Accessibility links

Алматыда сайлау учаскесінде дауыс санар алдында бақылаушыны күштеп шығарды


Тәуелсіз бақылаушы Оразай Қыдырбаев.

Алматыдағы № 187 мектепте орналасқан №542 сайлау учаскесінде "Еркіндік қанаты" қоғамдық ұйымы бақылаушысы Оразай Қыдырбаевты дауыс санау процесі басталардан бұрын өз аты-жөнін атаудан бас тартқан белгісіз адам учаскеден күштеп шығарып жіберді. Бұл туралы Азаттыққа Қыдырбаев пен "Еркіндік қанаты" ұйымының координаторы хабарлады.

– Сайлау учаскесі жабылып, дауыс санауға кіріскелі жатты. Процесті жақыннан көргім келді. Заң бойынша, санау процесін парақтардағы белгілерді көруге көзім жететін жерден бақылауым тиіс. Бірақ мені 15 метр жерге – спорт залдың ортасына тұрғызып қойды. Мен "жақын тұрғым келеді" деп орныма қайта бара жаттым. Сол кезде күні бойы учаскеде болмаған, қайдан шыққаны белгісіз бір жігіт қолымнан ұстап, "сызықтан аспай тұр" деп жекіп, бұйрық бере бастады, – дейді Қыдырбаев.

Қыдырбаевтың сөзінше, белгісіз адам басқа бақылаушыларға да нұсқау бере сөйлеген. Ол өзіне ешкімнің араша түспегенін айтады.

– "Қандай заңға сүйеніп, 15 метр жерге тұрғызып жатырсыз?" деп сұрадым. Әлгі жігіт "Сайлау комиссиясы төрағасының айтқаны – заң" деді. Ондай заң жоғын айтып едім, қолымнан жұлқып, жанындағы жігіт екеуі сыртқа сүйреп шығарды. Бірден есікті кілттеп алды. Қазір мектеп сыртында тұрмын, – дейді ол.

"Еркіндік қанаты" ұйымының бақылаушылар координаторы Ғалымжан Оразымбет осы оқиға бойынша сайлау комиссиясы төрағасының үстінен арыз жазғалы жатқанын айтты.

– Арыз жазу үшін полиция шақырдық. Біраз уақыттан соң полиция келді. Сөйтсек олар мектептен кетіп қалыпты. Іште ешкім жоқ. Бізде "арыз жазу үшін аудандық полиция бөлімшесіне барыңдар" деді. Сонда бара жатырмыз, – дейді ол.

Азаттық осы жағдайға қатысты аймақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанна Асановаға бірнеше хабарласты. Бірақ байланысу мүмкін болмады.

10 қаңтарда Қазақстанда парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс пен жергілікті өкілді орган – мәслихаттар сайлауы өтіп жатыр. Сайлауға оппозициялық күштер қатыстырылмады, оған тек елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы мен билікшіл тағы төрт партия қатысып жатыр.

Сайлау алдында елдің әр аймағында сайлауды науқанды бақылағысы келген ондаған белсенді мен тәуелсіз бақылаушы ұсталып, жазаланды. Олардың арасында 5-10 күнге қамалғандары да бар.

  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG