Accessibility links

Шенеунік Covid жұққандарды емдейтін ауруханаға бөлінген ақшаны жымқырды деген күдікке ілінді


Коронавирус жұққандарды емдейтін аурухана.
Коронавирус жұққандарды емдейтін аурухана.

Алматы қаласының жайлы орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашев және Bi-Industrial компаниясының директоры коронавирус жұққандарды емдейтін модульдік инфекциялық аурухана құрылысына бөлінген 3,9 миллиард теңге (9,3 млн доллар) қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді. 18 қаңтарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі осылай деп хабарлады. Ведомствоның баспасөз қызметінің айтуынша, "сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу" бабы бойынша іс қозғалған.

Кейбір жергілікті БАҚ Нұрашевтің ұсталғанын жазды. Бірақ Алматы әкімдігі ақпаратты жоққа шығарып, Нұрашевтің "жұмыс орнында емес" екенін айтты.

"Тергеуге дейінгі тексеру амалдарына байланысты қала әкімдігі қажетті ақпаратты таратып, түсіндіруге дайын" делінген 18 қаңтар күнгі әкімдік хабарламасында.

Сапар Нұрашев Алматы қаласының жайлы орта басқармасының жетекшісі қызметіне 2020 жылы маусым айында тағайындалған.

Былтыр сәуір айында Алматыда коронавирус жұққандарға арналған жаңа инфекциялық аурухана ашылған. 18 күн ішінде дайын болған медициналық мекемеге 5,5 миллиард теңге (13,1 млн доллар) қаражат жұмсалды деп айтылды. Қараша айында госпиталь "дезинфекцияға байланысты" резервке алынған. Сол кезде мекеменің аязға төзбейтіндігі де айтылды. Пациенттер мен медицина қызметкерлері басқа орталыққа көшірілген.

Bi-Industrial - тұрғын үй емес ғимараттарды салумен айналысатын компания. Ол ықпалды кәсіпкерлердің бірі 48 жастағы Айдын Рақымбаевқа тиесілі BI Group құрамына кіреді. 2020 жылы Forbes Kazakhstan оның байлығын 514 миллион долларға бағалаған. Компания сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тергеуіне байланысты түсініктеме бермеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG