Accessibility links

Қарағанды облысында шахтадан шыға алмай қалған жұмысшының денесі табылды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қарағанды облысы Ленин атындағы шахтада төтенше оқиға кезінде сыртқа шыға алмай қалған жұмысшының денесі табылды. 13 қаңтар түнде көмір шахтасында метан жайылып, жұмысшылар сыртқа эвакуацияланған. Оқиға кезінде бұрғылау құрылғысының машинисті Николай Шадиров жер астында қалып қалған. Бұған дейін шахта иесі "АрселорМиттал Темиртау" компаниясы іздеу жұмыстары жүріп жатқанын хабарлаған. 14 қаңтарда күндіз жұмысшының денесі табылды. Газдан уланған 1969 және 1997 жылғы екі жұмысшы ауруханаға түскен.

Компания мәліметінше, опат болған ер адам кәсіпорынның көмір департаментінде 16 жыл істеген, 15 жыл бұрғылау құрылғысының машинисті болған. АМТ жұмысшының отбасына Қазақстан заңнамасы мен ұжымдық келісім шарттарына сәйкес, көмектесетінін айты.

Төтенше жағдай министрлігіне қарасты өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің мәліметінше, 13 қаңтарда түнгі сағат 10-дар шамасында шахтада ауаға метан мен көмірдің ұсақ түйіршектері жайылып, машинист көмекшісі Муфтахов пен вентиляция бөлімінің маманы Шадиров апат орнынан қашып шыққан. Ал Шадиров шыға алмай қалған. Диспетчер апатты жою жоспарын іске қосып, құтқару-іздеу қызметі мамандарын шақырған.

Мемлекеттік органдар бір адам опат болып, екі адам зардап шеккен оқиғаға байланысты комиссия құрылып, арнайы тексеріс бастағанын хабарлады.

14 қаңтар түнгі сағат үштер шамасында ауруханаға түскен екі жұмысшы қазір Қарағанды қаласындағы медициналық орталықтың токсикология бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың газдан уланғанын айтқан. "Жағдайлары тұрақты, орта дәрежеде уланған" деді облыстық денсаулық сақтау ұйымының өкілдері.

Қарағанды көмір бассейніндегі ірі шахталардың бірі Ленин атындағы шахта 1964 жылы пайдалануға берілген. 1996 жылы шахта үндістандық миллиардер Лакшми Миттал басқаратын компанияның меншігіне өтті.

1970 жылдың соңынан бері Ленин атындағы шахтада адам шығыны болған кемінде жеті апат болған. Ең ірісі 2006 жылы болды. Ол кезде метан жарылып, 41 кенші қаза тапты, жеті адам жараланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG