Accessibility links

Коронавирустың жаңа штамы Қытайға да жетті


Күллі әлемге тарап, пандемияға айналған Covid-19 коронавирусы алғаш рет анықталған Ухань қаласында тұрғындар жаңа жылды қарсы алып тұр. Хубэй провинциясы, Қытай, 31 желтоқсан 2020 жыл.
Күллі әлемге тарап, пандемияға айналған Covid-19 коронавирусы алғаш рет анықталған Ухань қаласында тұрғындар жаңа жылды қарсы алып тұр. Хубэй провинциясы, Қытай, 31 желтоқсан 2020 жыл.

Ұлыбританияда анықталған коронавирустың жаңа штамы Қытайға да жетті деп хабарлады Қытайдың ауруларды бақылау және алдын алу жөніндегі орталығының дерегіне сүйенген осы елдің ақпарат құралдары.

Ұлыбританиядан келген студент қызға коронавирустың жаңа штамы жұққанын Шанхайда 14 желтоқсанда тапсырған тест қорытындысы анықтаған. Жаңа штамм Қытайдағы Covid-19 індетіне байланысты ахуалға қатер төндіреді деп мәлімдеді ауруларды бақылау және алдын алу жөніндегі орталығы.

Covid-19 коронавирусының өзгерген жаңа штамы пайда болғаны 2020 жылы желтоқсанның ортасында анықталған еді. Дәрігерлердің айтуынша, ол әдеттегі штамға қарағанда әлдеқайда жылдам (70 пайыз) тарай бастаған. Алайда жаңа штамм бұрынғыдан да қауіпті деген байлам жасауға әзірге ешқандай дәлел-дәйек жоқ дейді мамандар.

Коронавирустың жаңа штамы анықталған соң кейінгі екі аптада 20-дан астам ел Ұлыбританиямен әуе қатынасын уақытша тоқтатты. Covid-19 вирусының жаңа штамы Еуропа одағы, Азия мен Таяу Шығыстағы кейбір елдерде де анықталды. Лондон мен оның төңірегінде қатаң карантин шаралары енгізілді.

Қазақстанда коронавирустың жаңа штамы анықталғаны туралы әзірге ресми ақпарат жоқ.

Covid-19 коронавирусын жұқтырғандар алғаш рет 2019 жылдың соңында Қытайдың Хубэй провинциясындағы Ухань қаласында тіркелді. Тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітетін және адам ағзасындағы созылмалы ауруларды асқындыратын бұл вирус осы кезге дейін әлемде 84 миллионға жуық адамға жұқть. 1,9 млн-ға тарта адам қайтыс болды.

Ресми мәлімет бойынша, 2020 жылғы наурыз айынан бері Қазақстанда 155 473 адамның коронавирус тесті оң нәтиже көрсеткен, 2293-і қайтыс болған.

Коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандарды денсаулық сақтау министрлігі 1 тамыздан бері есепке алып келеді. Оған дейін қанша адамның коронавирус пневмониясымен ауырғаны белгісіз. Ол жайлы мәлімет жарияланбады. 1 тамыздан бері елде 45 840 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған, 503-і қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG