Accessibility links

Шымкенттік белсенді Нұржан Мұхаммедовтің бостандығын талап еткен видео челлендж басталды


Нұржан Мұхаммедов.
Нұржан Мұхаммедов.

"Әлеуметтік желіде экстремистік ұйым ісіне араласты" деп күдікке ілініп, екі айға қамалған шымкенттік белсенді Нұржан Мұхаммедовті қолдау акциясы жүріп жатыр. 20 қаңтарда Азаттық тілшісі Қазақстанның бірқатар аймақтарында белсенділер түсірген 20-дан астам видеоүндеуді көрді. Олар видеода "Нұржан Мұхаммедов - экстремист емес, қоғам белсендісі!", "Жазықсыз түрмеде жатқан Мұхаммедовті қолдайық!", "Мұхаммедов босатылсын!" деп айтады.

"Нұржан Мұхаммедов қамауға алынған күннен кейін ертесінде таңғы сағат 4-тер шамасында Мұхаммедовтің үйіне белгісіз біреулер келіп, есігін тоқпақтап, әйелі мен бала-шағасын қорқыныш пен үрейде қалдырған. Әйелі полиция қоңырау соққан, бірақ олар қызметкерлерін жібермеген. Біздің елде осындай қорқыту, қысымдар болып жатыр. Сол себепті Мұхаммедовті отбасынан бөлмей, қиын жағдайда қалдырмай, биліктен оны тезірек босатуды талап етемін" деді шымкенттік белсенді Ерғали Құлбаев видеода.

Видеолардың көбін Шымкент тұрғындары түсірген. Байқоңыр, Қызылорда, Түркістан азаматтары да видео челленджге қосылған.

- Полиция Нұржанға 2020 жылдың 27 желтоқсанында Facebook парақшасында тікелей эфирге шығып, халықты митингіге шақырды деп айып тағып отыр. Бұл күні Нұржан эфирге шықпаған. Осының өзі қылмыстық іс оның саяси көзқарасы үшін ашылғанын көрсетеді, - дейді белсенді Мұхаммедовтің әйелі Бағлан Текебаева.

Бұдан бұрын 13 қаңтарда Түркістан облысы Түлкібас ауданы Сартөбе ауылының тұрғыны, азаматтық белсенді Үрбігүл Сәдуова Мұхаммедовке бостандық талап етіп, басын тақырлаған. Ол Мұхаммедовтің тез арада босатылуын талап етіп, белсенділерді қудалауды тоқтатуды талап еткен.

6 қаңтарда полиция шымкенттік белсенді Нұржан Мұхаммедовтің үйін тінтіп, өзін алып кеткен. Сол күні жақтастары оның бостандығын талап етіп, полиция басқармасына жиналған. Прокуратура өкілдері оларға Мұхаммедовтің 405-бап бойынша күдікке ілінгенін айтқан.

"Сәуле" мөлтекауданындағы ИЧ-167/11 түзеу мекемесіне қамалған Мұхаммедов екі күннен соң өзіне тағылған айыппен келіспей, аштық жариялаған. Кейінірек аштықты тоқтатқаны хабарланды.

Нұржан Мұхаммедов әйелі және кәмелет жасына толмаған бес баласымен бірге Шымкенттің Қаратау ауданындағы Қайнарбұлақ саяжайында пәтер жалдап тұрады. Ол бұған дейін "саяси тұтқындарға бостандық талап еткен" жиындарға қатысып, Қытай экспанциясына, жердің сатылуына қарсы шыққан. Сол үшін ол бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған. Сот Мұхаммедовті "заңсыз митингіге қатысқаны үшін" бірнеше рет 5 күннен 15 күнге дейін қамаған. Қараша айында оған "полицияға тіл тигізді" деген айып тағылып, 220 мың теңгеден астам (80 айлық есептік көрсеткіш) айыппұл салған.

2019 жылы қараша айында белгісіз біреулер белсендінің ауласында тұрған жеке көлігінің айнасын шағып, жүргізуші орындығына иттің басын тастап кеткен. Мұхаммедов бұл туралы полицияға арыз жазғанымен, бұл әрекетті кім жасағаны әлі күнге анықталған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG