Accessibility links

Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

100-дей адам ұсталды, ондаған белсенді полиция құрсауында қалды. Cайлау күні қалай өтті?

10 қаңтарда Қазақстан азаматтары парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс берді. Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан сайлауға билікті қолдайтын бес саяси партия түсті. Билікті сынап жүрген кейбір белсенділер бұл күні наразылық акциясына шықты. Алматыдағы Республика және Астана алаңдарына жиналғандарды полиция қоршап, кейбірін күштеп көлікке салып, алып кетті. Полицияның арнаулы жасағы Республика алаңында түс мезгілінде қоршауға алған ондаған белсендіні алты сағаттан артық жібермей ұстап тұр. Сайлау қарсаңында елде ондаған белсендіні ұстап, қамап, айыппұл салған. Тәуелсіз бақылаушылар билік бұл жолы қысым-кедергіні күшейткенін айтады.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы наурызда президенттік қызметтен кеткелі бері елде алғаш рет парламент сайлауы өтті. Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы әрі елдің саяси алаңында үстемдікке ие "Нұр Отан" партиясының басшысы ретінде билікке әлі ықпал етіп отыр. Қазір өкілеті аяқталуға таяған парламентте "Нұр Отан" партиясымен бірге әрқайсысы жеті мандатқа ие билікшіл тағы екі партия – "Ақ жол" мен Қазақстан халық партиясы (бұрынғы Қазақстан коммунистік халық партиясы) бар. Бұл сайлауға олармен бірге "Ауыл" және "Адал" (бұрынғы "Бірлік") қатысып жатыр. Ресми тіркелген тағы бір саяси партия – Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайлауға бойкот жариялаған.

16:11 11.1.2021

Сайлаудың алдын ала нәтижесі: Мәжіліске үш партия өтті

10 қаңтарда өткен сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша, парламентке үш саяси партия: "Нұр Отан", "Ақ жол" және "Қазақстанның халық партиясы" (бұрынғы Қазақстанның коммунистік халық партиясы) өтті. Бұл туралы 11 қаңтарда Орталық сайлау комиссиясы хабарлады.

Сайлаудың алдын ала нәтижесі бойынша:

  • "Нұр Отан" - 71,09 пайыз;
  • "Ақ жол" - 10,95 пайыз;
  • Қазақстанның халық партиясы - 9,1 пайыз;
  • "Ауыл" - 5,29 пайыз;
  • ADAL - 3,57 пайыз дауыс алған.
Парламент және мәслихат сайлауына дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Парламент және мәслихат сайлауына дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

Қазақстанда заң бойынша, парламентке жеті пайыз дауыс алған партиялар өтеді. ОСК сайлаудың түпкілікті нәтижесі хаттамалардың түпнұсқасы келгеннен кейін жарияланады деп мәлімдеді.

10 қаңтарда Қазақстанда парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс пен жергілікті өкілді орган – мәслихаттар сайлауы өтті. Сайлауға оппозициялық күштер қатыстырылмады, оған тек елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы мен билікшіл төрт партия қатысты.

Сайлау күні белсенділер мен тәуелсіз бақылаушылар көптеген заңсыздық тіркелгенін хабарлады. Тәуелсіз бақылаушылар түрлі себеппен сайлау учаскесіне жіберілмеді, кейбір учаскелерде бақылау камералары жабылды.

Бірнеше қалада "әділетсіз" сайлауға қарсылық білдірмек болған саяси күштер жақтастары ұсталды. Алматыда кейбір белсенділерді арнайы жасақ қоршап, 6-10 сағат аралығында аязда ұстап тұрды. Кейбір белсенділер ауруханаға түсті. Батыс ұйымдары полицияның әрекетін айыптады.

Билік сайлауда өрескел заңбұзушылық болмағанын мәлімдеді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) елдегі саяси науқанда "шынайы бәсеке болмады және үгіт-насихат бәсекеге сай өтпеді, сайлау демократиялық талаптарға сай болмады" деп бағалады.

Қазақстандағы сайлаулардың ешқайсысын халықаралық ұйымдар "демократия талаптарына сай өтпеді" деп мойындамаған. Бұл – Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев қызметінен кеткелі Қазақстанда өткен алғашқы мәжіліс сайлауы.

16:10 11.1.2021

ЕҚЫҰ бақылау миссиясы: Қазақстандағы сайлауда шынайы бәсеке болмады

Қазақстанда 10 қаңтарда парламент мәжілісі мен мәслихаттар сайлауына дауыс беруді бақылаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ДИАҚБ) миссиясы 11 қаңтарда Нұр-Сұлтанда өткен брифингте сайлау күні бейбіт түрде ойын айтпақ болған адамдарды күштеп ұстауды сынап, елде заңдар өзгерсе де, құқықтық базасы әлі ЕҚЫҰ талаптарына сай келмейді деп бағалады.

Полицейлер Республика алаңынан қарт адамды күштеп әкетіп барады. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Полицейлер Республика алаңынан қарт адамды күштеп әкетіп барады. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

Бақылаушылар Нұр-Сұлтан "еркін дауыс беру, сайлауға түсу, сайлаушыларды тіркеу, сайлау нәтижесін жариялау бойынша көптеген ұсынысты жүзеге асыру үшін әлі жұмыс істеуі" тиіс деп санайды.

"Біз елдегі сайлау кезіндегі саяси ахуалға алаңдаймыз. ЕҚЫҰ плюларизмді, еркін әрі белсенді азаматтық қоғамның дамуын қалайды. Біз президент ұсынған "еститін үкімет" концепциясы әр адамның дауысы естілуіне мүмкіндік береді деп сенеміз" деді ЕҚЫҰ жіберетін қысқа мерзімді бақылаушылар тобының жетекшісі Кристиан Вигенин Нұр-Сұлтанда өткен брифингте.

Саяси науқанды бақылаған халықаралық ұйым сайлау күні "жалпы тыныш болғанын" бірақ жергілікті бақылаушыларға кедергі келтіліргенін, сайлау комиссияларының құрамы алаңдаушылық тудырғанын сынады.

ЕҚЫҰ сайлауды бақылау миссиясы елде бейбіт жиындарға өте үлкен кедергі болатынына, саяси альтернатива жоқтығына, 2013 жылдан бері жаңа партия тіркелмегеніне алаңдаушылық білдірді.

"Саяси алаңда билік партиясы үстемдік құрып отыр, партиялар мен үкімет арасындағы айырмашылық бұлыңғыр. Себебі сайлауға қатысқан барлық партия билік партиясының саясатын қолдайды. Үгіт-насихатта бәсеке болмады, сайлаушыларда шынайы таңдау мүмкіндігі болған жоқ" деп санайды ұйым.

"Негізгі еркіндік құқықтарының бұрыннан сақталмай келе жатқанына алаңдаймыз, бұл елдегі саяси кеңістікті тарылтады. Сайлаушыларды шынайы саяси таңдау болғанда, азаматтардың дауысы естіліп, бағаланғанда ғана шынайы демократиялық сайлау болады" деді ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы миссиясының (ДИАҚБ) жетекшісі Ярослав Марчин Доманьски.

ЕҚЫҰ бастаған халықаралық ұйымдар Қазақстанда бұған дейін өткен сайлаулардың барлығына "демократиялық талаптарға сай емес" деп баға берген.

  • 10 қаңтарда Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы өтті. Бұл - Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келгелі бері алғаш рет өтіп отырған парламент сайлауы. Дегенмен сарапшылар оның Назарбаев кезеңіндегі сайлаулардан айырмашылығы аз екенін айтқан.
  • Елді отыз жылға жуық басқарып, 2019 жылы наурызда отставкаға кеткен Нұрсұлтан Назарбаев орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты қойған. Бірақ президент ауысқанына қарамастан, көпшілік Назарбаев елді бұрынғыдай әлі де басқарып отыр деп санайды. Ол қазір өкілеті күшейген Қауіпсіздік кеңесіне жетекшілік етеді, саяси алаңда басымдыққа ие "Нұр Отан" партиясын басқарады. Экзит-полл қорытындысы бойынша, "Нұр Отан" партиясы 71 пайыздан астам дауыс алған. Сайлаудың алдын ала нәтижесі әлі жарияланбады. Экзит-полл қорытындысы бойынша, парламентке тағы екі билікшіл - "Ақ жол" және "Қазақстан халықтық партиясы" өтеді. Сайлауға бірде-бір оппозициялық партия қатыспады. Көптеген белсенділер саясаттанушылар 10 қаңтар күнгі сайлаудың әділетсіз өткенін айтқан.
  • ЕҚЫҰ бастаған халықаралық ұйымдар Қазақстанда өткен сайлаулардың ешқайсысын "демократиялық талаптарға сай" деп мойындамаған.
16:07 11.1.2021

Батыс ұйымдары полицияның белсенділерді қоршауын "репрессивті әдіс" деп атады

Полиция сайлау күні бейбіт наразылық акциясына шыққан белсенділерді қоршауда ұстап тұр. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Полиция сайлау күні бейбіт наразылық акциясына шыққан белсенділерді қоршауда ұстап тұр. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.


Батыс құқық қорғаушылары 10 қаңтарда Алматыда арнайы жасақтың сайлауға наразылық білдірген белсенділерді алаңда бірнеше сағат ұстауын айыптап, оларды жылжытпау үшін қолданған әдіс - кеттлингті "бейбіт демонстранттарға бағытталған репрессивті тактика" деп атады.

Норвегиялық Хельсинкі комитетінің кеңесшісі Ивар Дале президент Қасым-Жомарт Тоқаевты "адам құқығын таптауды тоқтатуға шақырды". Дале полиция қоршауында қалған адамдардың видеожазбасын ретвиттеп, "Қазақстан сайлаудың әділ әрі ашық өтуін талап еткен адамдарға репрессивті стратегия қолданып жатыр. Егер полиция бұрын бейбіт демонстранттарды жаппай ұстаса, қазір оларды далада тар жерге тықсырып, сағаттап ұстап жатыр" деп жазды.

Human Rights Watch халықаралық ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Риттман да Twitter-де полицияның "бейбіт демонстранттардың шағын тобына репрессивті тактика" қолданып жатқанын айтты.

10 қаңтарда Алматыда Жанболат Мамай бастаған демократиялық партия құрғысы келетін бастама топ өкілдері мен Oyan, Qazaqstan қозғалысы сайлауға наразылық білдіру үшін орталық алаңға келген кезде арнайы жасақ құрсауында қалған. СОБР жасақтары Oyan, Qazaqstan белсенділерін - 6 сағаттан астам, Мамай жақтастарын шамамен 9 сағат аязда ас-сусыз ұстады. Белсенділердің туыстары оларды "тіпті дәретханаға да жібермей жатқанын" айтты. Жексенбі күні алаңда интернет өшті.

Amnesty International ұйымының Орталық Азия бойынша кеңесшісі құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль белсенділерді жібермей ұстап тұрған арнайы жасақ заңды бұзып отыр деп мәлімдеді. Белсенділер кейінірек түнде босатылған. Кейбірі ауруханаға түскен.

16:02 11.1.2021

Қазақстан халқы ассамблеясы мәжіліске 9 депутат сайлады

11 қаңтарда Қазақстан халқы ассамблеясы 28-сессиясында ұйым атынан мәжіліске 9 адамды сайлады. Парламенттің төменгі палатасындағы 107 депутаттың 98-ін ел азаматтары партиялық тізім бойынша төте дауыс беру жолымен, қалған тоғызын Қазақстан халқы ассамблеясы (ҚХА) сайлайды.

Қазақстан халқы ассамблея мүшелері мәжіліске ұсынылған кандидаттарға дауыс беріп жатыр. Нұр-Сұлтан, 11 қаңтар 2021 жыл.
Қазақстан халқы ассамблея мүшелері мәжіліске ұсынылған кандидаттарға дауыс беріп жатыр. Нұр-Сұлтан, 11 қаңтар 2021 жыл.


ҚХА атынан мәжіліске Сауытбек Әбдірахманов (6-шақырылымдағы мәжіліс депутаты), Аветик Амирханян, Ильяс Буларов, Наталья Дементьева, Юрий Ли, Вакиль Набиев, Шамиль Осин, Владимир Тохтасунов, Абилфас Хамедов сайланды.

Елдегі этномәдени орталықтардың басын біріктіретін консультативтік органға 2019 жылы отставкаға кеткеніне қарамастан саяси ықпалын жүргізіп отырған бұрынғы президент, "Нұр Отан" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік етеді. 11 қаңтардағы дауыс беруге елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты.

Мәжілістің 98 депутатына дауыс беру 10 қаңтарда өткен. Экзитпол нәтижесі бойынша, сайлауға қатысқан бес партияның үшеуі 7 пайыздан астам дауыс алып, мәжіліске өткен. Бұлар: елдің саяси алаңында басымдыққа ие, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы және билікшіл "Ақ жол" партиясы мен "Қазақстан халық партиясы".

Жексенбі күні өткен мәжіліс және мәслихат сайлауында белсенділер мен тәуелсіз бақылаушылар заң бұзу фактілері көп тіркелгенін хабарлады. Тәуелсіз бақылаушылар түрлі себеппен сайлау учаскесіне жіберілмеді, кейбір учаскелерде бақылау камералары жабылды.

Бірнеше қалада "әділетсіз" сайлауға қарсылық білдірмек болған саяси күштер жақтастары ұсталды. Алматыда кейбір белсенділерді арнайы жасақ қоршап, 6 сағаттан 10 сағатқа дейін көшеде аязда ұстап тұрды. Кейбір белсенділер ауруханаға түсті.

Билік сайлауда өрескел заң бұзу болған жоқ деп мәлімдеді. Халықаралық демократиялық ұйымдар Қазақстанда осыған дейін өткен сайлаулардың барлығын халықаралық стандартқа сай емес деп атаған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG