Accessibility links

Covid: Ұлыбританияда карантин тағы күшейді


Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон.
Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон 4 қаңтарда кешке коронавирусқа байланысты Англия аумағында жаппай карантин енгізілгенін хабарлады.

Жаңа ереже бойынша, тұрғындар тек өте қажет жағдайда ғана сыртқа шыға алады. Дүкендер мен кәсіпорындардың басым бөлігі жабылады, мектептер қашықтан оқуға көшеді.

Англия аумағында коронавирусқа байланысты осымен үшінші рет локдаун енгізіліп отыр. Алғаш рет - наурыз айында, екінші рет қарашада қатаң карантин болған. Желтоқсан басында жағдай тұрақталған кезде карантин алынды. Алайда айдың соңында Лондон мен Англияның оңтүстік-шығысында коронавирус жұққандар күрт көбейіп, коронавирустың жаңа штамы тарады.

Лондон мен айналасындағы елді мекендерде қатаң шектеу енгізілді, алайда бұл вирустың тарауын тоқтата алмады. Сол себепті үкімет жаңадан локдаун енгізуге мәжбүр болды. Ол ақпан айының соңына дейін жалғасады деп айтылады.

Джонсонның сөзіне қарағанда, желтоқсан айының басында елде коронавирусқа қарсы жаппай егу басталған. Шамамен миллион тұрғынға вакцина егілген. Ақпан айының ортасына таман тәуекел топтардың басым бөлігіне вакцина егіліп болады. Содан соң карантин де бәсеңдеуі мүмкін.

4 қаңтарда Ұлыбритания билігі AstraZeneсa және Оксфорд университетінің ғалымдары жасаған коронавирус вакцинасын тұрғындарға еге бастаған. Оның алдында Pfizer корпорациясының вакцинасын да пайдалана бастаған.

Ұлыбританияда коронавирус жұққандар 2,5 млн адамнан асты. 75 мыңнан астамы қайтыс болды. Соңғы кезде күніне 50 мың адамнан коронавирус анықталып жүр. Бұл бұрын-соңды тіркелмеген ең жоғары көрсеткіш.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG