Accessibility links

Ауғанстанда екі әйел судьяны қастандықпен өлтірді


Қастандықтан қаза тапқан марқұмдардың туыстары оқиға орнына келіп жатыр. Кабул, 17 қаңтар 2021 жыл.
Қастандықтан қаза тапқан марқұмдардың туыстары оқиға орнына келіп жатыр. Кабул, 17 қаңтар 2021 жыл.

Жексенбі, 17 қаңтар күні таңертең Кабулда белгісіз біреулер Ауғанстан жоғарғы сотында жұмыс істейтін екі әйел судьяны атып өлтірді. Бұл туралы жергілікті полицияға сілтей отырып Reuters агенттігі хабарлады.

Полиция мәлімдемесіне қарағанда, аты-жөні әлі аталмаған екі судьяға шабуыл таңғы 8:30 уақытында жасалған. Судьялардың екеуі де қайтыс болған, көлік жүргізушісі жарақат алған.

Талибан қозғалысының баспасөз хатшысы содырлардың бұл қастандыққа қатысы жоғын айтты.

Ауғанстанда кейінгі айларда Талибан мен үкімет арасындағы бітімгерлік келіссөздерінің жүріп жатқанына қарамастан қастандық жасау көбейді. Шабуылдар ел астанасы Кабулда жиі байқалып отыр. Лауазымды тұлғалардың қастандықпен өлтірілуі ел арасында үрей тудырып отыр. Шабуылға тап болып жатқандардың көбі – журналистер, адам құқығын қорғау жөніндегі белсенділер, өнер қайраткерлері және қоғамдық іспен айналысатын әйелдер.

Мұның алдындағы шабуыл Пентагон Ауғанстандағы әскерін 2,500 сарбазға дейін қысқартатынын мәлімдеген соң екі күннен кейін болды. Ел президенті Ашраф Гани бұл шабуылдың артында Талибан тұр деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG