Accessibility links

Дариға Назарбаеваның "оралуы", Тоқаевтың "опа-далабы", сұрқай науқан. Виктор Ковтуновский саясат пен сайлау жайлы


Дариға Назарбаеваның сенат спикері болған кезде әкесі, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа құрметті сенатор куәлігін тапсырып тұрған сәт.

Қазақстан экс-президентінің қызы Дариға Назарбаева парламентке не үшін бармақ? Неліктен осы сайлауға түсіп жатқандардың арасында не оппозициялық, не жаңа партия жоқ? Саясаттанушы Виктор Ковтуновский Азаттыққа берген сұхбатында аяқталуға таяған сайлау науқаны және сайлаудан кейін не күтіп тұрғаны жайлы ой-пікірін айтты.

Азаттық: Қазақстанда сайлауалды науқан аяқталып қалды. Өткен айда ЕҚЫҰ бақылаушылар миссиясы елдегі үгіт-насихат науқаны "елеусіз" өткенін мәлімдеді. Қазақстандағы сайлауалды науқан сүреңсіз өтті дегенге келісесіз бе?

Виктор Ковтуновский: ЕҚЫҰ бақылаушыларының пікіріне қосыламын. Қатардағы сайлаушы ретінде үгіт-насихат жұмыстарының белсенді жүріп жатқанын байқамадым. Тек әлеуметтік желі ғана жарнамаға толы. Оның өзі саяси жарнаманың жаңа әдісі ме, әлде бюджет игерудің үйреншікті амалы ма, ол жағы түсініксіз. Сайлаудан пайда көретіндер саяси науқанның дәл осылай "елеусіз" өткенін қалаған шығар деп ойлаймын. Сол себептен сайлау жаңа жыл мейрамы мен суық маусымға белгіленген сияқты.

ДАРИҒА НАЗАРБАЕВАНЫ ПАРЛАМЕНТКЕ ҰСЫНУДЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР?

Азаттық: Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы күзде праймериз өткізіп, өз қатарын жаңартуға мүдделі екенін білдірді. Сырттай бақылаушылар мұны сайлаушылардың көңілінен шығуға талпыныс деп бағалады. Сонда праймериз бен партияның өзге де белсенділігі сайлауалды науқанды сүреңсіз өтуден "құтқара" алмағаны ма?

Саясаттанушы Виктор Ковтуновский.
Саясаттанушы Виктор Ковтуновский.

Виктор Ковтуновский: Праймериз сайлауалды науқанды құтқармағаны былай тұрсын, оның сұрқай сипатын одан әрі ашып көрсетті деп ойлаймын. Әлдеқайда жарқын әрі тәуелсіз кандидаттар праймериз кезінде-ақ іріктеуден өтпей қалды. Яғни, бюрократиялық аппарат партия жұмысын қайта жандандыру кезінде ұйымға мүше болады деп күтілген жаңа тұлғаларды қатарға қоспай қойды. Партияда қандай да бір жаңару болады дегенге күмәнім бар.

Азаттық: "Нұр Отанның" сайлау тізімінде бұрынғы президенттің қызы Дариға Назарбаева да бар. Ол сегіз ай бұрын парламенттің жоғарғы палатасының спикері, 2014–2015 жылдары мәжілістің вице-спикері болған. Неге Назарбаева тағы да парламентке сайланғалы жатыр?

Виктор Ковтуновский: Сұрағыңызға жауап беру үшін былтыр көктемде болған оқиғаларды еске түсірейік. Президент [Қасым-Жомарт] Тоқаев төтенше жағдай жариялағаннан кейін сенат спикері Дариға Назарбаева Конституциялық кеңеске өтініш берді. Оның өтініші президенттің төтенше жарлығы мен үкімет қабылдаған қаулыларға байланысты болған сияқты. Кеңес спикердің өтінішін қарауға кірісті.

Бірақ Конституциялық кеңес шешім шығармай тұрып Тоқаев Назарбаеваны депутат қызметінен алып тастады. Менің ойымша, Нұрсұлтан Назарбаев пен оның орнына келген президенттің (2019 жылғы 19 наурызда Назарбаев лауазымынан бас тартып, ертесіне сенаттың бұрынғы спикері Тоқаев президент қызметіне кіріскен – ред.) арасында 2019 жылы наурызда жасалған келісімнің негізгі шартында Дариға Назарбаева сенат төрағасы қызметінде қалуы керек деп көрсетілген. Тоқаев 2020 жылы мамырда бұл шартты бұзды. Конституциялық кеңестің шешімі президент билігін, мысалы, оның жарлық шығару құқығын легитимді жолмен шектеу прецедентін қалыптастыруы мүмкін еді. Одан бөлек, басқару аппаратының алдында Тоқаевтың беделіне орны толмас нұқсан келер еді. Тоқаев мұның алдын алудың заңды жолын тапты. Бұл кезде Назарбаевтың өзі саяси қызметтен алыстағанын атап өткім келеді. Біраз уақыт өткеннен кейін бұрынғы президент коронавирус жұғып ауырғанын хабарлады.

[Назарбаеваның құзыретін тоқтату туралы] жарлық мәтіні шыққан жоқ. Осыған дейін президенттің осыған ұқсас басқа шешімдері ашық түрде жарияланатын. Назарбаеваның отставкасына қатысты өсек-аяң көп. Оның сенат спикері қызметінен неге босатылғанын білмейміз. Тоқаев бұл туралы ешқандай пікір берген жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев та, Дариға Назарбаева да үнсіз қалды.

Дариға Назарбаеваның орнына тағайындалған сенаттың жаңа спикері Мәулен Әшімбаевтың Конституциялық кеңеске берілген өтінішті қайтарып алғанына назар аударғым келеді. Бұл туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. Ал бұл істің Конституциялық кеңесте қаралуын өтініш берген адам, яғни сенат төрағасы ғана тоқтата алады.

Осы тұрғыдан алғанда Дариға Назарбаеваның "Нұр Отан" партиясының атынан ұсынылған кандидаттар тізімінде болуын оның саяси оңалтудан өтуі деп қабылдауға болады. Ол – Назарбаев үшін посттранзиттік кезеңде арқа сүйейтін ең маңызды саяси тұлға. Шынымен солай болса, жоғарғы палатадан сый-құрметсіз кетуінің өтемі ретінде ол енді төменгі палатаның төрағасы болуы мүмкін. Президент Тоқаев Дариға Назарбаеваны бұл қызметінен бір жарлықтың көмегімен босата алмайды.

Азаттық: Дариға Назарбаева әкесі үшін маңызды тұлға дедіңіз. Оның маңыздылығы неде?

Виктор Ковтуновский: Назарбаев үлкен қызының саяси карьерасын құруға аз күш жұмсаған жоқ. Дариға Назарбаева билік иерархиясы бойынша президенттің орнын басуға құқылы, мемлекет басшысынан кейінгі екінші қызметте болды. Ол мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өтіп, сенатта күш құрылымдарының жұмысын үйлестірумен де айналысты. Бұл оған халық алдына әскери киім киіп шығуға мүмкіндік берді.

Назарбаева сенаттың жұмысын бақылауда ұстады. Ол Назарбаев отбасының мүшесі болғандықтан, мемлекеттік қызметтегі басқа тұлғаларға қарағанда сенімді саналады. Дариға күтпеген жерден отставкаға кеткеннен кейін "кітапханада" (Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесі бірінші президент кітапханасында орналасқан – ред.) отырып, сенатқа манипуляция жасау қиындай түсті.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақтан екінші), қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада), экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева (сол жақтан екінші) "Нұр Отан" партиясының жиынында. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақтан екінші), қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада), экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева (сол жақтан екінші) "Нұр Отан" партиясының жиынында. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.

Қазір Дариға Назарбаеваны мемлекеттік биліктің жоғарғы институтына қайтару туралы сөз болып отырған сияқты. Мәжіліс төрағасы маңызды құзыретке ие. Қандай да бір заңның қабылдануы осы тұлғаға байланысты. Министрлер кабинетінің мүшелері, бірінші кезекте премьер-министр үнемі мәжіліс төрағасына жүгінеді. Бірақ үкімет ресми түрде екі жаққа бағынады. Министрлер кабинетінің басшысы мәжілісте бекітіледі, бірақ президентке есеп береді. Бұл жағдайды "қос билік" деп атауға болады.

Бұрын олай емес еді. Өйткені Назарбаев парламентте басымдыққа ие "Нұр Отан" партиясын басқаратын. Посттранзиттік саяси құрылым тұрақсыз болғалы тұр. Бұл жасанды құрылым Назарбаевтың дені сау әрі белсенді кезінде ғана жұмыс істейді. Президент билігі институты шектелмесе, жақын уақытта Тоқаев билеуші партияны басқарып, екінші президент қана емес, екінші "елбасыға" айналады.

"РЕФОРМАТОР" МА, ӘЛДЕ "КОСМЕТОЛОГ" ПА? РЕСЕЙ ФАКТОРЫ

Азаттық: Қасым-Жомарт Тоқаев президент қызметіне келген кезден бастап өзін бірнеше рет "реформатор" деп атады. Ол жақын күндері болатын сайлауға дейін реформа жүргізді деп ойлайсыз ба? Оның қадамдарын реформа деп атауға бола ма?

Виктор Ковтуновский: Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған, былтыр жүзеге асырылған реформалар пакетін "саяси опа-далап" деп атауға болады. Бұл өзгерістер авторитарлық президенттік режимнің негізіне мүлде әсер етпейді. Аталған реформалар халықаралық қауымдастықтың құрметіне ие болуға ғана бағытталған. Бұрын дипломат болған президент үшін әлемнің пікірі өте маңызды. Сондықтан Тоқаевты саяси реформатор деп атай алмаймын. Оны саяси косметолог деп атаған әлдеқайда дұрыс болар еді.

Азаттық: Кей адамдар сайлаудан кейін тоқырау болады десе, басқалар шынайы реформалардың ауылы алыс емес деп есептейді. Ал сіз сайлаудан кейінгі кезеңнен не күтесіз?

Виктор Ковтуновский: Реформа болары сөзсіз. Бұған Африка елдерінің көбінде еркін әрі бәсекеге толы сайлау өте бастағаны дәлел бола алады. Мәселе мұның қашан болатынында ғана. Көп нәрсе экономикалық жағдайға, қазіргі режим өз қызметін әлі қанша уақытқа дейін қаржылай қамтамасыз ете алатынына байланысты. Сыртқы фактордың да маңызы зор. Бұл тұста постсоветтік кеңістікте шынайы саяси реформаның болуына жол бермеу үшін қолынан келгеннің бәрін жасап отырған Ресейдегі саяси жағдайды атауға болады.

Азаттық: Ресей факторы туралы айтсақ. Ресей депутаттарының жерге байланысты талабын Қазақстандағы сайлауалды науқан кезінде айтуын кездейсоқ жағдай деп қарастыруға бола ма?

Виктор Ковтуновский: Кремльдің Ақордаға, "кітапханаға", немесе екеуіне де қандай да бір талабы бары түсінікті. Бұл жайлы долбар жасағым келмейді. Бірақ қазіргі режимді құрған адамның көп күш салғанына қарамастан, Қазақстандағы саяси жүйенің қаншалықты осал болып қалғанына назар аударғым келеді. Көрші елдегі үлкен бір құзыреті жоқ екі-үш саясаткер біздегі қоғамдық пікірге қозғау салып үлгерді. Қаласа, Қазақстандағы ұлтаралық келісімге нұқсан келтіре алар еді. Сондықтан ойланатын дүние жетерлік.

ОППОЗИЦИЯСЫЗ САЙЛАУ, БЕЛАРУСЬ ПЕН ҚЫРҒЫЗСТАН СЦЕНАРИІ

Азаттық: 10 қаңтарда өтетін сайлау бюллетенінде бірде-бір оппозициялық партия болмайды. Мұндай жағдай бірінші рет болып отырған сияқты, өйткені алдыңғы мәжіліс сайлауында өзін оппозицияға жатқызатын күштер болған. Қазіргі жағдайға қандай баға беруге болады деп ойлайсыз?

Виктор Ковтуновский: Шынайы оппозицияны сайлауға жібермеу, нақтырақ айтқанда оның саяси алаңда легитимді бола алмауы қазіргі режимнің тоқырауда қалғанын көрсетеді. Авторитарлық режим үшін мұндай жағдайды күн шығатын кезең деп те атауға болады.

Азаттық: Қазір оппозициялық деп танылған күштер әртүрлі топтарға бөлінген. Бір топ сайлауға бойкот жариялауға, екіншісі барлық кандидаттың атын сызып тастап, бюллетеньді бүлдіруге, үшіншісі көшеге наразылыққа шығуға үндеп жатыр. Олардың өзара күш біріктіруіне не кедергі?

Виктор Ковтуновский: Мәселе оппозицияның әртүрлі топқа бөлінуінде емес, оның аздығында. Олардың бәрі шағын топтарға біріккен және негізінен интернетте ғана белсенді. Шынайы, тіпті рұқсат етілген митингінің өзіне өте аз адам шығады. Сондықтан мәселе бірігуде емес.

Тәуелсіздік күні орталық алаңға наразылық акциясына шыққан "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсенділері. Алматы, 16 желтоқсан 2020 жыл.
Тәуелсіздік күні орталық алаңға наразылық акциясына шыққан "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсенділері. Алматы, 16 желтоқсан 2020 жыл.

"Оппозиция бірлігі" мәселесін үлкен публицистикалық аңыз деп есептеймін. Мұны Беларусьтің мысалы да растайды. Осыған дейін және сайлау кезінде беларусь оппозициясының басы бірікпеді. Бірақ азаматтардың төзімі таусылған сәтте жалпыхалықтық наразылық туды. Шын мәнінде жаппай қоғамдық наразылыққа шыққан адамдарға кімнің жанына жиналғаны маңызды емес. Олар бұрын саясатқа мүлде араласпаған [кандидат Светлана] Тихановскаяның айналасына бірікті. Бұрын оны ешкім танымайтын. Сондықтан тағы да қайталаймын, мәселе оппозиция ішіндегі ұйымдастыру мәселесінде емес, оның қоғамдық қолдауға ие болуында деп ойлаймын.

Азаттық: Қазақстанда сайлаудан кейін Беларусьте немесе Қырғызстанда болған сценарийдің қайталануы мүмкін бе?

Виктор Ковтуновский: Қазақстанда Беларусьтегі немесе Қырғызстандағы жағдай қайталанады деуге мүмкіндік беретін ешқандай алғышарт көріп тұрған жоқпын. Ашық дереккөздерде жағдайды талдауға көмектесетін сенімді әлеуметтік сауалнама нәтижелері жоқ. Сондықтан кесіп айту қиын. Бірақ бұл жаппай қоғамдық наразылық мүлде болмайды деген сөз емес. Бар болғаны, қандай да бір болжам жасап, объективті талдау жасау қиын дегенді ғана білдіреді.

10 ҚАҢТАРДАН НЕ КҮТУГЕ БОЛАДЫ?

Азаттық: Көп белсенді мәслихат сайлауын партиялық тізім бойынша өткізу мен жергілікті жердегі өзін-өзі ұсыну институтын жоюды азаматтардың сайлану құқығын шектеу деп бағалады. Билік "партиялық тізім бойынша сайлау – саяси жүйенің нығаюына әсер ететін әлемдегі үздік демократиялық тәжірибе" дейді. Бұл туралы не айтасыз?

Виктор Ковтуновский: Шын мәнінде пропорционалды, мажоритарлы және өзге де сайлау жүйелерінің арасындағы айырмашылық – саяси талғам мәселесі ғана. Мәселе саяси тәжірибеде. Мажоритарлы және пропорционалды жүйенің өз артықшылығы мен кемшілігі бар. Өзіме неміс немесе поляк моделі ұнайды. Онда нақты бір адамға дауыс беру мен саяси партияны таңдауға басымдық беру мүмкіндігі біріктірілген.

Бізде мұның ешқандай мәні жоқ. Өйткені бұрын бір мандатты округте тәуелсіз кандидат тіркеу мүмкін болмағандай, оппозиция да партия тіркей алмайды.

Азаттық: Батыс бақылаушылары Қазақстандағы бірде-бір сайлауды еркін әрі әділ өтті деп мойындамаған. 10 қаңтар күні қазақстандықтарды сайлау учаскелерінде не күтіп тұр?

Виктор Ковтуновский: Мен 10 қаңтарда әлдебір ерекше оқиға болады деп күтпеймін. Кейінгі жылы әлеуметтік желідегі қоғамдық белсенділік артып келеді, бірақ ол шынайы саяси акцияларға ұласты ма? Нақты айту қиын.

Азаттық: Бақылаушылар әртүрлі кедергілерге тап болып отырғанын хабарлады. Олар салық органдарының тексеру жүргізгені, сайлауға қатысатын ұйымдар қатарын қысқарту әрекеті және сайлау учаскелерінде фото мен видеоға түсіруге шектеу қою туралы айтып отыр. Осының бәрін бақылаушылар жұмысына жасалған кедергі деп атауға бола ма? Бұл кімге және не үшін керек?

Виктор Ковтуновский: Бақылаушыларға қарсы ұйымдастырылған қысым мен қуғын-сүргін сайлаудың тағы да әділ өтпейтінін дәлелдейді. Бұл да – "реформатор" Тоқаевтың саяси портретіндегі бір ерекшелік. Ол президент ретінде бұл сайлаудың осыған дейінгі болған басқа сайлаулардан ерекшеленуі үшін түк істеген жоқ.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG