Accessibility links

Трамп иммиграциялық және жұмыс визасын беруге салынған тыйым мерзімін созды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Осы айда қызмет өкілеті аяқталатын АҚШ президенті Дональд Трамп кейбір санат бойынша иммиграциялық және жұмыс визасын беруге салынған уақытша тыйымның мерзімін созды деп хабарлайды "Америка дауысы".

АҚШ-тың жаңа президентінің ант беру рәсіміне (инаугурация) 20 күн қалғанда шығарған жарлығында Трамп 2020 жылғы сәуірде қолданысқа енгізіліп, сол жылы маусымда кеңейтілген виза шектеулерін тағы үш айға ұзартуды бұйырған.

"Жарлық [күші] 2021 жылғы 31 наурызда бітеді және қажет болған жағдайда ұзартылуы мүмкін" делінген Ақ үйдің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Әу баста иммигранттардың бірнеше санатына салынған тыйым кейін уақытша жұмысқа жалдайтын бірнеше бағдарламаны да қамтыды.

Трамп бұл шектеулер әлемге тараған коронавирус пандемиясы салдарынан экономика құлдыраған кезде жұмыс орны үшін басы артық бәсекелестерді азайту мақсатында жасалды деп мәлімдеген.

"Covid-19 [коронавирусының] Американың еңбек нарығы мен халықтың денсаулығына әсері бұрынғысынша алаңдаушылық туғызып отыр" деді Трамп мәлімдемесінде.

Президенттің жарлығына сай, виза лотереясын өткізуге салынған уақытша тыйым да күшінде қалады. Бұған қоса АҚШ-та жұмыс істеуге мүмкіндік беретін уақытша визалардың кейбірі де тоқтап тұр. Олардың арасында технология саласында жиі қолданылып келген H-1B және ауыл шаруашылық саласынан өзге маусымдық жұмыстарға адам жалдауға арналған H-2B визасы да бар.

Үйде бала тәрбиелеушіге (гувернантка) және қысқа мерзімді басқа да жұмысқа келетіндерге J-1 визасын, H-1B және H-2B визасын алғандардың жұбайларына виза беру, АҚШ-қа қызмет бабымен ауысып келгендерге L корпоративтік виза тапсыру уақытша тоқтап тұр.

Reuter ақпарат агенттігі мұндай шектеуге көп компания қарсы болып отыр деп жазады. Агенттіктің хабарлауынша, осы шектеулерді АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Джо Байден де сынаған. Бірақ 20 қаңтардағы инаугурациядан кейін бұл шешімнің күшін жоя ма, жоқ па, Байден ол туралы ашып айтпаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG