Accessibility links

"Сайлау және партия заңына өзгеріс – биліктің көз алдауы"


Мәжіліс мақұлдаған "Саяси партиялар" және "Сайлау" заңын белсенділер сынады
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:13 0:00

22 cәуірде парламент мәжілісі "Сайлау туралы" заң мен "Саяси партиялар туралы" заңға енгізілетін өзгерістерді "бірауыздан" мақұлдады. Екі заңды да өзгертуді талап етіп келген белсенділер "жаңа заңда тәуелсіз кандидаттардың сайлауға түсуі қарастырылмаған" деп санайды.

ЕКІ ЗАҢДА БАРЛЫҒЫ ҮШ ӨЗГЕРІС

Мәжілісте сөйлеген әділет министрі Марат Бекетаев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы желтоқсанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында берген тапсырмасы бойынша "Сайлау туралы" заңға – бір, "Саяси партиялар туралы" заңға екі өзгеріс енгізілгенін айтты.

Әділет министрі Марат Бекетаев парламент мәжілісінде екі заңды таныстырып тұр. Нұр-Сұлтан, 22 сәуір 2020 жыл
Әділет министрі Марат Бекетаев парламент мәжілісінде екі заңды таныстырып тұр. Нұр-Сұлтан, 22 сәуір 2020 жыл

Сөзінше, "Сайлау туралы" заңға "партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастарға арнап 30 пайыз квота қарастыру ұсынылған", ал "Саяси партиялар туралы" заңға "партияларды тіркеу үшін қажетті мүшелердің саны 40 мыңнан 20 мыңға азайтқан және партиялар сайлауға ұсынатын кандидаттардың кем дегенде 30 пайызы әйелдер мен 29 жасқа толмаған жастар болуы тиіс" деген талап енгізілген.

Марат Бекетаев саяси партиялардың сайлау тізімінде "кем дегенде 30 пайыз әйел мен жастар" болуы тиіс дейтін талап гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп сенеді. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин де оны қостап, "асыл тастан, ақыл жастан шығатынын" айта кетті.

Баяндамадан кейінгі талқылау да ұзаққа созылмады. Бірер депутат заңға енгізілетін өзгерістерді қолдайтынын айтқан соң-ақ мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин дауыс беруге шығарып, екі заңды қаулымен бекітіп үлгерді. Марат Бекетаев "карантинге қарамастан белсенді жұмыс істеген" депутаттарға және заң жобасын талқылаған саяси партияларға, азаматтық белсенділерге алғыс айтты. Екі заң парламенттің жоғарғы палатасы - сенаттың қарауына жолданды. Сенат мақұлдаса, президентке жіберіледі.

Мәжіліс отырысына қатысқан депутаттар коронавирус инфекциясына байланысты араға бір орын тастап, ара қашықтық сақтап отырды. Отырыс залында ара қашықтық сақтауға орын жеткілікті көрінді, өйткені бұған дейін жасы алпыс бестен асқан депутаттардың мәжіліс отырысына қатыспай-ақ қоюына рұқсат етілген.

"ПАРЛАМЕНТТЕГІ ПАРТИЯЛАР ШЫНАЙЫ БӘСЕКЕГЕ ДАЙЫН ЕМЕС"

Әдетте парламентке түскенге дейін заң жобасы қоғамдық талқылаудан өтуі тиіс. Әділет министрі Марат Бекетаев пен мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің айтуынша, бүгін 22 сәуірде мәжілісте қаралған екі заң жобасы да қоғамда және парламенттің жұмыс тобында жеткілікті талқыланған. Мәжілістің заңнама және сот құқықтық реформа комитетінің мүшесі Снежанна Имашеваның сөзінше онлайн конференция арқылы өткен талқылауға депутаттар мен мемлекеттік органдардың өкілдерінен бөлек, мәжілістен орын алмаған "Ауыл" партиясының өкілі Төлеутай Рахымбеков және ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов және Ұлттық кеңес мүшелері Андрей Чеботарев пен Марат Башимов қатысқан. Саяси партия я қандай да бір саяси ұйым құрғысы келіп жүрген белсенділер ресми талқылауға қатыспағандарын жеткізді.

Талқылауға қатысқан саясаттанушы Андрей Чеботарев ұсыныстарының өтпей қалғанын айтады.

- Талқылауда сөзімізді бөлмей тыңдағаны рас. Саяси партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастарға арнап 30 пайыз квота енгізгені дұрыс бастама деп есептеймін. Партияны тіркеу үшін қажет мүшелер санын 40 мыңнан 20 мыңға дейін азайтқаны да алға жылжудың белгісі, бірақ ол аз. Мен 3 мыңға дейін азайтуды сұрадым. Саяси партияларға кедергі болатын өзге де мәселелерді көтердім, бірақ ешқайсысы өткен жоқ. Меніңше, парламенттегі партиялар шынайы бәсекеге дайын емес, - деді ол.

"САЯСИ МОДЕРНИЗАЦИЯНЫҢ ИМИТАЦИЯСЫ"

Партия құруды көздейтін Respublika қозғалысының белсендісі Ғалымжан Оразымбет те заңда қоғам талабының көбі ескерілмеді деп санайды.

- Қазақстанда мәжіліс пен мәслихатқа партия тізімімен сайланады. Біз мәжіліс пен мәслихатқа партия тізімімен емес, мажоритарлы жүйемен сайлауды талап еткенбіз. Жеке тұлғалар мен тәуелсіз кандидаттарға сайлауға түсуге мүмкіндік беруді сұрадық. Бұл ұсыныс ескерілген жоқ, - дейді ол.

Қазақстанның демократиялық партиясын құруды көздейтін бастамашыл топтың жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамай заңды қабылдау процесін тікелей эфирде көріп шыққан. Ол "заңдарға енгізілген өзгерістер көз алдау болды, саяси партия құру жолындағы шектеулер сол күйі қалды" деп санайды.

- "Сайлау туралы", "Саяси партиялар туралы" да мүлде жаңа заң керек. Әйелдер мен жастарға квота бөлу арқылы біріншіден әйелдерді кемсітіп отыр, екіншіден қоғамда белсенді адамға әйел, еркек деп қарамау керек. Партия съезіне келетін белсенділерге қысым жасау, пойыздан алып қалу, арандату тоқтамайынша, мұндай косметикалық өзгерістер партия құруды демократияландыруға әсер ете алмайды, - дейді ол.

Жанболат Мамай Тәуелсіздік күні билікке талап айтқан жиында сөз сөйлеп тұр. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.
Жанболат Мамай Тәуелсіздік күні билікке талап айтқан жиында сөз сөйлеп тұр. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Жанболат Мамай "Сайлау туралы" заң да, "Саяси партиялар" туралы заң да қоғамда ашық талқылауға шығарылмады деп есептейді. "Демокартиялық партия" құруға талпынып, биліктің түрлі кедергісіне байланысты құрылтай съезіне делегаттарын келтіре алмағанын айтқан Мамай "билік бізді естіп, біліп отырса да, ескергісі келмейді. Саяси партия құруға талпынып жүрген белсенділерді мүлде шақырмады, себебі демократиялық өзгеріс жасауға ықыласы жоқ" деп санайды.

- Қазір парламент сайлауына ғана емес, жергілікті мәслихат сайлауына да тек саяси партиялар, ішінара қоғамдық бірлестіктер қатыса алады. Негізі жеке тұлғалар, белсенділер өздері таңдаған округ бойынша сайлауға қатыса алатындай болуы керек. Конституцияда әрбір азаматтың сайлауға және сайлануға құқығы бар деп көрсетілген. Ал қазір президент сайлауына түсетін кандидаттың кем дегенде 5 жыл мемлекеттік қызмет өтілі болуы керек, міндетті түрде партияның не қоғамдық ұйым атынан түсуі тиіс. Мұны да өзгертпеді, - дейді ол.

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева да аталған заңдардың ашық талқыланғанын, билік өзіне ыңғайлы деп есептеген сарапшыларды ғана шақырғанын айтады.

[Биліктің] қазіргі жасағандары – өзгеріс жасағансу арқылы билікті сақтап қалудың көрінісі, яғни саяси модернизацияның имитациясы.


- Екі заңға енгізілген өзгерістер саяси реформаға бастайтын жол емес. Билік 2019 жылғы президент сайлауында саяси тұрғыда жеңілгенін түсінді. Сол себепті ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрып, саяси мәні бар заңдарға өзгеріс жасауға уәде берді. Алайда қазіргі жасағандары – өзгеріс жасағансу арқылы билікті сақтап қалудың көрінісі, яғни саяси модернизацияның имитациясы, - дейді ол.

Толғанай Үмбетәлиева "биліктің аталған екі заңды өзгертеміз деген уәдесіне қоғам күдікпен қарағанын" айтады және "қоғам күдігі расқа айналды" деп есептейді.

Қазақстан президентінің кеңесшісі, ұлттық қоғамдық сенім кеңесін ұйымдастырушы Ерлан Қарин Facebook парақшасында "Саяси партиялар туралы" және "Сайлау туралы" екі заң жобасы да "Бейбіт митинг туралы" заң жобасы секілді кең талқылаудан өтті. Алдын ала арнайы порталда жарияланып, мемлекеттік органдардың жанындағы қоғамдық кеңестерде, басқа да қоғамдық алаңдарда қаралды" деп жазды.

Қазақстанда ресми түрде алты партия тіркелген. Оның үшеуі – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын, елдегі саяси өмірге тікелей араласып отырған “Нұр Отан” партиясы және билікшіл “Ақжол” мен Коммунистік партия мәжілістен орын алған.

Былтыр 20 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында өткен ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлеп, Қазақстандағы "саяси өзгерістерге бастайтын" бірнеше ұсыныстарын жариялаған. Соның екеуі - "Сайлау туралы" заң мен "Саяси партиялар туралы" заңдарға өзгеріс енгізу болатын.

Президент сайлауына келген дауыс беруші. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Президент сайлауына келген дауыс беруші. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Тағы бірі "Бейбіт митинг туралы" заңға өзгеріс енгізу болатын. Ол заңды мәжіліс 8 сәуірде мақұлдап, сенатқа жолдаған. Белсенділер "Бейбіт митинг туралы" заң жеткілікті талқыланбады. Белсенділер "Билік коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланған тұста бұл заңды қабылдауды тоқтатуы тиіс" деп талап еткен. Бірақ белсенділердің бұл сөзіне билік құлақ асқан жоқ. 22 сәуірде Норвегиялық Хельсинки комитеті (Norwegian Helsinki Committee) және ЕҚЫҰ аймағындағы 24 құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігі пандемияны пайданалып, "Бейбіт жиын" туралы заңды қабылдады деп сынады.

2019 жылы маусымда өткен президент сайлауынан кейін түрлі наразылық күшейген тұста Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құратынын жариялап, "саяси модернизация жасайтынына" айтып, сендірген. Бірақ құқық қорғаушылар мен сарапшылар билік елдің саяси және әлеуметтік өмірін өзгертетін үлкен өзгеріс жасамай отыр деп жиі сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG