Accessibility links

Полиция Қайша Ақанға жасалған шабуылға байланысты қылмыстық іс қозғады


Түрксіб аудандық полиция басқармасы. Алматы, 22 қаңтар 2021 жыл.
Түрксіб аудандық полиция басқармасы. Алматы, 22 қаңтар 2021 жыл.

Полиция 21 қаңтарда түнде Қайша Ақанға жасалған шабуылға байланысты қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Азаттық тілшісіне Алматы қаласының Түрксіб аудандық ішкі істер басқармасының қызметкері, полиция капитаны Ақылбеков хабарлады.

- "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір бастықтардың бәрі оқиға орнында жүр. Іске байланысты басқа ештеңе айта алмаймын. Кейінірек хабарласыңыз, - деді ол.

Қытайдағы қысымнан қашып, Қазақстанға келген, мұнда былтыр күзде босқын мәртебесін алған Қайша Ақанның соққыға жығылғаны туралы ақпарат 22 қаңтарға қараған түні әлеуметтік желіде тарады. Заңгер Гүлмира Қуатбекқызы және белсенділердің сөзіне қарағанда, оқиға 21 қаңтар түнгі сағат 9 жарым шамасында болған. Қайша Ақан үйінен шығып, дүкенге барып, содан қайтып келе жатқанда белгісіз біреу қатты затпен басынан ұрған. Қылқындырып сүйреген. Бұдан соң Қайша Ақан есінен танып қалған. Есін жиғаннан кейін заңгері мен белсенділерге хабарласқан. Ол "аурухана өзін қауіпсіз сезіне алмайтынын" айтып, ауруханаға жатудан бас тартқан. Заңгерінің айтуынша, қазір Ақанқызының жағдайы қалыпты: есін жиған, сөйлей алады. Былтыр жазда операция жасалғандықтан кейбір емдерді қабылдай алмаған.

Қазақстаннан босқын мәртебесін алған Мұрагер Әлімұлының да 21 қаңтар түнде пышақталғаны хабарланды. Полиция қазір оған жасалған шабуылды да зерттеп жатқаны хабарланды.

Заңгер Гүлмира Қуатбекқызы оқиғаларды "кездейсоқ шабуыл" деп санамайды.

- Бұл оқиғаны кездейсоқ жасалған шабуыл деп санамаймыз. Ескерту сипатындағы нәрсе. Оның ешқандай затын алмаған. Бүкіл құжаты өзінде. Қайша Ақан бұған дейін де күмәнді әрекеттерді байқаған. Өзі отбасымен пәтер жалдап тұрады. Ол жаққа бөтен адамдар көп келіп, кейбірі Ақан жайлы сұраған. Қытайдағы туыстарына адам құқығының тапталуы жайлы айтпаңдар деп ескерту жасалған, - деді Гүлмира Қуатбекқызы.

Қайша Ақан - Қытайда қысым көргенін айтып 2018 жылы мамыр айында Қазақстанға өткен. 2019 жылдың желтоқсан айында Алматы облысы Панфилов аудандық соты Қайша Ақанды "шекара бұзғаны" үшін шартты түрде жарты жылға бостандығынан айырған. Сот оны 2018 жылдың мамыр айында Қазақстанға Қытайдан заңсыз өткені үшін айыпты деп таныған. Шыңжаңда туып-өскен Қайша Ақан сотта Қытайда өзіне "лагерьге қамалу қаупі төнген соң" Қазақстанға қашып өтуден басқа амалы қалмағанын мәлімдеген. Былтыр қазан айында Қазақстан оған босқын мәртебесін берді.

Қазақстан 2019 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы арқылы қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өткен Мұрагер Әлімұлына да былтыр босқын мәртебесін берген. Ол Шыңжаңдағы қысымнан құтылу үшін шекарадан өтуге мәжбүр болғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG