Accessibility links

Бекетаев: 2020 жылы саяси партия құру туралы тоғыз өтініш түсті, алтауы кері қайтарылды


Әділет министрі Марат Бекетаев. 2020 жыл.
Әділет министрі Марат Бекетаев. 2020 жыл.

2020 жылы әділет министрлігіне саяси партия құру туралы тоғыз өтініш келіп түскен, алтауы кері қайтарылған. Бұл туралы 22 қаңтарда әділет министрі Марат Бекетаев сөзіне сүйенген Vlast сайты хабарлады. Министр өтініші қабылданған екі партия съездерін өткізуі тиіс, тағы біреуі тіркеу кезеңінен өтіп жатыр деген.

"2020 жылы 9 партия өтініш берді. Тіркеу процесі екі кезеңнен тұрады. Әуелі партия яғни, партия құрғысы келетін топ өтініш түсіреді. Егер өтініш талаптарға сәйкес келсе, олар съезд өткізіп, қол жинайды. 9 өтініштің алтауының құжаттары заңнама талаптарына сәйкес келмеді, олардың өтініштері кері қайтарылды. Олардың қателіктерді түзеп, қайта тапсыруына құқықтары бар" деді Бекетаев.

Ол өтініші қабылданған үш партияның біреуі ғана съезд өткізіп, құжаттарын толық өткізгенін жеткізген. Бірақ әзірге тіркеуі толық аяқталмаған партиялардың атын айтпаған.

Мәжіліс мандатынан айырылып, "Нұр Отаннан" қуылғаннан кейін жеке партия құратынын мәлімдеген Нұржан Әлтаев 22 қаңтарда қазан айынан бері партия құру бойынша үш рет өтініш беріп, үшеуі де қабылданбағанын айтқан еді. Жұма күні министр Бекетаев "егер олар біз көрсеткен қателіктерді жойса, өтініштерін қабылдаймыз" деп айтқан.

2020 жылы Қазақстанда саяси партиялар туралы заңға өзгертулер енгізілді. Егер бұрын саяси партия тіркету үшін кемінде 40 мың адамның қолы қажет болса, жаңа өзгертулерге сай енді 20 мың адамның қолы жеткілікті. Билік бұл өзгертулерді "демократиялық реформа" деп сипаттады. Ал оппозиция мен тәуелсіз құқық қорғаушылар бұл өзгертулерді заңның шектеуші қызметін сол күйі қалдырған "сырттай сылап-сипау ғана" деп сынады.

Осы жолғы сайлауға дейін елде бірқатар саяси белсендінің партия тіркетуге талпынысы нәтижесіз аяқталды, олар билік тарапынан түрлі тосқауыл мен кедергіге тап болғанын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG