Accessibility links

"Комиссия мүшесі де, бақылаушы да әділ қоғам орнайтынына сенбейді". Сайлаудағы бақылаушының әңгімесі


Сайлау учаскесінде мәжіліс және мәслихат сайлауына дауыс беріп жатқан сайлаушы (сол жақта) мен сайлау барысын қадағалап отырған бақылаушылар (оң жақта). Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

34 жастағы қытай және неміс тілдерінің маманы Қанат Мұратбеков 10 қаңтарда Қазақстанда өткен мәжіліс және мәслихат сайлауында "Тәуелсіз бақылаушылар" ұйымы атынан Алматыдағы сайлау учаскесінде алғаш рет бақылаушы болды. Бақылаушыларға тамақ пен құжат тасып, екі тәулік ұйқы көрмеді, дұрыс тамақ та ішпеді. Бар мақсаты – сайлаудың әділ өтуіне көз жеткізу.

"Мені белсенді қылған жер митингісі" дейді Қанат Мұратбеков (2016 жылғы мамырда Қазақстанның көп қаласында жерді шетелдіктерге ұзақ жылға жалға беруді көздейтін реформаға қарсы жұрт наразылық білдірген – ред.). Сол митингіге қатысқаны үшін 10 күн қамалып та шыққан. "Жер митингісіне" дейін танымал компаниялардың бірінде жұмыс істеген Қанат кейін басшылықтың ескертуімен "өз еркімен" жұмыстан кеткен. Содан бері Қазақстан қоғамындағы кемшіліктерді түзетуге әркім үлес қосуы керек деген қағидамен өмір сүреді.

Сайлау күні заңсыздыққа еті үйренген комиссия мүшесінің, соған бей-жай қараған бақылаушының жанарында "Біздің қолымыздан не келеді?" деген шарасыздық бар, "әділдікке деген сенімі өшіп қалған" дейді Қанат Мұратбеков.

"ЕКІ ТӘУЛІК ҰЙЫҚТАМАДЫМ"

10 қаңтарға қараған түні Шамалған стансасында (қазіргі Жібек жолы ауылы – ред.) тұратын бір бақылаушыға құжат жеткізу керек болды да, сонда бардым. Одан кейін "Магнум" сауда орталығынан бақылаушылар күндіз ішіп-жейтін тамақ алдым. Оларды [бақылау жұмысын үйлестіретін] штабқа жеткізіп жүргенде түнгі үш болды. Таңғы бесте сайлау учаскесінде болдым. Екі-ақ мобильді топ жұмыс істеді, олар тамақ жеткізіп беруге мүлде үлгермеді. Оның үстіне оларға өзім де "үлгермей жатсаңдар, маған келмей-ақ қойыңдар, кешке өзім бірдеңе етіп ішермін" дегенмін. Тамақ алып ішуге уақытым болмады, сол бойы күні бойы аш жүрдім.

10 қаңтар күні Алматыдағы сайлау учаскесіне таңғы 5:40-та келдім. Тіркеліп, ішке кіріп болғанша сағат жеті болды.

"ӨЗІМДІ БАЙЛАУЛЫ ИТТЕЙ СЕЗІНДІМ"

Сайлау учаскесі мектептің дәлізінде орналасқан екен. Сайлаушылар бір есіктен кіріп, екіншісінен шығып кететіндей етіп жасалыпты, өте суық болды. Таң атпай есікті ашып қойғандықтан, іші азынап тұрды. Қатты тоңдым. Қасымдағы бақылаушылар сыртқа шығып, басқа жерге кіріп, жылынып келіп отырды. Менің негізгі мақсатым дауыс беру жәшігінен көз алмай қарап отыру болғандықтан, орнымнан тапжылмадым.

Бірақ ең қиыны – психологиялық қысым екен. [Комиссия мүшелерімен] бір-бірімізді ұнатпай, күні бойы жау секілді отырдық. Төрайымына барып "сіздерге жау емеспін. Тек әділдікті қалап келіп тұрмын. Бәріміз ауызбірлікпен әділ сайлау өткізейік. Сіз де, мен де үйге барып тыныш ұйықтайық. Бұл – елдің аманаты" деп күн барысында екі рет айттым. Бірақ олардың мені жақтырмай отырғаны көзқарасынан көрініп тұрды.

Әрбір қадамымды қалт жібермей аңдыды десем де болады. Орнымнан тұрсам болды "кедергі жасадың" дейді, суретке түсірсем де "кедергі жасадың" дейді. Әжетханаға барсам, артымнан қарап тұрады. Тырп еткізбеді, өзімді байлаудағы ит секілді сезіндім.

Шынымды айтсам, осының бәрі маған психологиялық тұрғыдан ауыр соққы болды.

[Ашу-ызадан] жарылуға шақ болдым. Тіпті, өзіміздің мобильді топқа "мені мына жерден жарты сағатқа болса да босатыңдар, қазір біреуге қатты айтып жіберуім мүмкін" деп жазған кезім де болды. Мобильді топ жетекшісі телефонмен басу айтып, сабырға шақырып отырды.

"КОМИССИЯ ТӨРАЙЫМЫ ЗАҢСЫЗДЫҚҚА БАРҒАНЫН МОЙЫНДАП ЖЫЛАДЫ"

"Карусельмен" (учаскелерді аралап қайта-қайта дауыс беретіндер – ред.) келіп дауыс берген кісілер болды. Басында оларды аңғармаппын. Бір жарым сағат уақыт штабта байланыс болмай қалды. Не интернет, не телефон жұмыс істемей, бұғатталып қалды. Мұның өзі бізге жасалған шабуылдың бірі еді. Штаб орнын басқа жерге көшіріп, WhatsАpp желісіндегі тобымызбен байланысып, сондағы жаңадан келген бақылаушыларға кеңес беріп отырғанмын. Бір уақытта телефонымды көтеріп, есікке қаратып қалып едім, кіріп келе жатқан кісі менің камерамды көрді де, "ой, құжатымды ұмытып кетіппін" деп тұра қашты. Сөйтсем алдында келіп, дауыс берген адам екен. Бұдан кейін күдіктенген адамға камерамды қаратып тексеретін болдым. Мұндай жағдай бірнеше рет қайталанды.

Бір зейнеткер сайлаушы келіп: "Мынау – менің әйелім, осыдан екі жыл бұрын қайтыс болған. Бұл тізімде қайдан жүр?" деп сұрады. Камераны косып сол жерден бастап ары қарай видео түсіре бастадым. Бірақ комиссия мүшелері "кедергі жасап жатырсыз" деп жақыннан түсіртпеді. Тек алыстау жерден ғана бақылап тұрдым. Әлгі кісі тізімнен Сергей деген адамның аты-жөнін көрсетті. "Мына кісі менің көршім болған. Пәтерін мен сатып алғанмын. Оның қайтыс болғанына 20 жыл болды" деді. Бұдан кейін келген бір кейуана 17 жылдан бері Ресейде тұратын қызының аты-жөні тізімде бар екенін айтты. Ол кісінің сөзінше, қызы 2003 жылы Санкт-Петрбургке, Ресей азаматына күйеуге шыққан. "Қазақстанға келмегеніне он жеті жыл болды . Мен барып тұрамын" деп таңқалды ол.

Комиссия төрайымы – мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Бір байқағаным, бұл кісінің де, комиссия мүшелерінің де заң бұзуға әбден еті үйреніп кеткен.

Тіпті істеп отырған әрекетін заңбұзушылық деп те ойламайды. Тек барлық заңсыздықтарды видеоға түсіріп, "енді осыларды тізіп, сізді сотқа беремін" деген кезде ғана комиссия төрайымы заңсыздыққа барғанын мойындап жылады. Көз алдында болып жатқан заңсыздыққа бақылаушылар да әдеттегі нәрсе секілді қарап отырды. Тек бір бақылаушы іштей әділдікті қалайтынын әңгіме арасында айтып қалды. Бірақ "сіз осы істерге байланысты сот кезінде куә бола аласыз ба?" деп сұрағанымда "Жоқ, қорқамын, қудалауы мүмкін" деп бас тартты.

Комиссия құрамында отырған адамдарды заңды өз еркімен бұзды деп айта алмаймын. Оларға жоғарыдан, үкіметтен келген тапсырма солай ғой. Бақылаушылар да солай. Бұлардың барлығы соны орындаушы ғана.

"АЙНАЛДЫРҒАН 400 БЮЛЛЕТЕНЬДІ ТҮНГІ 3-КЕ ДЕЙІН САНАДЫ"

Психологиялық тұрғыда ең қиыны – дауыс санау кезі болды. Комиссия мүшелері күні бойы тоңып, аш отырған мені шыдамай кетіп қалады деп ойласа керек.

Дауыс санаған кезде комиссия мүшелері уақытты барынша созуға тырысты. Қолданылмаған бюллетеньді санау үшін кешкі сегізден түнгі 12:30-ға дейін отырды. Айналдырған 1500-дей бюллетеньді бұлайша ұзақ санағаны қисынға келмейді. Мен кетіп қалған соң қалаған санын жаза салғысы келген сияқты.

Ал дауыс санау түнгі үшке дейін созылды. Бар-жоғы 400-дей бюллетень. Бізге "нақты нәтиже шыққанша ештеңе айтпаймыз" деді. Саналған бюллетеньдерді қаттап, қатарластырып қойғанда "Нұр Отан", "Ақ жол" және "Ауыл" партиясына берілген дауыс шамалас болды. Ал "Адал" мен "Қазақстан халық партиясының" дауысы шынымен де аз еді. Бірақ хаттама толтырылған кезде дауыс берген сайлаушының жартысынан көбі "Нұр Отанды" қолдаған болып шықты. Мұның қалай болғанын түсіне алмадым. Комиссия мүшелері сұрақтарыма мүлде жауап бермей қойды. "Сұрақ қоя берсең сыртқа шығарып жібереміз" деді, жақын барып қарауға мүмкіндік бермейді. Акт толтыру туралы әңгіме жоқ, қанша акт толтырсаң да ешкім қол қоймайды.

Түнгі үште дауыс санап бітті, үш жарымға дейін хаттаманы күтіп отырдық. Соңында хаттама көшірмесін алдым. Бірақ көшірмеге мөр басылмаған, "көшірме екенін растайтын мөр басып беріңіз" деп едім, "Қоймаймын, мен саған нотариус емеспін" деп бас тартты. Жоғарыдан "бақылаушыға мөр басылған ешқандай қағаз бермеңдер, ешқандай актіге қол қоймаңдар" деген нұсқау келген сияқты.

"ТӘУЕЛСІЗ БАҚЫЛАУШЫЛАР БІРІГІП, ҮЛКЕН КҮШКЕ АЙНАЛУЫ КЕРЕК"

Әлі ес жия алмай жүрмін. Сайлау учаскесінде суық тигізіп алыппын. Жөтел бар, тұмау тиген сияқты. Созылмалы бронхитім болған, сол ауруым қозып кетті. Аш жүремін деп асқазанымды бүлдіріп алдым-ау деймін: бір күн ештеңе жей алмай, жесем оны қорыта алмай жүрдім.

Қазіргі жағдайда қарапайым сайлаушы сенің жанкештілігіңді түсінбейді.

Өйткені олардың түйсігіндегі [әділдікке] сенім өшіп қалған. "Әділ қоғам орнайды, бізде әділ сайлау болады" дегенге бақылаушы да, сайлаушы да сенбейді. "Біз бәрібір ештеңені өзгерте алмаймыз" деген бақылаушыны көрдім. Сайлау күні "бұл сайлауға сенбеймін" деп учаскеге келіп тұрып бюллетеньдерін жарамсыз етіп, бәрін сызып кеткен адамдар болды. Мұндай оқиға үш-төрт рет қайталанды. Мен отырған сайлау учаскесіне тіркелген екі мыңнан астам адамның 15 пайыздайы ғана сайлауға келді.

Менің қағидам – сайлау учаскесінде соңына дейін болып, қолымнан келгенше әділдік орнату болды. Бұл қолымнан келмеген жағдайда сайлаудың қаншалық әділетсіз өткеніне көз жеткізуім керек. Негізгі мақсатыма жеттім деп ойлаймын. Бірақ арамызда моральдық тұрғыда жеңіліп, тауы шағылғандар да, "бұдан кейін бақылаушы болмаймын" дегендер де, тіпті ұйымнан шығып кеткендер де бар.

Шындығында әлі күнге дейін көңілім алай-дүлей. "Кім үшін шапқыладым? Бұның маған керегі не?" деп ойға батасың. Бірақ мендегі басты принцип – өзіңнен баста, өз жүрген жеріңде әділдік орнат.

Тағы бір түсінгенім – тәуелсіз бақылаушылар бірігіп, үлкен күшке айналуы керек. Жеңіске жете алмауымыздың да басты себебі – [ұйымдар арасында] ауызбіршілік болмады.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG