Accessibility links

Еуропада коронавирус жұқтырғандар 25 миллионнан асты


Брюссельдегі клиникалардың бірі. 28 қазан 2020 жыл.
Брюссельдегі клиникалардың бірі. 28 қазан 2020 жыл.

Еуропада (Ресейді қосқанда) індет басталғалы бері коронавирус жұқтырғандар 25 миллионға жеткен. Еуропа елдері үкіметтерінің ресми мәліметіне сүйеніп есептеген Reuters агенттігі осылай деп хабарлады.

3 миллион 300 мыңнан астам тұрғынынан вирус анықталған Ресей тізімде бірінші орында тұр. Еуропаның сегіз елінде науқастар саны миллионнан асқан. Арасында Украина да бар.

Індет басталғалы бері бір жыл ішінде Еуропада жарты миллионнан астам адам коронавирустан көз жұмған. Еуропада әлем халқының оннан бір бөлігі тұрады, бірақ әлем бойынша коронавирус жұқтырғандардың 30 пайызы осы аймақ үлесінде. Коронавируспен байланысты адам өлімі көрсеткіші де Еуропада жоғары.

Еуропаның бірқатар елдері кейінгі кезде карантин мерзімін созып, кейбірі қатайтты. Германияда өткен тәулікте мыңнан астам адам Covid-тен қайтыс болған. Елде локдаун мерзімі қаңтар айының соңына дейін ұзартылды. Францияда мейрамханалар мен дәмханалар, сонымен бірге шаңғы тебетін орындар кемінде 20 қаңтарға дейін жабық болады. Француз-британ шекарасында қозғалысқа шектеу қойылды. Ұлыбританияда локдаун одан да бұрын күшіне енген.

Желтоқсан айында Ұлыбритания мен Еуроодақта коронавирус инфекциясына қарсы егу басталған. Әзірге тәуекел топтарға кіретін адамдарға салынып жатыр. Еуроодақта "жаппай вакцинация бағдарламасын баяу жүзеге асырып жатқаны үшін" билікке сын да айтылып жатыр. Соңғы мәлімет бойынша, Еуроодақ тұрғындарының бір пайызға жуығы, британдықтардың шамамен екі пайызына вакцина егілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG