АҚШ қорғаныс министрлігі (Пентагон) америкалық SpaceX компаниясына 2022 жылдың соңына дейін ғарышқа 22 әскери спутник ұшыруға тапсырыс берген. Келісім құны – 150 миллион доллар. Бұл туралы Пентагонға сілтеме жасап, Spacenews.com басылымы хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, ғарышқа ұшатын 20 спутник жердегі станциялар мен ғарышта төмен биіктікте ұшатын аппараттардың (арасында спутниктер, халықаралық ғарыш станциясы, ұшақтар мен дрондар да бар) арасындағы байланысты қамтамасыз ететін болады. Қалған сегіз спутник зымыран ұшырылғанын бақылап, ол жөнінде хабарлауға арналған.
Бұл мақсат үшін компаниялар арасынан лайықтысын іріктеумен АҚШ ғарыштық даму агенттігі айналысқан. Агенттік ғарышқа спутник ұшырудың бағасы, ұшыру кестесі және тәжірибесінің бар-жоғы сияқты талаптарға сай келетін компанияны іріктеген.
Кейінгі жылдары Пентагон америкалық кәсіпкер Илон Масктың жекеменшік ғарыш компаниясына жиі тапсырыс беретін болған. Бұған дейін құпия әскери аппараттарын осы компанияның бірнеше мәрте пайдалануға болатын Falcon ракеталары (арасында аса ауыр Falcon Heavy да бар) көмегімен ғарышқа сәтті ұшырған. Ең соңғы рет 2020 жылғы 19 желтоқсанда барлау спутнигін ұшырған. 2019 жылы АҚШ әскери әуе күштері Starlink спутниктер желісін шифрленген интернетті сынақтан өткізу үшін SpaceX компаниясымен 28 миллион доллардың келісіміне отырған.
ПІКІРЛЕР