Accessibility links

ЕҚЫҰ бақылау миссиясы: Қазақстандағы сайлауда шынайы бәсеке болмады


Полиция сайлау күні наразылыққа шыққан адамды ұстап әкетіп барады. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Полиция сайлау күні наразылыққа шыққан адамды ұстап әкетіп барады. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

Қазақстандағы парламент мәжілісі және мәслихат сайлауын қадағалаған ЕҚЫҰ-ның сайлауды бақылау миссиясы елдегі саяси науқанда "шынайы бәсеке болмады, сайлау демократиялық талаптарға сай болмады" деп бағалады. Халықаралық ұйым "Конституцияда көрсетілген еркіндіктерді жүйелі түрде шектеу сайлаушыларды шынайы таңдаудан айырды" деп мәлімдеді. Ал Қазақстан орталық сайлау комиссиясының алдын ала нәтижесі бойынша, парламентке осыған дейін мәжілісте отырған биліктегі "Нұр Отан", билікшіл "Ақ жол" және Қазақстан халық партиясы өткен.

ЕҚЫҰ МИССИЯСЫ САЙЛАУДЫ ҚАЛАЙ БАҒАЛАДЫ?

Дауыс беруді бақылаған ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) миссиясы 11 қаңтарда Нұр-Сұлтанда өткен брифингте сайлау күні бейбіт түрде ойын айтпақ болған адамдарды күштеп ұстауды сынап, елде заңдар өзгерсе де, құқықтық базасы әлі ЕҚЫҰ талаптарына сай келмейді деп бағалады.

Бақылаушылар Нұр-Сұлтан "еркін дауыс беру, сайлауға түсу, сайлаушыларды тіркеу, сайлау нәтижесін жариялау бойынша көптеген ұсынысты жүзеге асыру үшін әлі жұмыс істеуі" тиіс деп санайды.

"Біз елдегі сайлау кезіндегі саяси ахуалға алаңдаймыз. ЕҚЫҰ плюларизмді, еркін әрі белсенді азаматтық қоғамның дамуын қалайды. Біз президент ұсынған "еститін үкімет" концепциясы әр адамның дауысы естілуіне мүмкіндік береді деп сенеміз" деді ЕҚЫҰ жіберген қысқа мерзімді бақылаушылар тобының жетекшісі Кристиан Вигенин Нұр-Сұлтанда өткен брифингте.

Саяси науқанды бақылаған халықаралық ұйым сайлау күні "жалпы тыныш болғанын" бірақ жергілікті бақылаушыларға кедергі келтіліргенін, сайлау комиссияларының құрамы алаңдаушылық тудырғанын сынады.

ЕҚЫҰ сайлауды бақылау миссиясы елде бейбіт жиындарға өте үлкен кедергі болатынына, саяси альтернатива жоқтығына, 2013 жылдан бері жаңа партия тіркелмегеніне алаңдаушылық білдірді.

"Саяси алаңда билік партиясы үстемдік құрып отыр, партиялар мен үкімет арасындағы айырмашылық бұлыңғыр. Себебі сайлауға қатысқан барлық партия билік партиясының саясатын қолдайды. Үгіт-насихатта бәсеке болмады, сайлаушыларда шынайы таңдау мүмкіндігі болған жоқ" деп санайды миссия.

"Негізгі еркіндік құқықтарының бұрыннан сақталмай келе жатқанына алаңдаймыз, бұл елдегі саяси кеңістікті тарылтады. Сайлаушыларды шынайы саяси таңдау болғанда, азаматтардың дауысы естіліп, бағаланғанда ғана шынайы демократиялық сайлау болады" деді ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы миссиясының (ДИАҚБ) жетекшісі Ярослав Марчин Доманьски.

Алматыдағы сайлау учаскесі. 10 қаңтар 2021 жыл.
Алматыдағы сайлау учаскесі. 10 қаңтар 2021 жыл.

ЕҚЫҰ бастаған халықаралық ұйымдар Қазақстанда өткен сайлаулардың ешқайсысын "демократиялық талаптарға сай" деп мойындамаған.

ЕҚЫҰ миссиясы Қазақстандағы сайлауды бағалап жатқан тұста Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің алдын ала нәтижесін жариялады. Алдын ала нәтиже бойынша, парламентке елдің экс-басшысы, президенттіктен кетсе де билікке әсер етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясы, билікшіл "Ақ жол" және "Қазақстан халық партиясы" (бұрынғы коммунистік партия) өткен. Ресми дерек бойынша, сайлаушылардың 63 пайызы дауыс берген. Қазақстан заңы бойынша, 7 пайыздан жоғары дауыс алған партияларға ғана мәжілістен орын тиеді.

  • "Нұр Отан" - 71,09 пайыз;
  • "Ақ жол" - 10,95 пайыз;
  • Қазақстан халық партиясы - 9,10 пайыз;
  • "Ауыл" - 5,29 пайыз;
  • ADAL - 3,57 пайыз.

Осыған дейінгі мәжілісте де "Нұр Отан", "Ақ жол" және Қазақстан халық партиясы болған. Мәжіліске 98 депутат сайлау арқылы, тоғызы Қазақстан халық ассамблеясынан (елде тұратын әртүрлі ұлт өкілдерін біріктіруші ұйым, Назарбаев - ассамблеяның өмір бойғы төрағасы) сайланады.

САЙЛАУ КҮНІ НЕ БОЛДЫ?

Қазақстандағы оппозициялық топтар 10 қаңтарда сайлауға бойкот жариялауды талап етіп, наразылыққа шықты. Бұл сайлауға билікке талап қойып жүрген оппозициялық топтар қатыса алмады. Өзін оппозициялық партия деп санайтын, ресми түрде тіркелген "Жалпыұлттық социал демократиялық партия" бұл сайлауға бойкот жариялады.

"Демпартия" құрғысы келетін бастамашыл топ, "Oyan, Qazaqstan" жастар қозғалысы, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы сайлау күні дауыс беруге қарсы наразылық білдіріп, Назарбаевтың биліктен кетуін, саяси реформа жүргізуді талап етті. Олар "Назарбаев билігі кетсін!", "Назарбаев пен Тоқаевқа дауыс бермедім", "Бойкот" деп ұрандатты. Азаттық тілшілер Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Орал, Ақтөбеде полиция жүзден аса адамды күштеп әкеткенін көрген.

"Назарбаевты, Тоқаевты сайламадық!" Сайлау күнгі Алматыдағы наразылық қалай өтті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:43 0:00

Алматыда арнайы жасақ "Oyan, Qazaqstan" жастар қозғалысының жас белсенділері мен "Демпартия" белсенділерін қоршап алып, күн суықта сегіз сағат босатпай ұстап тұрды. Арнайы жасақ белсенділерді кеш бата жіберді, кейбір қатты тоңып, ауруханаға жеткізілді. Батыс ұйымдары полицияның белсенділерді қоршауын "репрессивті әдіс" деп атады.

Полиция ұстағандар арасында "Демпартия" құру тобының белсенділері мен "ҚДТ" (Қазақстан "экстремистік ұйым" деп таныған, Еуропарламент бұл ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп таныған) қозғалысының жақтастары бар.

Сайлау күні тәуелсіз бақылаушылар мен журналистердің жұмысына кедергі көп болды. Мәселен, Алматыдағы № 173 сайлау учаскесіндегі комиссия төрағасы Нұржан Ысқақов Азаттық тілшісін "ПТР тестің жоқ" деп, учаскеден күштеп шығарып жіберді.

Азаттық тілшілері сайлау бөлімшелерінде бюллетеньдерді топтап тастау жағдайларына куә болды.

Бюллетеньді топтап салды, комиссия мен бақылаушы "байқамады"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:37 0:00

10 қаңтардағы сайлау - Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келгелі бері алғаш рет өтіп отырған парламент сайлауы. Бірақ сарапшылар оның Назарбаев кезеңіндегі сайлаулардан айырмашылығы аз деп бағалайды.

Елді отыз жылға жуық басқарып, 2019 жылы наурызда отставкаға кеткен Нұрсұлтан Назарбаев орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты әкелген. Бірақ президент ауысқанына қарамастан, көпшілік Назарбаев елді бұрынғыдай әлі де басқарып отыр деп санайды. Ол қазір өкілеті күшейген Қауіпсіздік кеңесіне жетекшілік етеді, саяси алаңда басымдыққа ие "Нұр Отан" партиясын басқарады.

Қазақстанда жұрт жеке кандидат ретінде мәжіліс я мәслихат сайлауына түсе алмайды, тек партиялық тізіммен қатысады. Белсенділер мен құқық қорғаушылар бұл жүйені сынап, өзгертуді талап етсе де, билік бұл талапқа құлақ аспай келеді. Нұр-Сұлтан сайлауға партия тізімімен сайлауға түсуді "демократияны дамытады" деп санайды. Қазақстан мәжіліске партиялық тізіммен сайлау жүйесіне 2007 жылы көшкен. Оған дейін елде мажоритарлы-пропорциональды жүйе болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG