Accessibility links

Орал соты сайлаудағы кедергіге шағынған бақылаушының шағымын қанағаттандырмады


Оралда сот 10 қаңтардағы сайлауда тәуелсіз бақылаушы болған Орынбай Оқасовтың шағымын қанағаттандырмады. Ол соттан "сайлау учаскесіне кіргізбей қойған сайлау комиссиясы мүшелерінің әрекетін заңсыз деп тануды" талап еткен еді.

22 қаңтарда өткен сотта судья Алтын Айтуаров шағымды қарап, бірден шешім шығарды.

— Сот бұл шағымды қарап, заң бұзушылық таппады. Сайлау заңына сай қоғамдық бірлестіктен келген бақылаушы қолында жеке куәлігі мен өкілеті туралы құжаты болуы тиіс. Сотта Оқасов "Нақ" қоғамдық ұйымының атынан бақылаушы болғанын дәлелдей алмады, себебі құжатқа мөрдің тұпнұсқасы қойылмаған, — деді судья.

Сот шешімінде тәуелсіз бақылаушы "дауыс беру процесіне кедергі келтірген соң" учаскеден шығарылғаны жазылған. Судья Айтуарованың айтуынша, Оқасовтың бұл ісі жәбірленуші, яғни сайлау комиссиясының мүшесі ұсынған хаттамамен дәлелденген.

Оқасов 10 қаңтарда өткен мәжіліс сайлауы кезінде дауыс беру учаскесіне бақылаушы ретінде кіре алмаған соң шағым түсірген. Сөзінше, оны тәуелсіз бақылаушылар ұйымы берген құжаттағы мөр тұпнұсқа емес деп кіргізбеген. Оқасов "осындай құжатпен" кірген бақылаушыларды көргенін айтады. Кейін ол құжаттың тұпнұсқасын әкеліп, дауыс беру залына кірген. Бірақ оны бірнеше минуттан соң "карантин шараларын бұзды" деп шығарып жіберген.

10 қаңтардағы дауыс беру – елді 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттіктен кеткен соң алғаш өткен парламент сайлауы. Бұл саяси науқанда билікке ықпал етіп отырған Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясы жеңіске жетіп, мәжілістегі басым орынды иеленген.

Сайлау кезінде тәуелсіз бақылаушылар көп кедергіге тап болғанын айтқан. ЕҚЫҰ-ның сайлауды бақылау миссиясы елдегі саяси науқанда "шынайы бәсеке болмады, сайлау демократиялық талаптарға сай болмады" деп бағалады.

Батыс бақылаушылары Қазақстандағы барлық сайлауды "демократиялық талаптарға сай емес" деп мәлімдеген. Билік сайлау әділ өтті деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG