Accessibility links

Полиция ғимаратқа басып кірген топты ығыстырған соң Конгресс жиыны қайта жалғасты


АҚШ Конгресі қос палатасы мүшелерінің 2020 жылғы қарашада өткен президент сайлауының нәтижесін куәландыруға арналған бірлескен жиыны. Вашингтон, 6 қаңтар 2021 жыл.
АҚШ Конгресі қос палатасы мүшелерінің 2020 жылғы қарашада өткен президент сайлауының нәтижесін куәландыруға арналған бірлескен жиыны. Вашингтон, 6 қаңтар 2021 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трампты жақтайтын ашулы топ Конгреске басып кіргеннен кейін арада алты сағат өткенде, полиция күші оларды біртіндеп Капитолийден ығыстырды. Бұдан кейін Конгрестің қос палатасы мүшелерінің былтыр 3 қарашада өткен президент сайлауының нәтижесін куәландыруға арналған бірлескен жиыны қайта жалғасты.

Жиынға төрағалық етуші АҚШ вице-президенті Майк Пенс: "Бүгін Капитолийде ылаң салғандар, жеңіске жетпегендеріңізді біле жүріңіздер. Зомбылық ешқашан жеңбейді. Азаттық салтанат құрады, бұл [жер] бұрынғысынша халық үйі" деп мәлімдеді.

Конгресс орналасқан аумақты полиция бақылауына алды: ғимараттың айналасына темір шарбақ қойылып, үкіметтік мекемелерге баратын жолдың бәрін жүздеген полицей жауып тұр. Ғимараттың ішінде ұлттық гвардия сарбаздары жүргені байқалады. Вашингтон мэрі сәрсенбі күні жергілікті сағат кешкі алтыдан бастап қалада төтенше жағдай енгізілгенін хабарлады.

АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Джо Байденнің инаугурациясы алдындағы ең соңғы формалды рәсім сәрсенбі күні Трамп жақтайтын жүздеген адам Капитолийге басып кірген соң уақытша тоқтап қалған еді. Вице-президент Пенс пен сенат қызметкерлері ғимараттан кетуге мәжбүр болған.

Президент сайлауының ресми нәтижесі бойынша, 306-232 (электорлар дауысы) есебімен Байден жеңіске жеткен. Бірақ оның бәсекелесі Трамп сайлау нәтижесін мойындаудан бас тартып, "соңына дейін күресетінін" айтқан.

6 қаңтарда Вашингтон орталығында бірнеше мың адам президент сайлауының нәтижесін қайта қарау талабымен жиналған митингіде сөйлеген Трамп "Біз ешқашан берілмейміз. Біз ешқашан мойындамаймыз" деп мәлімдеді. Ол кейінгі екі ай бойы қарашадағы сайлауда "бұрмалаушылық" болғанын айтып жүр. Митингіден соң оған қатысушылардың бір тобы Конгреске барып, полициямен қақтығысқаннан кейін ғимаратқа басып кірген. Тәртіпсіздіктер кезінде бір әйелдің қаза тапқаны жайлы ақпаратты кейін полиция растады, бірақ оқиғаның егжей-тегжейі әзірге белгісіз.

Жаңа сайланған президент Байден Трампты жақтайтын топтың іс-әрекетін айыптап, оны "демократияға, заң үстемдігіне жасалған шабуыл" деп атады. Байден қазіргі президент Трампты жақтастарын сабырға келуге үндеп сөйлеуге шақырды.

Бірнеше минуттан кейін Трамп Конгреске басып кірген жақтастарын тарауға үндеген қысқа мәлімдемесін әлеуметтік желілерде жариялады. Трамп наразы топтың "жан жарасын түсінетінін, бірақ бейбітшілік пен тәртіпті қалпына келтіру қажет" екенін айтты. Бір минуттық сөзінде Трамп сайлау қорытындысы "бұрмаланғанын" бірнеше рет айтты.

Кейін Facebook пен YouTube өздерінде жарияланған Трамптың видеосын өшіріп тастады. Facebook әкімшілігі Трамп аккаунты 24 сағатқа бұғатталғанын хабарлады. Twitter әкімшілігі Трамп сәрсенбіде жариялаған үш твитін жоймайынша, оның аккаунтына 12 сағат шектеу қоятынын айтты. Instagram желісі де Трамптың аккаунтын 24 сағатқа бұғаттады.

АҚШ-тың бұрынғы президенттері, Демократиялық партия өкілдері Барак Обама мен Билл Клинтон "жалған сөзімен тәртіпсіздіктерге дем берді" деп Трампты айыптады. Республикашыл партия өкілі, экс-президент кіші Джордж Буш Трамптың атын атамағанымен, "кейбір саяси жетекшілердің сайлаудан кейінгі парасатсыз қылығын" сынады.

АҚШ-тың жаңа сайланған президентінің жеңісін Конгрестің куәландыру рәсімі әдетте тыныш өтетін. Бірақ бұл жолғы президент сайлауында республикашыл кандидат Дональд Трамп сайлаудың әділ өтпегенін айтып, оның нәтижесін мойындаудан бас тартты. Конгрестегі 14 республикашыл сенатор мен өкілдер палатасының 100-ден астам республикашыл мүшесі кей штаттардың нәтижесін куәландыруға қарсы шығатынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG