Accessibility links

Өзбекстанда жасырын діни мектепте "баланы сабау" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды


Ташкенттегі жасырын діни мектепте сабалған баланың аяғы. UzReport видеосынан алынған скриншот.

Ташкентте балаларды ұрып-соғып "тәрбиелеген" тағы бір жасырын діни мектеп (худжра) анықталды. Бұл туралы UzReport телеарнасы репортажына сүйенген Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, Шайхантахур ауданы полициясының терроризм және экстремизммен күрес жөніндегі бөлім қызметкерлері мен мемлекеттік қауіпсіздік қызметі өкілдері жедел-іздестіру шарасы кезінде А. есімді азаматтың көп қабатты тұрғын үйде балаларды заңсыз оқытқанын анықтаған. Ата-аналар балаларының діни білім алғаны үшін 150-200 доллардан төлеген. Бірақ худжра иесінде балаларды оқыту рұқсаты болмаған.

Телеарнаның мәліметінше, А. есімді азамат оқыту барысында балаларды оқтаумен ұрып, жарақаттаған. Ер адам мұндай әдістерге жиі жүгінбейтінін айтқан. Ол балаларды кейде шымшып, кейде таяқпен ұрғанын мойындаған.

"Орта дәрежеде жарақаттау" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Сот-медициналық сараптама жүргізілген.

Желтоқсан айының ортасында Ташкентте жасырын діни үш мектеп анықталып, онда кәмелетке толмаған балаларды ұрып-соғып, "аштықпен жазалағаны" хабарланған еді. Жедел-іздестіру шарасы кезінде құқық қорғаушылар худжрадан таяқ, пышақ, пневматикалық қару сияқты суық қару түрлерін тәркілеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG