Accessibility links

Алматыдағы тергеу соты төрт белсендінің қамау мерзімін ұзартты


Алматы қалалық ауданаралық мамандандырылған тергеу соты 20 қаңтарда белсенділер 37 жастағы Қайрат Қылышовтың, 47 жастағы Асхат Жексебаевтың, 48 жастағы Абай Бегімбетовтің изолятордары қамау мерзімін, 43 жастағы Дәметхан Аспандиярованың үйқамақ уақытын тағы бір айға созды.

Сотқа күдіктілер қатысқан жоқ. Прокурор отырыс кезінде тергеу аяқталмағандықтан қамау мерзімін созуды сұрады. Бұл туралы Азаттыққа күдіктілердің адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады.

Аспандиярова 23 қыркүйекте "тыйым салынған "Көше партиясы" қозғалысы жұмысына араласты", "экстремистік топ жұмысына қатысы бар" деген күдікпен үйқамаққа алынған.

Жексенбаев 22 тамызда Ақтауда ұсталып, Алматыға жеткізілген. Бегімбетов 23 тамызда Алматыда қамалған. Ал Қылышов 30 тамызда ұсталды.

Үшеуі "тыйым салынған ұйым жұмысына араласты", "экстремистік топ құрмақ болды" деген қылмыстық күдікке ілінген. Билік белсенділерді "Көше партиясы" қозғалысына қатысы бар деп айыптайды.

Қылмыстық кодексте бұл айыптарға 8-17 жыл жаза қарастырылған.

Бұған дейін Аспандиярова, Қылышов, Жексебаев, Бегімбетов азаматтық белсенділігі үшін әкімшілік жауапқа тартылған.

  • Қазақстан билігі шетелге қашқан экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы мен тіркелмеген "Көше партиясын" экстремистік ұйым деп таныған. Прокуратура "Көше партиясы" ҚДТ қозғалысына қатысы бар деп санайды. "Көше партиясының" белсенділері өздерін "тәуелсізбіз" дейді.
  • Еуропарламент 2019 жылғы қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп сипаттаған. Қазан айында Еуропарламенттің 16 мүшесі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, "Көше партиясын" да "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.​
  • ҚДТ мен "Көше партиясын" экстремистік деп таныған сот шешімі жарияланған жоқ. Екі қозғалыстың жақтастары Қазақстанда жиі қуғындалады.
  • Қазақстандық құқық қорғаушылардың мәліметінше, қазіргі кезде елде сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалысына қатысы бар деп күдікке ілінген немесе айыпталған 110-нан астам адам бар.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG