Accessibility links

Билік зейнетақы жинағындағы ақшаны алуға өтінішті 23 қаңтардан қабылдайды


"Отбасы банкі" (бұрынғы Тұрғын-үй жинақ құрылыс банкі) 23 қаңтардан бастап тұрғындардан зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға өтініш қабылдай бастайды. Өтініш екі күн қаралады. Бұл туралы 22 қаңтарда орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз жиынында банк төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді.

Оның сөзінше, өтініш қабылдайтын enpf-otbasy.kz деп аталады. Сервис ертең, 23 қаңтар Нұр-Сұлтан уақытымен таңертеңгі 9-да жұмысын бастайды.

Үкімет жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігіндегі ақшаны жер, үй алуға, үйін жөндеуге, ипотека төлеуге, емделуге алуға рұқсат берген. Бірақ билік осы қаржыға сатып алынған үйді бес жыл ішінде қайта сатуға болмайды деген шектеу қойған.

Үкіметтің зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалану туралы шешімі қоғамда жиі сынға ұшырады. Себебі зейнетақы жинағынан "қажет шегінен" асқан азаматтар ғана ақшаларын ала алады. Мәселен, 20 жастағы адам зейнетақы қорынан ақша алғысы келсе есепшотында 1 млн 710 мың теңге, 30 жастағы адамның 2,5 млн, 50 жастағы адамның 4 млн 470 мың теңгесі болуы керек.

Қоғамда "қажет шектің" енгізілуі баспанаға мұқтаж адамдарға көмектесе алмайды деген пікір көп. Өйткені әдетте үйі жоқ жандар бұл жаста зейнетақы қорына мұнша ақша жинай алмайды, ал шотында ақшасы көптердің тұрғын үйі бар деген уәж жиі айтылды. Кейбір мамандар халықтың аз ғана бөлігін қамтитын бұл шараның экономиканы сауықтырып, адамдардың мәселесін шешуде тиімділігі аз болады деген тұжырым жасады. Бұған қоса, зейнетақы қорынан мерзімінен бұрын алатын ақшаға 10 пайыз табыс салығы салу да сынға ұшырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG