Accessibility links

Борис Джонсон Шотландияның тәуелсіздігі жөнінде референдум өткізуге қарсы екенін айтты


Еуропа одағымен Брекзит бойынша сауда келісіміне қол қойып отырған Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон. Лондон, 30 желтоқсан, 2020 жыл.
Еуропа одағымен Брекзит бойынша сауда келісіміне қол қойып отырған Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон. Лондон, 30 желтоқсан, 2020 жыл.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Біріккен Корольдік құрамындағы Шотландияның тәуеліздігі жөнінде референдум өткізуге қарсы екенін айтты.

"Өз тәжірибемнен (білемін), біздің елде референдум деген – онша көңілді оқиға емес" деді Джонсон ВВС-де сөйлеген сөзінде.

France Presse-тің хабарлауынша, британ премьері 2016 жылғы Еуроодақ құрамынан шығу туралы "Брекзит" референдумын меңзеп тұрса керек. Ол референдумда Ұлыбритания Еуроодақтан шығуы тиіс дегендер азғантай басымдықпен (51,9%) жеңіске жеткен.

Джонсонның өзі биліктегі Консервативтік партия қатарында Еуроодақтан шығуды қолдағандардың бірі болған. Ал Шотландия тұрғындарының 62 пайызы Ұлыбритания одақ құрамында қалуы керек деп дауыс берген.

Шотандия үкіметінің басшысы – бірінші министр Никола Стерджен жақында жасаған мәлімдемесінде "Шотландия тұрғындарының көпшілігі Еуроодақта қалуды жақтағанын" еске салған. Оның айтуынша, Еуропа одағы құрамында болған жарты ғасырда Шотландия еркін нарық пен еркін жүріп-тұрудың көп игілігін көрген.

Стердженнің айтуынша, Брекзит кесірінен Шотландия тұрғындарының "қауіпсіздігі нашарлады, ал оларың Еуропаның басқа бөліктерінде жұмыс істеп, білім алу мүмкіндігі шектелді".

"Еуроодақтың тәуелсіз мүшесі ретінде Шотландия әріптес болып, көпір салар еді. Бұл тек күшті экономика мен әділ қоғам құру жолындағы ғана емес, Еуроодақ пен Ұлыбритания арасындағы өзара түсіністік көпірі болмақ", деді шотланд үкіметінің басшысы.

2014 жылы Шотландия тәуелсіздік бойынша референдум өткен. Ол кезде дауыс бергендердің 55 пайызы Ұлыбритания құрамында қалуды жөн көрген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG