Accessibility links

Коронавирус пен пневмонияға шалдыққандар 1017 адамға көбейді, 9 адам қайтыс болды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанда коронавирус пен коронавирус пневмониясына шалдыққандар 1017 адамға көбейді. 18 қаңтарда ПТР тесті оң шыққан - 999 адам тіркелген. ПТР тесті - теріс, бірақ клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққан 18 адам анықталған. Өткен тәулікте 9 адам өлімі тіркелген: 7 адам - коронавирус, 2 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болғаны анықталған.

Наурыз айынан бері Қазақстанда 170 098 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Содан бері 2 423 адам Covid-тен қайтыс болған деп айтылады. Қазақстан билігі 1 тамыздан бастап коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандарды бөлек есептеп келеді. Сол уақыттан бері 46 866 науқас тіркелген. 542 адам қайтыс болған. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пен коронавирус пневмониясына шалдыққандарды бөлек есептеп келеді. Бірақ халықаралық ұйымдар оларды бірге есептейді.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, Қазақстан әлем елдері арасында коронавирустың тарауы жөнінен 52-орында тұр. Мұнда 214 964 адам Covid-ке шалдыққан. 3 мыңға жуық адам Covid-тен қайтыс болған. Кейбір сарапшылар коронавирусқа шалдыққандар мен одан қайтыс болғандар ресми деректе айтылған саннан әлдеқайда көп деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG