Accessibility links

Ақтөбеде мыс кенішіндегі төрт жұмысшының қазасын арнайы комиссия тексереді


"Ақтөбе мыс компаниясы".
"Ақтөбе мыс компаниясы".

Ақтөбеде мыс кенішіндегі төрт жұмысшының қазасына байланысты арнайы комиссия құрылды. Тексеру қорытындысы 10 күн ішінде жарияланады. Бұл туралы 5 қаңтар күнгі брифингіде облыстық еңбек инспекциясының бөлім басшысы Қуаныш Қамиев хабарлады. 30 желтоқсан күні кешке Ақтөбе облысы Хромтау ауданындағы шахтада төрт адам қаза тауып, бір адам зардап шеккен еді. Жергілікті билік жұмысшылардың тұншықтырғыш газдан улануы мүмкін екенін айтқан.

Еңбек инспекциясының мәліметінше, кеншілер арнайы комиссия құрамына өз араларынан өкіл кіргізуді талап еткен. Жұмысшылар талабы орындалған.

- Компания қаза болған кеншілердің жерлеу шығынын өз мойнына алып, әр отбасына 2 млн теңгеден бөлді. Одан бөлек кеншілер отбасына компания әлеуметтік қолдау туралы ұсыныс жасаған. Жұмыс беруші әр отбасына 20 млн теңгеден жәрдемақы беріп, балаларының ең кішісі кәмелетке толғанша әкесінің жалақысын төлеп тұруға дайын. Ақтөбе облысының аумағынан баспана сатып әперіп, балаларының жоғары білім алуы үшін оқу ақысын толық төлеп беретін болды. Мыс кенішінде қаза болғандардың туыстары тарапынан бұл ұсынысқа әзір жауап берілген жоқ,- деді облыстық еңбек инпекциясының бөлім басшысы Қуаныш Қамиев.

30 желтоқсан күні Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Көктау ауылындағы "Весенняя Аралчинская" шахтасында қаза болған төрт адамның бірі тау-кен шебері Асхат Қайқанов 43 жаста болған. Хромтау қаласында тұрған Асхат Қайқановтың артында үлкені 16, кішісі 5 жастағы үш баласы қалған.

- Асхат өмірінің соңғы екі жылында Көктаудағы мыс кенішінде жұмыс істеді. Оған дейін 17 жыл бойы Дөң кен байыту комбинатында еңбек етті. Жоғары білімді тау-кен шебері еді... Кеше Асхаттың отбасына мыс кенішінің өкілдері келіп, қаржылай қолдау туралы ұсынысын айтқан. Үш баламен жесір қалған әйелге шешім қабылдау оңай болып отырған жоқ. Өзі лаборант болып жұмыс істейді, балалары мектеп жасында. Бұл бір күнде қабылданатын шешім емес, - дейді кеншінің жеңгесі Венера Қайқанова.

Көктау ауылынан 30 шақырым жерде орналасқан шахта "Ақтөбе мыс компаниясына" тиесілі. Қайғылы оқиға кенішті жару кезінде 1,5 шақырым тереңдікте болған. Бастапқы тексеру нәтижесіне сүйенген жергілікті билік "жұмысшылар тұншықтырғыш газдан уланған болуы мүмкін" деп мәлімдеді .

Мыс кенішіндегі төрт адамның қазасынан кейін полиция Қылмыстық кодекстің 156-бабы ("Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу") 4-тармағы (абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет) бойынша іс қозғалғанын хабарлаған еді. Сейсенбідегі брифингіде жұмысшылар өліміне орай сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғаны айтылды. Полиция "қанша адамға айып тағылатыны тергеу барысында анықталады" деп отыр.

"Ақтөбе мыс компаниясы" мыс өндіру бойынша Ресейдегі ең ірі үшінші компания саналатын "Орыс мыс компаниясына" тиесілі. Компания сайтындағы мәліметке қарағанда, "Ақтөбе мыс компаниясы" жылына 60 мың тоннаға дейін - мыс, 45 мың тоннаға дейін мырыш (концентратын) өндіреді. Компанияда шамамен 1600 жұмысшы бар.

Ресейлік компанияның ақпараты бойынша, "Весенняя Аралчинская" шахтасында жылына 500 мың тоннаға дейін мыс рудасын өндіретін кеніш салу жоспарланған.

"Орыс мыс компаниясының" негізін қалаушы және бас акционері – ресейлік миллиардер Игорь Алтушкин. Forbes журналы оның байлығын 4,1 миллиард долларға бағалаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG