстырады. Қазақстанда ондай партия жоқ.

"Нұр Отанның" мүшесі "Бірлікке" өкіл болған. Алматы облысы, 26 сәуір 2015 ж.

"Нұр Отанның" мүшесі "Бірлікке" өкіл болған
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00

Биыл күзде "Нұр Отан" партиясы өткізген алдын ала іріктеу – праймериз кезінде кей мұғалімдер өздерін дауыс беруге міндеттеп жатқанын айтып, мәселе көтерген еді. Сарапшылар сайлауға ғана емес, партия праймеризіне де мұғалімдердің көп тартылғанын ескерткен.

2021 жылғы 10 қаңтарда Қазақстанда парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар сайлауы өтеді. Заңға сәйкес, мәжілістің 107 депутатының 98-ін партиялық тізім бойынша төте дауыс беру жолымен сайлаушылар, тоғызын – Қазақстан халқы ассамблеясы сайлайды. Сайлауға ресми тіркелген алты партияның бесеуі қатысады. Өзін "оппозициямыз" деп атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайлауға қатысудан бас тартқан.

Батыс бақылаушылары Қазақстанда осыған дейін өткен парламент және президент сайлауларының ешбірін әділ, ашық, халықаралық стандарттарға сай деп таныған емес. Былтыр кезектен тыс өткен президент сайлауын бақылаған ЕҚЫҰ "бюллетеньді топтап салу", "байқаушыға қысым жасау" сияқты заңсыз әрекеттер көп болды деп бағалаған.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG