Accessibility links

"Бюллетень бүлдіру, бойкот, "ақылмен дауыс беру". Оппозицияның сайлау тактикасы қандай?


Наразылық митингісінде 2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін парламент сайлауына бойкот жариялауға үндейтін жазуы бар плакат ұстап тұрған адам. Алматы, 14 қараша 2020 жыл.

Қазақстан билігін сынап жүрген күштер 10 қаңтарға белгіленген парламент сайлауы қарсаңында түрлі ұсыныс, мәлімдеме жасап жатыр. Кейбірі оппозиция қатыспайтын сайлауға бойкот жариялап, халықты көшеге шығарғысы келеді, енді бірі бұрынғы президент басқаратын биліктегі "Нұр Отан" партиясынан басқа кез келген партияға дауыс берген жөн деп санайды.

"БІРДЕ-БІР ОППОЗИЦИЯЛЫҚ ПАРТИЯНЫҢ ЖОҚТЫҒЫ – ТОҚАЕВ "РЕФОРМАСЫНЫҢ" НӘТИЖЕСІ"

"Ақылмен дауыс беру" тактикасы белсенділер арасында парламент сайлауы жарияланбай тұрып-ақ сөз бола бастаған. Өйткені әділет министрлігінде тіркеуде тұрған, сайлауға заңды түрде қатысуға мүмкіндігі бар небәрі алты партия бар екені, оның тек біреуі – Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) ғана өзін көп жылдан бері оппозициялық партия деп атап келгені белгілі болатын.

Жұртты "ақылмен дауыс беруге" үндегендер "ЖСДП шынымен оппозиция ма?" дегенге аса мән берудің қажеті жоқ, өйткені билікті сынаймыз дейтін жалғыз партия болғандықтан, дауысты соған беру керек" деген тоқтамға келген еді.

Билікке наразы белсенділердің "ақылмен дауыс беру" тактикасын шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов та қостады. Бұдан соң, көп ұзамай ЖСДП сайлауға бойкот жариялайтынын мәлімдеді.

"Мұны Әблязовтың жақтастарынан қауіптенген билік айтқызып отыр" деген де болжамдар болды, дегенмен партия басшылығы бұл шешімді "бұрынғы әдісі өзгермеген сайлауда биліктің құралы болғымыз келмейді" деп түсіндірді.

ЖСДП Әблязовті, Әблязов ЖСДП-ны айыптады. 27 қараша 2020 ж.

ЖСДП Әблязовті, Әблязов ЖСДП-ны айыптады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:00 0:00

ЖСДП төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай сайлауға қатыспағанымен, "белсенді күрестен бас тартпайтындарын, халықаралық ұйымдарға жүгініп, сотқа арыз беріп, митинг өткізетіндерін" айтты.

ЖСДП бойкот жариялаған соң Мұхтар Әблязов жақтастарын "парламенттегі оппозициямыз" деп жүрген "Ақ жол" партиясына кіріп, сайлауда осы партияға дауыс беруге үндеді. Артынша "Ақ жол" басшылары сайлау өткенше партия қатарына ешкім қабылданбайтынын жариялады.

"Демократиялық партия" құру жөнінде бастама көтеріп жүрген азаматтық белсенді, журналист Жанболат Мамайдың пікірінше, бұл биліктің былтыр, 2019 жылы кезектен тыс өткен президент сайлауынан сабақ алғанын байқатады.

Жанболат Мамай наразылық митингісінде сөйлеп тұр. Алматы, 14 қараша 2020 жыл.
Жанболат Мамай наразылық митингісінде сөйлеп тұр. Алматы, 14 қараша 2020 жыл.

– Президент сайлауында билікке наразы көңіл-күйдегі электорат Әміржан Қосановқа ("Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан президент сайлауына түскен кандидат – ред.) дауыс берді. Билік Қосановтың сайлау кезіндегі әрекетін өзі ұйымдастырса да, жаппай қарсылықтан шошыды. Сондықтан сайлауға қатысуға мүмкіндігі бар ЖСДП-ның өзін сайлаудан алып тастады. Өйткені бүгінгі саяси жүйені өзгертеміз деген кез келген ұйым ойламаған жерден көп дауыс алып кетуі мүмкін еді, – дейді Мамай.

Жанболат Мамайдың пікірінше, "алдағы сайлауға қатысатын бірде-бір оппозициялық партияның жоқтығы – Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент болысымен Ұлттық сенім кеңесін құрып, саяси реформалар жасау жөнінде берген уәдесінің "нәтижесі".

"САЙҚЫМАЗАҚҚА ҚАТЫСУДЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ"

"Ақылмен дауыс беру" тактикасын талқылап жүрген белсенділердің бірі, құқық қорғаушы әрі журналист Сергей Дуванов "ЖСДП бойкотынан кейін жағдай күрт өзгерді, билік "ақылмен дауыс беру" тактикасынан енді мүлде қауіптенбейді, қайта "Нұр Отанның" спарринг-серіктестеріне көбірек дауыс берілсе, Тоқаев халықаралық қауымдастық алдында ұпай жинайды" деп санайды.

Құқық қорғаушы, журналист Сергей Дуванов.
Құқық қорғаушы, журналист Сергей Дуванов.

– Тіпті басқа партиялар дауыстың 50 пайызын алып кетсе де билікке еш қауіп жоқ, өйткені олардың серіктес кандидаттарының бәрі – биліктің іріктеуінен өткен және Назарбаев режиміне аянбай қызмет етуге дайын адамдар. Билікке наразылар 11 қаңтарда "сайлау бұрмаланды, дауысымыз ұрланды" деп митингіге шығар болса, бірінші кезекте сол өздері дауыс берген партиялардың басшылары керісінше сөйлеп, тіпті митингіні күштеп таратуға шақырады. "Нұр Отаннан" түк айырмасы жоқ партияларға дауыс берудің қандай мәні бар? – дейді ол.

Дувановтың пікірінше, қазіргі жағдайда "бюллетенде тізімде тұрған партиялардың бәрін сызып тастау ғана" ақылмен жасалған әрекет болуы мүмкін.

Жанболат Мамай бастап, "Демократиялық партия" құрамыз деп жүрген белсенділер бұл жолғы саяси науқанға толық бойкот жариялап, сайлау күні қарсылық митингісіне шығуды жөн көреді. Олардың айтуынша, қазіргі жағдайда әділ сайлау өткізуге ешқандай мүмкіндік жоқ, сондықтан оған қатысып, доданы "заңдастырудың" қажеті шамалы.

"Халық билігі" қоғамдық ұйымының мүшесі Рысбек Сәрсенбай.
"Халық билігі" қоғамдық ұйымының мүшесі Рысбек Сәрсенбай.

"Халық билігі" қоғамдық ұйымының осы ұстанымды қолдайтын мүшесі Рысбек Сәрсенбай билікшіл партияға кіргісі келмейтін миллиондаған адамды сайлау және сайлану құқығынан айырған сайлау өткізуді тоқтату керек деп санайды.

– Бүгінгі саяси жүйеге наразылар заң жүзінде билікке ықпал ету тетіктерінен айырылды. Билік өзі қаламайтын ұйым құрылмас үшін түрлі тәсіл ойлап тауып отыр. "Сайлау туралы", "Саяси партиялар туралы" және "Бейбіт жиындар туралы" заңдар қайта қабылданған соң ғана парламент сайлауын өткізуге болады. Оған дейін қазіргі парламентті таратып, Тоқаев өзі заң шығару құқығын алса болады. Әйтпесе қазіргідей сайқымазақтың керегі жоқ, – дейді ол.

"БИЛІК БОЙКОТТАН ЕМЕС, КӨШЕГЕ ШЫҒАТЫН ХАЛЫҚТАН СЕСКЕНЕДІ"

10 қаңтардағы сайлауда бюллетендегі партияларды түгел сызып тастаудан еш пайда жоқ дейтіндер де бар. Олардың айтуынша, Қазақстандағы "Сайлау туралы" заңның "Сайлау учаскесіндегі дауыстарды санау" дейтін 43-бабы бойынша, "бір саяси партиядан артық дауыс белгіленген бюллетень жарамсыз болып есептеледі", яғни жарамсыз бюллетень сайлау қорытындысына әсер етпейді.

Дауыс беру аяқталған соң сайлау учаскесіндегі дауыс санау алдында. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Дауыс беру аяқталған соң сайлау учаскесіндегі дауыс санау алдында. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Сайлауға толық бойкот жариялағандармен де келіспейтіндер көп. Солардың бірі – құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина. Ол "қалай болғанда да сайлау күні үйде отырмай, "Нұр Отаннан" басқа партияларға дауыс беру керек" деп санайды.

"Ел мен жер" қозғалысының мүшесі, режиссер Еркін Рақышевтың да ұстанымы осыған жақын. Оның айтуынша, наразылық білдірместен бұрын әуелі "ақылмен дауыс беру" тәсілін пайдалану қажет.

– Әуелі дауыс беріп, дауыс бұрмаланғанына көз жеткен соң наразылыққа шығу керек. Әрине, біз дауыс берген партия өзі алған дауыстан өзі қашуы мүмкін екенін білеміз, бірақ бізге дауыстың бұрмаланғанын көрсететін құжат керек. Билік бойкоттан емес, ұрланған дауысын талап етіп көшеге шығатын халықтан сескенеді, – дейді ол.

"ЗАҢДЫ ЖОЛМЕН КҮРЕСУГЕ МҮМКІНДІК БЕРІЛМЕСЕ, ХАЛЫҚ КҮРЕСТІҢ БАСҚА ЖОЛЫН ТАҢДАЙДЫ"

Бұрынғы дипломат, саясаттанушы Қазбек Бейсебаевтың сөзінше, кез келген билікке оппозиция болуы тиіс. Ол осы жолғы парламент сайлауына оппозициялық партиялардың түспеуін мемлекеттің кемшілігіне жатқызады.

Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев.
Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев.

– Заңды жолмен күресуге мүмкіндік берілмесе, халық күрестің басқа жолын таңдауы мүмкін, – дейді Бейсебаев.

Әлеуметтік желіде саяси тақырыпты жиі қозғайтын заңгер Руслан Түсіпбеков билік көппартиялы жүйе қалыптасты деп мәлімдегенімен, халық шын мәнінде бір партияның билігін көріп отыр деп санайды.

– Мысалы, Қырғызстанда 200-ден аса партия бар. Соның оннан астамы биыл күзде өткен парламент сайлауына қатысты. Бірақ "Жээнбеков (Сооронбай Жээнбеков сайлаудың ресми қорытындысына жаппай наразылықтан соң президенттіктен кетуге мәжбүр болған – ред.) билігі оппозициялық партиялардың дауысын ұрлады" деп наразылық білдірген халық сонда да көшеге шығып, билікті бір күнде төңкеріп тастады, – дейді Түсіпбеков. Оның пікірінше, Қазақстанда ондай таңдау еркіндігі де қалмады, "бұл халықты шаршатып, жалықтырады".

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатқан кезде билікке наразылық білдіріп, көшеге шыққан азаматтарды полиция күштеп әкетіп жатыр. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 жыл.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатқан кезде билікке наразылық білдіріп, көшеге шыққан азаматтарды полиция күштеп әкетіп жатыр. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 жыл.

2019 жылғы 9 маусымдағы кезектен тыс президент сайлауы күні мен оған дейін басталған наразылық акциялары кезінде Қазақстанда төрт мыңға жуық адам әкімшілік жазаға тартылған. Осы сайлаудың ресми қорытындысы бойынша Қазақстан президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев инаугурация кезінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрып, саяси реформалар бастайтынын мәлімдеген еді.

Кейін жаңадан құрылған Ұлттық кеңестің бастамасымен "Сайлау туралы", "Саяси партиялар туралы" заңдарға толықтырулар енгізіліп, "Бейбіт жиындар туралы" жаңа заң қабылданды. Ұлттық кеңес мүшелері мұны үлкен саяси өзгеріс деп бағалаған. Бірақ құқық қорғаушылар мен қоғам белсенділері оны "көз алдау, уақыт ұту үшін жасалған косметикалық өзгерістер" деп атаған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары бұл заңдарды демократиялық принциптерге сай емес деп сынаған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG