Accessibility links

Ақтөбе соты хром зауытындағы жұмысшылардың қазасынан соң айыпталғандарды ақтады


13 қаңтар күні Ақтөбе соты хром қосындылары зауытындағы бес жұмысшының қазасынан соң істі болған үш айыпталушыны "қылмыстық құрам жоқ" деп ақтап шықты. Сот "бес адамның өліміне өздерінің өрескел абайсыздығы себеп болған" деп санайды. Өндірісте мерт болған Владимир Коваль мен Евгений Корневтің туыстары мұны "абсурд" деп санайды.

Оқыс оқиға өндіріс орнының №4 цехында 2020 жылы 28 мамырда болған. Тергеу материалдарына қарағанда, өндірісте қолданылатын бак ішіндегі химиялық қалдықты тазалап жатқан Владимир Коваль технологиялық ерітіндінің буына күйіп қалған. Диаметрі 4,5 метр, биіктігі 3 метрден астам бактың ішіне Ковальды құтқармақ болып, бірінен соң бірі зауыт жұмысшылары Мирас Сағиев, Евгений Корнев, Орынбасар Бисембин, Азамат Нагишев пен Мұхтар Таухабаев түскен. Күйік шалған төрт жұмысшы сол жерде қайтыс болып, ал Нагишев бір аптадан соң ауруханада жан тапсырған.

Тергеу бес жұмысшы өліміне №4 цех бастығы Рустам Балтоғожин, цех шеберлері Өтесін Мұханов пен Тұрар Бисембинді айыптаған. "Абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан қауіпсіздік техникасы бұзды" деп күдікке ілінгендер сотта өздеріне тағылған айыпты мойындамады.

Сот хабарламасында "жұмысшылар өліміне өздерінің өрескел абайсыздығы себеп болған. Бес жәбірленушінің бірі, зауыттың цех шебері болған Орынбасар Бисембин технологиялық процестің басталғанын, механизмнің іске қосылғанын біле тұра бактың ішіне түсетін жұмысшыларды құтқару белдігімен қамтамасыз етпеген. Фильтрацияға жауапты маманға аппарат ішіне түсуге заңсыз нұсқау берген" деп жазылған.

Өндірісте мерт болған Владимир Коваль мен Евгений Корнев отбасының құқығын қорғаған адвокат Мұса Қуашев "бес адамның қазасына орай зауыттың бірінші басшысы сотталуы керек еді" деп санайды.

- Қазақстан Конституциясына сай жұмысшымен келісімшарт жасайтын да, оның өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз ететін де бірінші басшы. Сондықтан сотталушы орындығында цех бастығы мен цех шеберлері емес, зауыт басшысы отыруы керек еді. Зауыт жұмысшыларды жерлеуге қаржы бөлген. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ ол моральдық шығын емес! Коваль мен Корневтің отбасы марқұмдардың әрқайсы үшін зауыттан 10 млн теңге моральдық шығын талап еткен еді. Сот талап арызымызды қараусыз қалдырды, - дейді адвокат.

Ақтөбе хром қосындылары зауытының заңгері Руслан Ким сот процесінің бірінде өндірісте қаза болғандар отбасына қаржылай қолдау көрсетілгенін айтты. Зауыт бес жұмысшыны жерлеуге, несиелерін өтеуге жалпы сомасы 62 млн теңге бөлген. Руслан Кимнің сөзінше, бұл сомадан Евгений Корневтің отбасына – 6 млн 220 мың, Владимир Ковальдың отбасына 5 млн 240 мың теңге тиген.

Өндірісте қаза тапқан Владимир Ковальдың жеңгесі Гүлжанат Коваль Ақтөбе хром қосындылары зауытының марқұмды жерлеп, несиесін өтеуге қаржы бөлгенін растап отыр. Бірақ соттың зауыттан моральдық шығын өндіріп бермегеніне, ешкімге айып тақпағанына наразы.

- Сот үкімімен мүлдем келіспеймін. Өлген адамдарды кінәлауы – абсурд! Бес адам өліп жатқанда ешкімге айып тағылмауы ақылға сыймайды. Бұл – тергеу мен прокуратураның қателігі. Менің қайын інім Владимир Коваль әлі отбасын құрып үлгермеген қыршын жас еді. Артында қартайған ата-анасы қалды. Олар сегіз айдан бері зар илеумен отыр. Сондықтан біз Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдаймыз, апелляциялық алқаға шағымданамыз, - дейді Гүлжанат Коваль.

2020 жылғы 28 мамыр күні бес жұмысшысы қаза болған зауыт хром қосындыларын (натрий монохроматы, натрий бихроматы, хром ангидриді, хром тотығы, хром малмасы және күкіртті натрий) өндіреді. Зауыт Ақтөбе қаласы аумағында орналасқан. Ірі кәсіпорын өнімін әлемнің отыздан астам еліне шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG