Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстанда қаржылық есеп беру шарттарын бұзды деген желеумен адам құқығын қорғау ұйымдарының қудаланып жатқанын хабарлап, бұл биліктің "адам құқығын жақсартуға кірісу" ойы жоғын көрсетуі мүмкін деді.
Штаб-пәтері Нью-Йоркте шоғырланған ұйым 20 қаңтарда билік ұзақ уақыт бойы адам құқығын қорғайтын белсенділер мен ұйымдарға "құқықтарын шектейтін заңдар қолданып, бұлыңғыр айыптар тағып келді", "бірақ бұл жолы көптеген топтың бір мезгілде құқайға ұшырап, биліктің ашықтан-ашық заңды белден басуы шошытады" деп мәлімдеді.
Ұйымның Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Ритманның мәлімдемесінде 15 қаңтарда Алматыдағы салық органдарының сайлауды бақылайтын "Эхо" ұйымына айыппұл салғанын атап өтеді. Үш күннен соң Нұр-Сұлтанда сайлауды бақылайтын "Еркіндік қанатына" да айыппұл салынған.
Бұдан бөлек, кемінде тағы төрт үкіметтік емес ұйым - Адам құқығы мен заңдылықты сақтау халықаралық бюросы, Халықаралық заңнамалық бастама, заңгерлік медиа орталығы, "Медианетті" жергілікті салық органдары шақырған. Мира Ритман бұл топтарға да айыппұл салынып, жұмысын жалғастыруға кедергілер жасалуы мүмкін деп алаңдайды.
Тәуелсіз бақылаушы дайындаған бірқатар үкіметтік емес ұйымдар сайлау қарсаңында және сайлау күні биліктің қысымына ұшырағанын айтқан. Қараша айында бірнеше үкіметтік емес ұйым "салық органдарының негізсіз тексерулеріне" шағымданған. Бақылаушыларға белгісіз біреулердің хабарласып, қоқан-лоқы жасағанын да айтқан.
ПІКІРЛЕР